Тарих • 23 Қыркүйек, 2021

Құт пен береке символы

1004 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қожа Ахмет Ясауи кесе­не­­сінде сақталған орта­ға­сыр­­­­лық Тайқазанның тарихи ота­нына оралғанына 32 жыл толып отыр. Тай­қа­­зан 1935 жылы қазіргі ­Санкт-Петербург қаласында өткен Иран шеберлерінің III Ха­лық­аралық конференция­сына үш айға жіберіліп, араға 54 жыл салып, 1989 жылдың 18 қыркүйе­гін­де тарихи отанына қай­та оралған болатын. Осы­ған орай Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде «Құт пен бере­кенің символы – Тайқазан» атты көрме ашылды.

Құт пен береке символы

Түркістанның құты саналатын қасиет­ті Тайқазанның елге оралуы жайлы де­рек­ті мәліметтермен таныстыру, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларында­ғы «Ұлы даладағы ежелгі металлургия» бағытын насихаттау және ортағасыр­лық құнды мұраларды дәріптеу арқылы жас жеткіншектерге тарихымызды таныту, олардың пайым-парасатын арттыру, елдік санаға баулу, өткен тарихымызға деген қызығушылығын оятуды мақсат еткен көрме экспозициясына 50-ге жуық жәдігер қойылып, таныстырылды. Келушілердің назарына 1864 жылы Түркістанға келген орыс саяхатшысы А.Кунның альбомындағы Тайқазанның фотосуреттері мен 1935 жылы Тайқазанды Санкт-Петербургке алып бара жатқандағы мұрағаттық суреттер, Эрмитаж музейінің экспозициясына қойылған бірегей фотолар, 1989 жылы Эрмитаж музейінен Тайқазанды шығарып жатқандағы және Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне алып келген мұрағаттық суреттер ұсынылып отыр. Сонымен қатар қорық-музей­дің ұйымдастыруымен 2009-2014 жылдар аралығында жастар арасында қазақ күресінен өткізілген республикалық «Тайқазан» турнирінің суреттері мен ме­дальдар, мұрағаттық құжаттар да экспозициядан орын тауыпты. «Қасиет­ті жә­дігеріміздің құтты тұғырына қай­та ор­нығуына мемлекет және қоғам қай­ратке­рі, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәні­беков ағамыздың сіңірген еңбегі зор екенін атап өткіміз келеді. Тайқазан – тұтас Түркі жұртының құты, береке мен бірлікті, ауызбіршілік пен ынтымақты танытатын символы. Сондықтан аталған күнге орай жыл сайын көрме ашылып, түрлі іс-шаралар дәстүрлі түрде өтіп отырады. Бүгінгі көрме бір ай бойы келушілердің назарына ұсынылады», дейді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының міндетін атқарушы Ерсін Тәжібаев.

Айта кетелік, Қожа Ахмет Ясауи кесе­несінің қазандық бөлмесінде тұрған тарихи Тайқазан 1399 жылы Түркістаннан 25 шақырым жерде орналасқан Қарнақ елді мекенінде әйгілі Тұран билеушісі Әмір Темірдің бұйрығымен Әбділ Әзиз Шарафуддин Тебризи шебердің ұс­таха­насында құйылған. Тайқазан же­ті түрлі – алтын, күміс, мыс, қола, қорғасын, мы­рыш, қалайы металдарының қосындысы­нан тұрады. Қазанның салмағы – 2 тон­на, сыйымдылығы – 3 мың литр, биіктігі – ­1­,62 метр, диаметрі – 2,42 метр. Тайқазан­ның сыртқы бөлігінің өрнектелуі бес бөлік­тен тұрады. Сондай-ақ Тайқазанға Құран ­аяттары мен Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадистері жазылған.

 

Түркістан