Себебі дәл сол кезде күллі әлемдегі халықаралық қарым-қатынастар ғана емес, жаһандық конфессияаралық қатынастар да шектен тыс шиеленісіп кеткен-ді. Өкінішке қарай, бұл үрдіс, әсіресе 2001 жылғы 11 қыркүйекте болған Нью-Йорктегі Бүкіләлемдік сауда ұйымының қос ғимаратының жарылуы – «Әл-Каидамен тамырлас мұсылман экстремистерінің қолымен жасалған қылмыс» деген күллі әлемді бір сәтте шарлап кеткен жағымсыз ақпараттан кейін мүлде өршіп кеткен-ді. Артынша Батыс ақпарат құралдарында ислам әлемін артта қалған, кертартпа, білімнен жұрдай, надан, ғылым мен техникадан мүлде аулақ, діни фанатизм, экстремизм және фундаментализм ошағына айналған құбыжық етіп көрсету белең алып кете барды. Соның салдарынан күллі мұсылман емес әлемнің қоғамдық санасында мұсылмандарға деген көзқарас күрт өзгеріп, оларды шеттету мен кемсіту, мектептері мен мешіттерін өртеу, қиратып кету, мұсылмандарды сабау, атып кету, мұсылмандардың діни бостандығына шек қою, сол сияқты мұсылман бейіттерін бүлдіру секілді вандализм жиілей бастаған-ды. Мұндай қылмыстарға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдерде де жол берілген-ді. Мәселен, мұсылман дінін әлемнің ең іргелі діндерінің бірі екенін мойындамай, оны аса қатерлі идеология деген шындықпен мүлде жанаспайтын теріс пікір қалыптастырылып, Еуропаның кейбір елдерінде Мұхаммед пайғамбарды келемеждейтін карикатуралар шығарылып, оларды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жаппай тарату етек алды. Кейбір мұсылман мемлекеттеріне әл-Каидамен байланысы бар деген желеумен экономикалық қысым көрсету, соғыс ашып, оларды басып алу немесе оларға қисынсыз тиісу жиілеп кетті. ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің кейбірінде мешіт салуға рұқсат берілсе де, мұнара тұрғызуға тыйым салу, мұсылман әйелдерге дәстүрлеріне сәйкес киінуге, не болмаса білім алуына, жұмысқа тұруына, баспана алуына, тіпті балаларын балабақшаларға орналастыруға шектеу қою жиі бой көрсетті.
Сондықтан да Қазақстанның саяси билігінің дер кезінде іргелі бастама көтеріп, 2003 жылы 24 қыркүйекте Еуразия жүрегіндегі елордада әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Бірінші съезін өткізуі Еуразия құрлығында бұрын-соңды болмаған елеулі іс-шара болатын және бұлай деуге толық негіз бар. Мәселен, Бірінші съезге Еуропа, Азия, Таяу Шығыс және Америка құрлығынан христиан, ислам, иудаизм, буддизм, индуизм, даосизм және синтоизм сынды жаһандық діндердің атынан 17 делегация қатысып, бір үстелдің басында басқосты. Жалпы, бұл съезд кейінгі адамзат тарихында болмаған ең елеулі оқиға болды десек, қателеспейміз. Оның үстіне Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының арасында көптен бері қордаланып қалған белгілі бір діни немесе саяси қарама-қайшылықтардың салдарынан мұндай басқосуды мүлде қаламайтын тұлғалар да ұшырасты. Бұл орайда көп жылдар бойы Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы әрі аталған съезд хатшылығының жетекшісі қызметін атқарған Қасым-Жомарт Тоқаевтың журналистерге берген бір сұхбатында айтқан мына бір сөзін келтіру артық емес: «Съезді бос жиналыс немесе БАҚ-қа арналған қарапайым шара деп санау үлкен қателік болар еді. Өйткені діндер көшбасшыларын астанада бір үстел басына жиналуға көндіру үшін елеулі дипломатиялық күш-жігер қажет болды».
Басында солай болғанмен, келе-келе, елордада 2003 жылдан бері өткен алты съезге қатысқан делегация мүшелерінің арасында кейбір діни немесе саяси қайшылықтардың болуына қарамастан, дінаралық диалогтың жаһандық мәні бар әрі өркениеттерді бір-бірімен жақындастыратын өте қажет шара екенін толық мойындай отырып, діндер көшбасшыларының бір-біріне деген түсіністігі мен сыйластығы жылдан-жылға нығая түсіп, бұл үрдіс тұрақты дәстүрге айналып үлгерді.
Дәл осы тұста дінбасылар арасында түсіністік пен сыйластық дәстүрінің қалыптасуында съезд хатшылығының үлкен рөл атқарғандығын ерекше атап өту парыз. Өйткені хатшылық – әр үш жыл сайын Қазақстан астанасында өтіп тұратын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің жұмысшы органы ғана емес, сонымен қатар құрамына әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының өкілдері енгендіктен, съезаралық кезеңдерде өтетін барлық іс-шаралардың да негізгі ұйытқысына айналды. Сондықтан да хатшылық әр жыл сайын тұрақты жиын өткізіп, кезекті съездің күн тәртібін алдын ала айқындайды, сол сияқты съезд жұмысына қатысатын мемлекеттер делегацияларының құрамын олармен алдын ала келісе отырып жасақтайды. Сондай-ақ оларға хатшылық атынан ресми шақырулар жіберуді ұйымдастырады, сонымен қатар делегацияларды әуежайдан қарсы алу, делегаттарды қонақүйлерге орналастыру, оларды көлікпен қамтамасыз ету, делегациялардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тіпті съезд отырыстарында баяндамашыларға сөз беру сияқты көзге көріне бермейтін логистикалық ұсақ-түйектермен қатар, съезд шешімдерін үйлестіру және дайындау, қабылданған шешімдерді іске асыру секілді аса жауапты мәселелермен де бастан-аяқ айналысады.
Осы орайда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезінде қабылданған тағы бір бастама туралы айтқан жөн. Съезд ұсынған ол бастаманың негізгі мақсаты Елбасы атындағы Конфессияаралық және өркениетаралық диалог орталығын құру болатын. 2019 жылы 25 сәуірде Қазақстан Үкіметінің шешімімен құрылған бұл Орталықтың құзырына мыналар жатады:
- Барлық діндер арасында өзара сыйластық атмосферасын қалыптастырып, бейбіт келісім орнатуға атсалысу;
- Тұрақты негізде отандық және шетелдік діни бірлестіктер мен олардың лидерлерінің арасында өзара ықпалдастық орнатуды қамтамасыз ету;
- Халықаралық құрылымдармен (ұйымдармен, орталықтармен т.с.с.) дінаралық және мәдениетаралық қарым-қатынастар орнату;
- Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезін, сол сияқты съезд хатшылығы мен оның жұмыс тобының отырыстарын ұйымдастыру және өткізу;
- Дінаралық және мәдениетаралық диалогтарды нығайтуға бағытталған халықаралық, республикалық және аймақтық конференциялар, дөңгелек үстелдер, семинарлар, акциялар мен конкурстарды ұйымдастыру және оларға қатысуға бағытталған іс-шараларды іске асыру;
- Шетелдерде және өз елімізде діни тақырыптарға қатысты БАҚ-та жарияланған материалдарды зерделеу;
- Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының жұмыстарына атсалыса отырып, әртүрлі деңгейдегі ақпараттық-түсіндіру топтарының дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға бағытталған іс-шараларына қатысу және оның ішінде діни экстремизм мен оның өзге көріністеріне қарсы тұру;
- Халықаралық деңгейде конфессияаралық диалогты өрістетудің қазақстандық тәжірибесін дәріптеу.
Көріп отырғанымыздай, аталған съездің, съезд хатшылығының, Елбасы атындағы Конфессияаралық және өркениетаралық диалог орталығының мүдделері мен көздейтін мақсаттары ортақ және олардың бірін-бірі өте үйлесімді толықтырып тұрғаны күмән тудырмайды. Өйткені олардың мүдделері әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің төмендегі мақсаттарымен сабақтас екені көзге ұрып тұр:
- Әлемдік және дәстүрлі діндердің нысандарынан жалпы адамзатқа пайдалы бағыт-бағдарлар іздеу;
- Бейбіт өмір, келісім және шыдам мен сабыр секілді құндылықтарды бүкіл адамзаттың мызғымас қағидаларына айналдыру;
- Діндераралық диалог пен жан-жақты келісілген шешімдер қабылдай алатын халықаралық және конфессияаралық тұрақты институттың қызметін нығайту;
- Дінаралық және конфессияаралық диалогты нығайтуға бағытталған съездерді дәстүрлі құрал ретінде күшейте түсу;
- Болашақ съездердің жан-жақты келісілген идеологиясы мен тұжырымдамаларын объективті әрі құзырлы деңгейде дайындау үшін съездің тұрақты жұмыс органын құру;
- Әртүрлі мәдениет және дін өкілдерімен диалогты кеңейте түсу мақсатында олардың бұқаралық ақпарат құралдарын, жастар бірлестіктерін, ғылыми және шығармашылық интеллигенциясын тарта отырып, іс-шаралар өткізуді кеңейту;
- Діни қоғамдастықтар арасындағы түсіністік пен сыйластықты тереңдету және нығайту;
- Сабырлылық пен сыйластық мәдениетін дамыта отырып, оларды экстремизм мен жеккөрушілік идеологиясына қарсы қою;
- Өркениетаралық, мәдениетаралық және дінаралық диалогты жаһандық деңгейге көтеру;
- Дінаралық, мәдениетаралық және өркениетаралық диалогты күшейту үшін барлық халықаралық ұйымдар және құрылымдармен ықпалдаса отырып, қарым-қатынас орнату.
Бұл тұрғыдан келгенде, жоғарыда аталған қазақстандық құрылымдардың миссиясы кейбір халықаралық институттардың, атап айтқанда, Варшавада орналасқан ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросы, АҚШ-тағы Хельсинки комиссиясы немесе Human Rights First сияқты адам құқықтарын қорғайтын халықаралық институттардың мақсат-мүдделерімен де үндеседі. Мұндай институттар Біріккен Ұлттар Ұйымымен қатар, Еуропа Кеңесінің аясында да жұмыс істейді.
Аталған институттар тек мұсылмандардың ғана құқығын қорғамайды, олар сонымен қатар антисемитизммен де күрес жүргізіп, христиан немесе басқа діндегілердің де құқықтарының бұзылмауын қоса қадағалайды. Әйткенмен, мұсылмандарды шеттету мен кемсітушілікті, ксенофобияны толық ауыздықтауға немесе тоқтатуға жоғарыда аталған институттардың шамасы жете бермейді.
Сондықтан Қазақстанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өтіп тұратын мәдениетаралық, дінаралық және өркениетаралық диалогтарға арналған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі секілді тұрақты халықаралық форумдардың жүйелі түрде жүргізілуі – өте құптарлық шара. Өйткені ондай форумдардың мінбелеріне көтерілетін шешендердің бәрі дерлік – халықаралық аренадағы абырой-атағы биік, қоғам, дін және мемлекет қайраткерлері. Олар дінаралық, мәдениетаралық және өркениетаралық диалогқа, ксенофобия мен адам баласын шеттету мен кемсітуге бағытталған күресті күшейте түсуге, нәсілшілдікті жоюға, дінаралық айырмашылықтардан гөрі олардың арасындағы ортақ құндылықтарды дәріптеуге шақырады. Бұл тұрғыдан алғанда, көзі тірісінде Қазақстанда болып қайтқан Ватиканның бұрынғы басшысы, Иоан Павел Екіншінің мына бір сөзі ойға оралады. Ол өзінің естеліктерінің бірінде: «Діндердің арасындағы айырмашылықтарға таңғалудың орнына, олардың арасындағы ортақ ұқсастықтар мен құндылықтарға таңданған жөн», деген өсиет қалдырған.
Сондай-ақ ислам діні мен басқа діндердің араларындағы қайшылықтарды жоюдың тағы бір мүмкіндігі бар. Бұл мемлекет басшылары мен саясаткерлердің құзырына жататын мәмілегерлік шеберлік дер едім. Мұның бір жақсы үлгісін 2009 жылы 4 маусымда Америка Құрама Штаттарының Президенті Барак Обама көрсетті. Ол өзінің Египетке жасаған ресми сапары кезінде Каир қаласындағы мың жылдан аса тарихы бар әл-Азхар университетінде лекция оқып, бүкіл мұсылман әлемін сүйсіндірген үндеу жасады.
Барак Обаманың бұл үндеуі Мұсылман өркениетінің алдында Батыс өркениетінің қарыздар екенін бүкіл әлемге паш етті. Сонымен қатар бұл үндеу қиюы кетіп бара жатқан Батыс пен Шығысты татуластырып, жақындастыруға өзіндік жол ашатын көпір секілді әсер қалдырды.
Шынында мұсылман әлемі Барак Обаманың Каирде сөйлеген сөзін жылы қабылдап, бір сәтке болса да Батысқа риза болып қалған-ды. Бірақ өкінішке қарай, бүгінгі таңда қалыптасып отырған шиеленістер қол жеткен жетістіктерді жуып-шайып кетті. Солай бола тұрғанмен, ел мен елді, мәдениет пен мәдениетті, өркениет пен өркениетті, дін мен дінді татулыққа шақыруда әлемнің көшбасшы саясаткерлерінің атқаратын рөлі мен жауапкершілігі ерекше екенін бүгінгі болмыс дәлелдеп отыр. Өйткені абырой-атағы биік ел басшылары мен сардар саясаткерлердің шынайы да жүрекжарды сөздері ақпарат құралдары арқылы тез тарап, көрермен мен тыңдаушының санасына сәуле түсіріп, ойын түзейді. Ал ойы мен санасы түзелсе, кез келген азаматтың да, бүкіл адамзаттың да іс-әрекеті түзеледі.
Міне, осы тұрғыдан алып қарайтын болсақ, ЕҚЫҰ-ның 2010 жылы төрағасы болған Қазақстанның аталған ұйымға мүше мемлекеттерге көрсеткен үлгісі мол болды. Бұған «Сырт көз – сыншы» демекші, аталған ұйымның Іс басындағы төрағасының жеке өкілі ретінде АҚШ-тағы мұсылман қауымының жағдайымен танысып, сондағы үкіметтік емес мұсылман ұйымдарының уәждерін АҚШ Конгресінің ғимаратында отырған Хельсинки Комиссиясының мүшелеріне баяндағанымда көзім анық жетті. Аталған елде жол берілген мұсылмандарды кемсіту мен шеттетудің нақты мысалдарын жіпке тізгендей етіп, ағылшын тілінде баяндап едім, құрамының басым көпшілігі конгресмендерден тұратын Комиссияның мүшелері құлақ түріп тыңдады. Жарыссөз соңында Комиссия мүшелері сұрақ қойып, біздің елдегі мұсылман және басқа діндегілердің құқықтарының сақталу дәрежесін білгісі келді. Мен көпэтносты және көпконфессиялы Қазақстандағы ауызбіршілік пен татулықтың орнықтылығын, адамды кемсіту мен шеттетудің біздің елге жат қылық екенін және олай етуге Ата Заңымыз – Конституцияның жол бермейтінін көлденең тарттым.
Кездесу соңында Хельсинки Комиссиясының Төрағасы – АҚШ сенаторы Бенджамин Карден ризашылығын білдіріп, Қазақстандағы этносаралық және конфессияаралық татулықтың жоғары деңгейде екенін жақсы білетінін және бұл тұрғыдан, Қазақстанның өзге мемлекеттерге үлгі екенін ашық айтты. АҚШ-тың ақпарат құралдарының өкілдері әлгі ресми пікірді лезде бүкіл әлемге таратып жіберді.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», деген осы болар, сірә. Вашингтондағы АҚШ Конгресінің күмбезді ғимаратынан Қазақ елінің атына айтылған әлгі әділетті бағаны өз құлағыммен естіп, қуана-қуана шыққанымды жасырмаймын.
Әділ АХМЕТОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 2009-2013 жылдар аралығында ЕҚЫҰ Іс
басындағы төрағасының мұсылмандарды кемсіту және шеттетумен күрес жөніндегі
жеке уәкілі