Оқиға • 26 Қыркүйек, 2021

Ұлыбританияда таныстырылады

577 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Ұлыбританияның Кембридж университетінің Fitzwilliam музейінде «Ұлы дала алтыны» атты халықаралық көрме ашылмақшы.

Ұлыбританияда таныстырылады

Бұл шара 28 қыркүйек күні өтеді деп жоспарлануда. Көр­менің мақсаты – халықаралық қа­уым­дастықты Қазақстанның көп ғасырлық тарихы мен бай мәдениеті, республика ғалымдарының ғылыми ізденістерінің жаңа нәтижелерімен таныстыруға мүмкіндік беру.

Осы орайда, ағылшындық көрер­мендерге Қазақстан архео­логиясының зор жетістігі Gold of Kazakhstan экспозициясы көрсетіледі. Мұнда Берел қорғандарынан табылған сүйек, киіз және матадан жасалған жыл­қы әбзелдері көрермен назарына ұсы­нылады.

«Танымал археолог Зейнолла Самашев 1998 жылы қорғанның «Патшалық оба» кезеңін зерттеу барысында №11 нысаннан алтынмен апталған 13 тұлпар мен сол заманның көсемі – бекзада мен әйелдің сүйегін тапқан болатын. «Берел жылқылары» деген атаумен белгілі бұл жануарлар тарихымыздың жауһар бірегей жәдігеріне айналған. Сондай-ақ ерекше құрылым мен жерлеу рәсімі №36 обада тіркелген болатын. Басқа жерде кездеспейтін сүйектен жасалған бұлан сипатты жылқы әшекейі. Бұл әшекейдің құндылығы да алтынмен бірдей. Мұндай үлгілер Алтай өңірінің басқа жерлерінде кездеспейді», дейді «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының міндетін атқарушы Алмас Сарбасов.