Солардың бірі – партияішілік праймериздердің жеңімпазы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Динара Егамбердиева. Белсенді азаматтық ұстанымына сүйене отырып, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ноттингем университетінің түлегі қысқа уақыт ішінде көптеген игі іс атқарды.
Ол өз есебінен Сайрам аудандық ауруханасына өкпені жасанды тыныстандыру аппараты мен 10 оттегі баллонын сатып әперді, 20 мың медициналық маска таратты. Сондай-ақ «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында 112 мұқтаж отбасыны ең қажетті тауарлармен қамтамасыз етті.
Партияның тағы бір өкілі –
Қостанай облыстық мәслихатының депутаты Динара Шүкіжанова. Ол еңбек жолын Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігіндегі Nur Otan партиясының аудандық филиалында бастап, содан кейін «АгромашХолдинг KZ» АҚ-ға ауысқан.
Оның бастамасы бойынша холдинг тарапынан ерекше қажеттілігі бар балаларды бейімдейтін лагерьге ақша аударылды. Ол инженер мамандарды оқыту үшін корпоративтік университет ашуға бастамашы болды. Сонымен қатар кәсіби қызметінен бөлек, Қостанай қаласындағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына көмектесіп, қайырымдылықпен айналысады.
Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты Салтанат Дженалаева да партиялас әріптестерінен қалыспады. Карантин кезінде ол елордадағы 500-ден астам көпбалалы және аз қамтылған отбасыны азық-түлік, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етті. Сондай-ақ Жаңаөзен қаласындағы гемодиализ орталығын заманауи жабдықтармен жарақтандыруға көмек көрсетті.
Ақтөбе қалалық мәслихатындағы Nur Otan партиясының депутаты Ардақ Өтегенов «Қарғалы» тұрғын алабы мен Сарбаз ауылын «Гауһар» бау-бақша ұжымымен жалғайтын 80 метрлік аспалы көпір салды. Ол аудандарды аралай жүріп, тұрғындар өзеннің арғы бетіне өту үшін қандай қиындық шегіп жүргенін көрген. Бұл мәселені шешу үшін депутат сапа мен қауіпсіздік талаптарына сай келетін берік көпір тростарына тапсырыс беріп, екі жағынан тереңдігі 4 метр шұңқырлар қаздырып, монолитті бетонмен құйдырды.
«Біздің барлық тіршілік көзіміз – арғы бетте. Қаламен байланыс, автобус аялдамалары, дүкендер де сонда. Күнделікті нанымызды сатып алу үшін де сол ескі көпірден өтетінбіз. Ал оның сапасы көңіл көншітпейтін. Сондықтан да біз ескі көпірден өзен суы таяздап, тынышталғанда ғана өтіп жүрдік. Жаңа аспалы көпір салып, игі іс жасаған депутатқа алғысымыз зор», дейді «Гауһар» бау-бақша ұжымының мүшесі Тамара Мұхамбетиярова.
Еңбек жолын қарапайым жүк тиеушіден бастаған Nur Otan партиясы Атырау қалалық мәслихатының депутаты Қаршыға Жауымбаев 2006 жылы өзінің «Қара-Бура» ауыл шаруашылығы кәсіпорнын ашты. Ауылдастарына үнемі қолұшын созып келе жатқан ол карантин кезінде жалғызбасты қарттарға 100 мың теңгеден қаржылай көмек көрсетіп, мыңнан астам мұқтаж отбасына дәрі-дәрмек жеткізді.
Праймеризге белсене қатысқан Алматы облыстық мәслихатының депутаты Бекет Әбішев аз қамтылған 11 көпбалалы отбасының тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесті. Ол осы отбасыларға арнап өз қаржысына Қарасай ауданында үй салды. Өзі спортшы депутат туған ауылында әуесқой футбол клубын ұйымдастырды, күреспен айналысу үшін арнайы зал жабдықтап, округтегі алғашқы көкпар командасын жасақтады.
Тағы бір мысал ретінде Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, ерекше балаларға арналған көмекші мектеп-интернат директоры Жадыра Таңатарова туралы деректермен бөлісе кетейік. Көпбалалы ана депутаттық қызметтен бөлек, қайырымдылықпен айналысып, мұқтаж жандарға азық-түлік себеттерін тарату, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арнайы жабдықтар сатып алу акцияларын ұйымдастырады. Депутат тұрмыс-тіршілігі қиын 500-ден астам отбасына көмектесті.
Еске сала кетейік, өткен сайлаудың қорытындысы бойынша барлық деңгейдегі мәслихаттардағы Nur Otan фракцияларының құрамы 65%-ға жаңарды. Партия атынан сайланған депутаттардың орташа жасы 6 жылға жасарып, 45 жасты құрады. Әйелдер саны 11-ден 30%-ға дейін, ал 35 жасқа дейінгі жастар саны 16-дан 23%-ға дейін артты.