Қазақстан • 26 Қыркүйек, 2021

Түркияда дүниежүзі қазақтарының кіші құрылтайы өтті

685 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Ыстанбұлда «Жаһандану өркениетіндегі қазақ әлемі» атты Кіші құрылтайы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығына сілтеме жасап.

Түркияда дүниежүзі қазақтарының кіші құрылтайы өтті

Алқалы мәжіліс басталмас бұрын жергілікті билік өкілдері, Кіші құрылтай делегаттары мен қала тұрғындары түрік пен қазаққа ортақ тұлға Мұстафа Өзтүрік атындағы саябақтың ашылу салтанатына қатысты.

Саябақ Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі мен Ыстанбұлдағы Бас консулдығының бастамасымен ашылып отыр. Ашылу салтанатында Ыстанбұл қаласының 800 мың халқы бар Бағжылар ауданының әкімі Локман Чағырыжы, Қазақстан Республикасының Ыстанбұлдағы Бас консулы Әлім Байел, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков сөз сөйлеп, даңқты спортшының ескерткіші орнатылған саябақтың ала лентасын кесті.

Іс-шараға М. Өзтүріктің қарындасы Перихан мен Германияда тұратын қызы Неслихан да қатысты. Кіші құрылтай жұмысына Түркия және Еуропадағы қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.

Құрылтай барысында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қандастардың Үндеуі қабылданып, бірқатар қатысушылар Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары З. Тұрысбековтың бұйрығымен «Кіші құрылтай» төсбелгісімен марапатталды.

Құрылтай аясында диаспораның жастары үшін қазақстандық жоғарғы оқу орындарының «Білім көрмесі» ұйымдастырылды. Онда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Халықаралық Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті өкілдері аталған оқу орындары жөнінде ақпараттық таныстырылымдар жасап, сырттағы жастарды арнайы бөлінетін квота шеңберінде оқуға шақырды.

Бағжылар аудандық мәдениет орталығында қала тұрғындары мен қандастардың назарына Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Алтын тамырлы Атажұрт» көрмесі ұсынылды. Артынша осы жерде Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің гала-концерті өтті.

Шараның соңында З. Тұрысбеков қонақтарға қазақтың шапанын жапса, Ә. Байел Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнап басылған күміс естелік монеталарды сыйға тартты.

Айта кетсек, келесі жылы Нұр-Сұлтан қаласында Дүниежүзі қазақтарының Ұлы құрылтайын өткізу жоспарлануда.