Рерих кенебіндегі гималайлық топтамалар таудың алып шыңдарына ұмтылу һәм рухани ізденістерге шақыру іспетті. Суретші қиялы тау шыңы мен адам рухын жалғай түседі. Ол өзінің тау пейзаждарында жергілікті пішіндердің шынайылығын бере отырып, табиғатты жоғары абстракциялық деңгейге жеткізеді. Суреткердің ең бір іргелі шығармаларына айналған алып ландшафтар оның ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасын әйгілеп тұр дерсіз.
Көрмеде символдық мағынаға ие, түрлі сюжеттік композициялар ұсынылған. Картиналар көрерменге сиқыр және ескі салт-жоралардың куәгері болуға, өзіндік тәжірибенің мүлгіген тыныштығын сезінуге, тарихи оқиғалар мен тылсым дүниелерге таңдануға мүмкіндік береді. Биік таулар кенептердегі композициялардың айрылмас бөлігі. Тау жиектерінде Иса, Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар және Шыңғысхан бейнеленген. Өнертанушылар Рерих қылқаламына аса танылмаған аңыз әңгімелер, нақылдар және ескі болжамдар арқау болған деседі. Халық батырларының бейнесі қиын кезеңдерде адамзат рухының жаңғыруына себепкер болғанын, олар да тау шыңдары секілді дүние дамуындағы дара жол екенін суретші барынша ашып көрсетуге күш салған.
– Н.Рерихтің Шығысқа, Үндістанға жасаған саяхаты көркемөнер туындыларының мәнерін мәйектендіріп, адамзаттың дәстүрлі даналығы сақталған мекен суретшінің арманына қанат бітірді. Бұл жерде Николай Костантинович өмірінің елеулі кезеңін өткізді. Оңтүстік, Орта және Шығыс Азияға жасаған саяхат пен экпедициялар барысында Үндістанда өмір кешіп, ежелгі буддистік және үнділік көркемөнер дәстүрлерін зерттеуге мүмкіндік алып, белгісіз ескі ескерткіштер және аңыздармен, даналықтармен танысады. Шығыс Рерихті жаңа сюжеттер, бояулар, техникалық тәсілдермен байытып өнер палитрасын кеңейтуге көмектесті. Көрмеде 1930-1940-жылдарды қамтыған 50 жұмыс ұсынылған. Олардың басым бөлігін атақты гималайлық этюдтер құрайды, – дейді Ресей Шығыс өнері музейі Рерих мұралары бөлімінің аға ғылыми қызметкері Лариса Келим.
Расында да, Шығыс елдерінде өткерген жылдарында Рерих туындыларының сызықтары, түстері, ырғақтары, құрылымы мәнерлі мүмкіндіктерін арттырып жоғары үйлесімге жеткен. Бояулардың нәзік ауысымы күтпеген реңктің контрастарымен жымдасып сиқырлы сезім тудырады.
Көрмені Николай Константинович Рерихтің ұлы Святослав жазған портрет ашты. Картинада буддалық фигуралардың аясындағы даналық пен білімнің символы – семсер, қобдиша, шам және кітап ұстаған тибет киіміндегі шығыс данасы бейнеленген. Н.Рерихті «Тау шебері» деп санаған көрермендерге Гималайдың жан дүниесі ашылғандай. Суретші көрерменді сұлулық пен үйлесімге, жан дүниенің тазалығына ұмтылуға шақырады.
АЛМАТЫ