«Жаман тұмаудың» жан түршіктірер, жаныңды мұздай қаритын жаманат хабары жалпақ әлемнің жүрегін әлі де сыздатып тұр. Адамдардың сақтық шараларын сақтай бермеуіне, дер кезінде екпе ектірмеуіне байланысты өңірдегі жағдай ушыққан күйінде тұр. «Қызыл аймақтың» санатынан шыға алмай отырған жай бар.
– Ел шетіне індет келгелі тек облыс орталығында 12 463 адамнан коронавирус зертханалық жолмен анықталды. Қыркүйек айында 856 оқиға тіркеліп, 79 баланың дертке шалдыққаны белгілі болған. Соңғы тәулікте 67 жағдай зертханалық жолмен анықталса, 3 адам індеттің құрбаны болды. Індетпен алысып жатқан қалалық ауруханаларда әзірленген төсектік орындардың жүктемесі 49 пайызды құрап отыр. Стационарларда 199 адам ем қабылдауда, олардың 25-і – реанимация бөлімдерінде. Ауырып жатқандардың 99 пайызы – екпе егілмеген тұрғындар. Міне, осы деректен-ақ індеттен аман қалудың жалғыз жолы екпе алу екендігін айқын аңғаруға болады, – дейді қаланың бас санитарлық дәрігері Қанат Ысқақов. – Жаңа оқу жылы басталғалы қаладағы орта мектептерде білім алып жүрген ондаған оқушының індет жұқтырғаны анықталды. Олардың 75-і штаттық режімде, 4-еуі қашықтан білім алып жүрген. Осылайша, 68 сынып карантинге жіберілді.
Вакциналау індеттің алдын алудың басты қаруы екенін тағы бір мәрте екпін түсіріп айтсақ, артықтығы болмас. Екпе алуға барлық жағдай жасалып отыр. Облыс орталығында коронавирусқа қарсы екпе егу үшін 12 стационарлық екпе пункті мен 1 жылжымалы кешен жабдықталған. Қазіргі уақытта Сарыарқа шағын ауданында жылжымалы кешен тұрғындарға екпе егуде. Бұл жылжымалы нысан 1-1,5 апта осы шағын ауданда тұрса, кейін басқа аудандарға барып, сол аумақтың тұрғындарына екпе екпек.
22 қыркүйектегі мәлімет бойынша қалада коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші бөлігімен 66 744 адам қамтылыпты. Бұл екпе алуға денсаулығы жарамды адамдардың 56 пайызын құрайды. Жауапты науқан басталғалы қаншама құлаққағыс жасалып, жеріне жете түсіндіріліп, барлық жағдай тудырылса да, немқұрайдылық әлі де бел алып тұр. Тіпті ағзасында ауруы бар екенін білетін адамдардың қала көшелерінде емін-еркін жүргенін қалай түсінуге болады. Әзірге мұндай салғырттықтың соқпағын Ashyq қосымшасы кесіп тұр. Айталық қаладағы 80-нан аса кәсіпкер Ashyq-ты пайдаланып, кәсіптерін дөңгелетуде. Соңғы деректерге қарағанда, қосымша орнатылған қоғамдық орындарға барған 690 адамның карантиндік оқшаулау тәртібін бұзушылар екені анықталған. Осыншама, адам дертті болып жүрсе де, өзгенің жайын ойламағаны қалай? Берекесіздік белең алған жерде дүмпуі азаймай тұрған дертті сейілту қиынға соғары анық. Қосымша арқылы анықталған науқасқа шалдыққандардың 553-і «қызыл», 157-і «сары» мәртебесімен көпшілік орындарда жүрген. Талап бұзғандарға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салыныпты.
Айыппұл арқалағанымен, айыбы – бесбатпан. Өзінің де, өзгенің де денсаулығына кінәрат келтірмеуді ойлаған абзал болар.
Көкшетау