– «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының мақсаты – дүние жүзіндегі беделді оқу орындарында қолданылатын әлемдік авторлардың оқулықтарын қазақ тіліне аударып басып, еліміздегі оқу орындарына жеткізу. Атауы айтып тұрғандай, бұл жоба негізінен гуманитарлық салада білім беру бағытына арналды. 2017 жылдан бері бас-аяғы 100 оқулық аударылды. Оның әрқайсысы 10 мың данамен басылып, Қазақстандағы барлық жоғары оқу орындарына, соның ішінде жекеменшік жоғары оқу орындарының кітапханаларына жеткізілді. Бұл оқулықтардың мәтіні электронды нұсқада «Қазақстанның ашық университеті» деп аталатын www.openU.kz және 100kitap.kz сайттарында орналастырылды. Оны оқимын, осы оқулықтардың негізінде жұмысты ұйымдастырамын деген оқытушыларға барлық жағдай жасалды, – дейді «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының директоры Рауан Кенжеханұлы.
Сонымен қатар осы оқулықтардың негізінде қазіргі заман талабына сай қашықтан оқытуға арналған онлайн курстар дайындалды. Әр оқулықтың негізінде жалпы саны 200 курс, 5 мыңнан аса бейнедәріс әзірленді. Бұл шешім студенттер қашықтан оқуға мәжбүр болған пандемия кезінде маңыздылығын көрсетіп, таптырмас көмекші құрал болды. Былтырғы оқу жылында «Қазақстанның ашық университетіндегі» осы курстарды студенттер 2 млн рет ашып қарап, қолданған екен. Бүгінде аталған платформаға 100 мыңнан астам қолданушы тіркелген.
– Аударылған оқулықтардың бағыты мен атауына тоқталғым келеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы алғаш қолға алынған кезде қамтылатын бағыттар айқындалған болатын. Соның ішінде философия, әлеуметтану, тарих, мәдениеттану, тіл білімі, журналистика, экономика бағыттары бар. Осы бағыттардың барлығы қамтылды. Сонымен қатар оқулық іріктеген кезде біз Қазақстандағы жоғары оқу орындарының талап-тілектерін ескеруге тырыстық. Өз кезегінде, еліміздегі жоғары оқу орындары өздеріне қажет деген оқулықтарға ұсыныс берді. Осылайша, жалпы саны 800-ден аса оқулыққа ұсыныс келіп түсті, – деді Р.Кенжеханұлы
Президент жанындағы қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның жұмыс тобы осы оқулықтарды сараптап, аударылуға тиіс оқулықтардың критерийін шығарды. Оқулықтар сол талаптардың негізінде іріктелді. Әрине, 100 оқулықты 1 жылда аудару мүмкін емес. Сондықтан аударма жұмыстары кезең-кезеңге бөлінді. Алғашқы жылы 17 оқулық, кейін 30 оқулық, бұдан соң тағы 30 оқулық, сосын қалған 23 оқулық аударылып, жоба мәресіне жетті.
– Әуелі біз дүние жүзіндегі аударма ұйымдарының жұмыс тәсілін, технологиясын зерттеп көруге тырыстық. Содан кейін университеттердің жанындағы оқулық шығарумен айналысатын алдыңғы қатарлы баспа үйлерімен, халықаралық ірі баспа ұйымдарымен байланыс орнаттық. Бұдан соң осы жобамен айналысатын мамандар мәселесіне көштік. Қоғамдық ұйым ретіндегі мақсатымыз осы жобаға араласуға тиіс мамандардың басын қосу, ортақ платформа ретінде қызмет ету болды. Бұл ретте, біз отандық жоғары оқу орындарының ұстаздар қауымына, басшылығына, ғылыми орталықтарға ұсыныс жасадық. Сонымен қатар жекелеген мамандармен ақылдасып, жобаның редакциялық алқасын құрдық. Бұған қоса, әрбір оқулыққа жауапты ғылыми, әдеби редакторлар таңдалды. Жобаға бас-аяғы 300-ден аса маман атсалысты. Олардың қатарында елге белгілі ғалымдар, танымал қаламгерлер, қазақ тілінің мамандары, баспагерлер болды, – дейді Р.Кенжеханұлы.
«Ұлттық аударма бюросы» ең алдымен Батыс пен Шығыстың интеллектуалдық тарихын бірдей қамтуға тырысты. Мәселен, атақты Бертран Расселдің «Батыс философиясының тарихы», Энтони Кеннидің философия тарихына арналған 4 томдық жинағы, Сократтан Деридаға дейінгі философияның қысқаша тарихы, Ислам философиясы мен классикалық араб ойшылдарының антологиялары, Жапон, Үнді және Қытай философиясы толық қамтылды.
– Әлеуметтану және психология топтамасында Ритцердің «Әлеуметтану теориясы», Майерстің «Әлеуметтік психология» оқулығы, Элиот Аронсонның (The Social Animal) «Көпке ұмтылған жалғыз» атты еңбегі, Шульцтың «Қазіргі психология тарихы» аударылды. «Халық саны және қоғам: демографияға кіріспе», «Интернет психологиясы» оқулықтары бұрын бізде болмаған жаңа пәндерге негіз қалады. Тіл білімі және әдебиеттану саласында аударылған оқулықтар қатарында Стивен Пинкердің (The Language Instinct) «Тіл – инстинкт», Виктория Фромкиннің «Тіл біліміне кіріспесін» және Майкл Райанның 5 томдық «Әдебиет теориясы» атты жинағын айрықша атап өткім келеді, – дейді Р.Кенжеханұлы.
Экономика, менеджмент және кәсіпкерлік топтамасында микро және макроэкономика бағытындағы бірқатар оқулық қазақ тілінде алғаш рет жарық көрді. Сол арқылы қазақстандық экономикалық және бизнес-мектептер тұңғыш қазақ тіліндегі MBA секілді іскерлік басқару, бизнеске қажетті мамандықтарды оқыта бастады.
– Тарих, антропология және дінтану бағытында МакГроХил баспасы дайындаған адамзат тарихын толық қамтыған, екі томдық «Панорама: дүниежүзі тарихы», «Тарихи білім пәні мен зерттеу әдістері», «Антропология тарихы мен теориясы», Энтони Смиттің «Ұлттың этностық тамыры» атты зерттеуі, сондай-ақ Керон Армстронгтің әлемге әйгілі (History of God) еңбегі қазақша «Құдайтану баяны» деген атпен алғаш рет шықты. Еліміздегі шығармашылық және өнер бағытындағы оқу орындары арнайы өтініш айтып, ұсыныстарын жолдаған болатын. Соның негізінде жобаға осы бағыттағы бірқатар оқулық қосылды, – дейді Р.Кенжеханұлы.
Мұндай оқулықтардың қатарында әлемдік бестселлер саналатын Эрнст Гомбрихтың (The Story of Art) «Өнер тарихы», Кембридж баспасының «Өнер философиясы» мен 2 томдық «Әлемдік музыка тарихы» аударылды. Соның нәтижесінде көптеген әлемдік өнер және музыка жауһарлары алғаш рет қазақша атау алып, сипатталып, талданды. Сонымен бірге театртану, кино теориясы мен тарихы, сценарий жазу, режиссура негіздері, этика теориясы мен қазіргі мәселелері, Боревтың «Эстетикасы» және Юрий Лотманның «Семиосферасы» аударылып, ана тіліміздегі өнер және әсемдік туралы танымның көкжиегін айтарлықтай кеңейтті.