Руханият • 23 Қыркүйек, 2021

Қарымды қаламгер

1814 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Әдебиет әлеміне ХХ ғасырдың 60-жылдарының  орта шенінде келген Қалдыбек Сейданов, өзінің бүкіл саналы ғұмырын Орта Азия халықтарының, оның ішінде түбі бірге туысқан өзбек пен қазақ халықтарының  достығын, ынтымақ-бірлігін, әдеби-мәдени байланыстарын  зерттеуге бағыштаған, шын мәніндегі достықтың бірден-бір жаршысы бола білді.

Қарымды қаламгер

Ол 1964 жылы Ташкенттегі Низами атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының (қазір ТМПУ) тарих-филология факультетінің қазақ бөлімін бітірген соң, Өзбекстан Респуб­ликасы Ғылым академиясына қа­расты А.С.Пушкин (бүгінгі таң­дағы Әлішер Науаи) атындағы Тіл және әдебиет институтының Әдебиеттер байланысы бөлімі­не аға лаборант болып жұмысқа орналасады да, қазақ-өзбек әде­биеттану ғылымына тереңірек үңіле түсіп, олардың өзіндік ерек­шеліктерін ғылыми тұрғыдан зерт­теуге кіріседі.

Аталған институтта кіші ғы­лыми қызметкер міндетін ат­­қа­ра жүріп, «Өзбек-қазақ ха­лық­­тары достығының екі ел көр­­кем әдебиетінде бейне­ле­нуі» де­ген тақырыпта Өзбек­стан Рес­публикасы Ғылым ака­де­­­мия­сының академигі, Беру­ни атын­дағы Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты, белгілі әде­биетші ға­лым Юсуф Сұлтанов же­тек­ші­лігінде Алматыдағы Тіл білімі инс­титуты мен Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бірлескен ғылыми кеңесінде кандидаттық диссертациясын сәтті қорғайды.

1964 жылдан А.С.Пушкин атындағы Тіл және әдебиет инс­титутында алғаш аға лаборанттан бастап, аға ғылыми қызметкер дәрежесіне дейін көтеріліп, 18 жыл қызмет атқарған Қалдыбек Сейданов белгілі өзбек ғалымдары академик Иззат Сұлтанов, академик Юсуф Сұлтанов, филология ғылымдарының докторлары, профессорлар Хамил Яқу­бов, Матяқуб Қосжанов, Хафиз Абдусаматов, Салақидин Мамажанов, Төра Мырзаев, Бақ­тияр Назаров, жазушы әрі ақын Жамал Камол, зерттеушілер Фа­зила Сүлейменова, Зухра Умар­бекова, Шерәлі Тұрдиев, Кә­рим­бай Құрамбаев секілді т.б. әде­биетшілермен бірге қызметтес бола жүріп, қазақ-өзбек әдеби-мәдени байланыстарын жүйелі зерттеу жұмысын тереңдете түседі.

Екі ел әдебиеті зерттеуші­ле­рінің шығармаларымен жан-жақты танысқан ғалым Таш­кент­тегі Низами атындағы мем­лекеттік педагогикалық инсти­тутындағы «Қазақ филологиясы» кафедрасының меңгерушісі бо­лып жеті жыл, доценті болып бес жыл қызмет атқарды. Нәтижесінде, ол қазақ студенттеріне «Әдебиетта­ну ғылымына кіріспе», «Әдебиет тарихы», «Әдебиет теориясы», «Әдебиет сыны», «Арнаулы курс» сияқты т.б. пәндерден лек­циялар оқып, тәлім-тәрбие жұмыс­та­рымен кең шұғылданды.

Ғылыми зерттеу жұмыста­ры мен педагогикалық қызмет­ті бірдей, жүйелі түрде жүргі­зе білген қарымды ғалым күні бүгінге дейін үлкенді-кішілі 23 ғылыми зерттеу еңбегін қа­зақ және өзбек тілдерінде жазып, ма­қалаларын Өзбекстан мен Қазақ­стан баспасөздерінде жария­лады. Бұл орайда оның «Адабий қардошлик», «Мухтар Авезов ва қардош халқлар адабиети», «Адабий хамкорлик», «Достық әуендері», «Дустлик куйлари», «Некоторые вопросы казахской филологии», «Ўзбек-қозоқ ўзора адабий алақолари тарихидан», «Хамза ва қордаш халқлар адабиёти», «Қазақ әдебиеті сынының даму тарихы», «Әуезов әлемі», «Чингиз Айтматов ва ўзбек адабиёти», «Әуезов және Орта Азия әдебиеті», «Дустлик куйчиси», «На­уаи және қазақ әдебиеті» ­сияқ­ты т.б. ғылыми зерттеу ең­бек­терін ерекше атауға болады.

Оның үстіне ол белгілі әде­биет зерттеушісі ретінде Өзбек­стандағы 376 қазақ мектебінің 5, 7, 9, 10, 11-сыныптары үшін «Қазақ әдебиеті» атты бес оқулық жазып, олар төрт рет басылды. Әрі 5-11-сыныптар үшін «Қазақ әдебиеті» атты бағдарламаны да өзі жазған болса, жоғары оқу орындары филология бөлімде­рі­не арнап «Арнаулы курс», «Ар­нау­лы семинар» сабақтары үшін «Мұхтар Әуезов және туысқан халықтар әдебиеті» (өзбек тілін­де) «Шыңғыс Айтматов және өз­бек әдебиеті» (өзбек тілінде) «Әуе­зов және Орта Азия әдебиеті», «Қазақ әдебиетінің тарихы» ат­ты көмекші оқу құралын бастырып шығарды. Дәл бүгінге де­йін 10 томдық «Таңдамалы шығар­малар» жинағын да оқырман жұртшылыққа ұсынып, өзінің кең тынысты ғалым, қарымды қа­ламгер екендігін көрсетті.

Қалдыбек Сейданов қазақ-өзбек әдеби-мәдени байланыс­тарын ғана зерттеп қоймай, сонымен бірге, жалпы Орта Азия әдебиеті ірі өкілдерінің дос­тық қарым-қатынастарын, шы­ғармашылық байланыстарын да зерттеген ғалым. Бұл ретте оның «Шалқар шабытты сопы ақын» (Қожа Ахмет Ясауи туралы), «Абай және Шығыс әдебиеті», «Науаи және туысқан халықтар әдебиеті», «Хамза және туысқан халықтар әдебиеті», «Түрікмен дүлдүлі – Мақтымқұлы», «Арын­ды ақын» (Әжінияз), «Қарақалпақ кемеңгері» (Бердақ), «Жыр алыбы» (Жамбыл Жабаев), «Ғұлама ғалым, кемеңгер ақын» (Ахмет Байтұрсынов), «Ақиық ақын» (Мағжан Жұмабаев), «Қарасөздің шын шебері» (Ғабит Мүсірепов), «Аса дарынды суреткер» (Абдулла Қадири), «Заманымыздың заңғар жазушысы» (Шыңғыс Айтматов), «Дарынды біздің досымыз» (Саид Ахмад), «Достық жыршысы» (Назармат), «Екі енені тел емген» (Нәсір Фазылов), «Арынды ақын, қарымды қайраткер» (Олжас Сүлейменов) сияқты т.б. еңбектері ерекше айтуға тұрарлық.

Жалпы, әлем әдебиетінің ірі тұлғалары туралы «Кемеңгер ақын – Фирдауси», «Сағдидың ақындығы», «Рудакидің ақын­дық әлемі», «Жыр дүлдүлі – Әбді­рахман Жәми», «Науаи және қазақ әдебиеті», «Науаи және Абай», «Ұлы тұлға – Бабыр», «Әмір Темір ұлағаттары», «Поэ­зия падишасы – Пушкин», «Ук­раин халқының мақтанышы» (Т.Г.Шевченко), «Айбек – қазақ әдебиетінің досы», «Ғафур Ғұ­лам және қазақ әдебиеті», Ұй­ғын, Миртемир, Тоқтағұл Сатыл­ғанов, Хамит Ғұлям, Тілеуберген Жұмамұратов, Мұса Жәлил, Аб­дулла Тоқай сияқты т.б. түбі бірге туысқан халық ақын-жазушыла­ры жайлы жазған мақалала­рын атап өту ләзім.

Әдебиет зерттеушісі ретін­де Қалдыбек Сейданов қазақ-өзбек халықтарының достығы, әдеби-мәдени байланыстары жай­лы «Өзбекстан» баспасында «Туысқандар» атты монографиясын жариялаған болса, ұлы Абайдың 175 жылдығына орай «Абай және Орта Азия», Әлішер Науаидың 580 жылдығына орай «Науаи және қазақ әдебиеті» мо­нографияларын оқырманға ұсын­ды. Сондай-ақ биылғы жы­лы «Қардошлар» атты қазақ-өз­бек халықтарының достығы мен әдеби-мәдени байланысына ар­налған монографиясының өзбек ті­лін­де шығуы да ерен еңбектің же­місі деген болар едік.

Қалдыбек Сейданов бел­гі­лі әдебиет зерттеушісі, сын­шы, ғалым ғана емес, ол қала­мы қа­рымды жазушы да. Оның қа­ла­мынан дүниеге келген «То­ғыс­қан тағдырлар», «Сүймегенге, сүй­кенбе!» атты бүгінгі күннің жас­тары өмірінен сыр шертетін романдарымен бірге «Тағдыр» атты повесін, «Махаббат машақаты», «Ана арманы», «Жылы-жылы сөйлесең», «Ақ қыз», «Керемет келін», «Ерте үзілген гүл», «Өмір­де не болмайды», «Жалқау бала» «Күй құдіреті», «Келін» сияқты т.б. 20-дан астам әңгімесін де оқыр­ман ыстық ықыласпен қа­былдады.

Қалдыбек Сейданов өзін «ақын­мын» деп есептемесе де, ара­гідік тәлім-тәр­биелік мәнге ие өлеңдер де жазады. Бұл орайда оның «Армы­сың ақ таңым», «Өз­бек бауыр­ларыма», «Тасы­ма», «Кей адам», «Достар­да да, достар бар», «Өзбекстан – өз елім», «Тә­уел­сіздік таңын­да», «Ашық айт­пай бола ма?»,  «Адам болу – арманым», «Әкімдер-ай, әкім­дер-ай, қандайсың?»,  «Жақсылар жүр жаныңда» сияқ­­ты т.б. өмір­лік мәнге ие поэ­­тика­лық көр­кем туындыларын тілге ­аламыз. Нә­тижесінде, оның «Сезім сырлары», «Өмір өр­нек­тері» атты жыр жинақтарын оқырман қауым ерекше сүйіспеншілікпен қуана қарсы алды. Олар да өмірдің өзі алға тартқан көкейкесті, аса діл­гір мә­селелерін өз ерекшеліктері­мен сәтті сипаттай алғандығымен де құнды.

Қалдыбек Сейданов белгілі аудармашы ретінде де, қазақ тілі­нен өзбек тіліне, ал өзбек тілі­нен қазақ тіліне екі ел әдебиеті­нің ірі саңлақтарының шығарма­ла­рын аударып, қыруар қызмет атқарып жүр. Мәселен, өзбек қаламгерлері Айбектің «Гүл­нар әпке», Әділ Яқубовтың «Жоғал­ған жұлдызым», Өткір Хашимов­тің «Мен қалай жындандым», Та­хир Мәліктің «Еркін», Еркін Мәлік­тің «Шайтанның шатақтары», Шарофат Ашурованың «Сауға» сияқты т.б. прозалық туындылары мен орыс қаламгері Виктор Алисмановтың «Әйел құдіреті» атты ғибратнамалық шығармасын қазақшаға аударды.

1971 жылы Өзбекстанда өткен қазақ әдебиеті мен мәдениетінің күндеріне орай, Әбділдә Тәжібаев, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Мұхтар Шаханов, Қайрат Жұмағалиевтың бір топ өлеңдері мен Тәкен Әлімқұловтың әңгімелерін, сондай-ақ «Қазақ хикметтері» мен «Қазақ мақал-мәтелдерін» өзбек тіліне аударды.

Қалдыбек Сейданов Өзбек­стан Республикасы Жоғарғы Кеңе­сі мен Өзбекстан Республикасы Уәзірлер мекемесінің «Нұрлы жол» газетінің бас редакторы қыз­метінде публицистикалық ма­қа­лалар жазып, өзбек-қазақ ха­лықтарының достығына, ын­тымақ-бірлігіне сүбелі үле­сін қосып, өзінің талантты жур­налистік қабілетін де жан-жақты таныту мүмкіндігіне ие болды.

Ол Өзбекстан Жазушылар Ода­ғы жанындағы Қазақ әдебие­ті кеңесінің төрағасы ретінде де Өзбекстан Республикасының түрлі уәлаяттарында шығар­ма­шылықпен шұғылданатын қазақ ақын-жазушыларының басын қосып, жыл сайын бірнеше рет мүшәйра мен ақындар айтысын өткізуде де қыруар қызметтер атқарды.

Күні бүгінге дейін қазақ-өз­бек халықтарының достығы мен әдеби-мәдени байланыстарын жүйелі зерттеп, екі ел әдебиетта­ну ғылымының даму тарихына сүбелі үлес қосып келе жатқан Қалдыбек Сейданов «Өзбек­стан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» атағына ие болып, «Шухрат» ме­далімен, сондай-ақ Өзбекстан мен Қазақстан республикалары Тәуелсіздігінің 10 және 20 жыл­дығына байланысты екі ел­дің тәуелсіздігіне арналған мерей­тойлық төсбелгілермен марапатталды.

1999 жылы Орта Азия мен Қазақстан әдебиет, мәдениет және өнер қайраткерлерінің Астанада өткен Құрылтайына да қатысып, онда Қазақстан Рес­пуб­ликасы­ның Тұңғыш Пре­зиденті-Ел­басы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назар­баевтың қолы­нан «Астана» ме­далін алды. Ал өткен жылы Өз­бекстан Респуб­ликасының Пре­зиденті Шавкат Мирзиёев қаламгердің өңіріне «Достық» орденін тақты.

Әрине, бұл алпыс жылға жуық уақыт бойы Орта Азия халық­тарының, оның ішінде қазақ-өзбек халықтарының достығын, ынтымақ-бірлігін жырлап, үнемі әдеби-мәдени байланыстарын зерттеген ғалымның, ерен ой­лы қаламгердің игі істерінің нә­тижесі. Қорыта айтқанда, бар өмі­рін халықтардың достығы мен ын­тымақ-бірлігін, Орталық Азия әдеби-мәдени байланыстарын, өзінің зерттеу нысанына айнал­дырған ардақты аға, ұлағатты ұстазымыз «Шын мәніндегі шы­найы достық – алтыннан да қым­бат, асқар таудан да биік, теңізден де терең» дейді.

 

Серікбай ҮСЕНОВ,

Өзбекстан Республикасы

Қазақ ұлттық-мәдени орталығының төрағасы,

Ергеш АБДУВАЛИТОВ,

педагогика ғылымдарының докторы, профессор

 

Ташкент