Технология • 23 Қыркүйек, 2021

Смартфонға сыйған сауда

105 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Электронды коммерция үлесі ай санап артып келеді. Қызмет ұсынушы компаниялар да бұл трендке бейімделіп жатыр. Өйткені тұтынушылар қолма-қол емес, онлайн төлем жасауды құп көре бастаған. PwC Kazakhstan компаниясы Цифрлы Қазақстан қауымдастығымен бірлесіп, электронды нарыққа талдау жасап, оған елдегі ірі компаниялар қатысқан.

Смартфонға сыйған сауда

Онлайн саудада хит тауар қайсы?

PwC Kazakhstan зерттеуіне Mechta.kz, Kaspi.kz, Lamoda.kz, ForteMarket, «Қаз­пошта» және өзге де атауларын құпия сақтауды өтінген ұйымдар қатысып, нарық картинасын ашуға көмектескен. Зерт­теуге сүйенсек, сауданы смартфонмен жасау үлесі 91 пайызға өскен. Бұл былтырғыдан 2 пайызға жоғары.

Mechta.kz компаниясы 2021 жылдың алғашқы алты айы электронды коммерция үшін сәтті болды деп санайды. «Былтыр электронды коммерцияның таралуын локдаунмен байланыстырған едік, бірақ онлайн нарық биыл да әлде­қайда өсті», дейді. Компания өкілінің сөзімен келісуге болады. 2021 жылдың алты айындағы бөлшек онлайн-сау­да көлемі 2020 жылдың алты айымен са­лыстырғанда 116 пайызға өскен. Әрине, бұл – айтарлықтай көрсеткіш. Са­рапшылар карантин шектеулері ке­зінде пайда болған тұтынушылық әдет­тер­дің уақыт өте келе тұтынушылық мә­­де­ниеттің бір бөлшегіне айналғанын ай­тады.

Kaspi.kz компаниясының хабарлауын­ша, ел тұрғындары үй, құрылыс, жөн­деу жұмыстары үшін қажетті заттарды кө­бі­рек сатып ала бастаған. Сондай-ақ та­мақ өнімдері де алдыңғы қатарда.

«Біздің алаңда сатып алынған тауар саны бір адамға шаққанда 2 есе көбейді. 2020 жылмен салыстырғанда ассортиментті 3 есе кеңейттік, акцияларды жиі ұсы­намыз, қазір жеткізіп беру географиясын 73 қалаға дейін көбейттік», дейді компания.

«COVID-19-бен күрес бойынша шектеу шаралары тұтынушылардың онлайн сауда жасау мүмкіндігін арттыра түсті. Қазір нарық қатысушылары серіктестік қатынастарды нығайту және сервис сапасын жақсарту арқылы трансформацияны жалғастыруда. Тұтынушылар тарапынан онлайн-алаңдарға деген сенімнің және қымбат тауарларды онлайн ала бастаудың өскені байқалады. Биыл бірінші жартыжылдықта бөлшек электронды коммерция нарығының айналымы 426 млрд теңгеге жетті. Жаһандық және жергілікті нарықта маркетплейстер ерекше рөлге ие бола бастады», дейді PwC Kazakhstan серіктесі Наталья Лим.

 

Маркетплейс – маңызды

Н.Лим сөзінде жан бар. Қазір маркет­плейстердің дәурені жүріп тұр (алдағы уақытта да солай бола беретін сияқты). Енді төрт жылдан соң әлемдік саудадағы маркетплейс үлесі 70 пайыздан асады деген болжам бар. Біздің елде маркетплейс­тер нарығын дамытуға банктер, қаржы технологиялық құрылымдар, жергілікті және шетелдік сауда алаңдары атсалысып отыр. Маркетплейс екі тарапқа да тиімді. Бұл – сатып алушылар үшін кең ауқымды ассортимент; тиімді ба­ғаны таңдау мүмкіндігі; өнімге жедел қол­жетімділік; ыңғайлы интерфейс болса, сату­шылар үшін – клиенттердің үлкен базасы; аутсорсингтік бизнес-қызметтер.

Әлемде 150-ден астам ірі маркетплейс болса, соның 50-і соңғы он жылда пайда бол­ған.

«Маркетплейстердің көбі сатып алушы­лардың барлық қажеттігін өтеп, түрлі категория бойынша бірыңғай орын болуға талпынып жатыр», дейді Kaspi. Ал тұтынушылар электронды алаңды таңдауда қандай нәрсеге баса назар аударады? Lamoda.kz компаниясының жауабына қарасақ, ондай кезде тұтынушылар сегментке мән береді.

«Масс-маркет баға, тауар қолжетім­ділігіне және жеткізу мерзіміне қарайды. Премиум категориясы ассортимент пен қолайлы сервиске қарайды. Олар электронды алаң сапасына қатысты да тым талапшыл. Төлемге келсек, оның 85 пайызы тауарды алу кезінде жасалады. Тұтынушылар алдын ала төлем жасауға дайын емес», дейді.

Зерттеуге қатысқан ForteMarket өз жауабында ассортиментті басты фактор деп атапты. Яғни клиент маркетплейс таңдау кезінде онлайн-сөренің қаншалықты бай екеніне маңыз береді.

«Екіншіден, бағаға қарайды. Үшінші фактор – жеткізіп беру қызметі. Көптеген клиент тауарды жылдам жеткізу бойын­ша қатты талап қояды. Қала ішінде жет­кізіп беру сол күні немесе ертеңіне жүзеге асырылады. Ал қалааралық жет­кізу біздің тәжірибе бойынша 3 күннен аспауы керек», дейді олар өз мәлім­демесінде.

 

Басты кедергі қандай?

Электронды бөлшек сауданың өрістеуі кезінде қандай кедергі көп кездесті? Бұл тұрғыда да компаниялардың айтары жоқ емес. Kaspi биыл жаңа кедергілер туындаған жоқ десе, Lamoda «Ең бір атап өтерлігі – логистиканың қымбаттауы. Бұл қымбатшылық тапсырыс экономикасына кері әсерін тигізбеуі қажет», дейді.

«Кедергілер баяғы қалпында, бірақ клиенттердің нарыққа көптеп келуі және онлайн-тапсырыстардың көптігі олардың жігін білдірмей жіберді». Бұл пікірді жариялаған – ForteMarket.

«Логистикалық қызмет ерекше ма­ңызға ие. Уақытында әрі сапалы түрде жеткізу – клиенттердің негізгі талап­тарының бірі. Өкінішке қарай, нарықтағы логистикалық компаниялардың бәрі бірдей бұл талаптың үдесінен шыға алмай отыр. Бірақ біздің серіктестер инфрақұрылым мен процестерді жақсарту бойынша тұрақты түрде инвестиция салып отыр. Көктемде «Қазпоштамен» стра­тегиялық серіктестік бойынша мемо­ран­думға қол қойдық», дейді олар.