Әдебиет • 27 Қыркүйек, 2021

Шерханның шамырқанысы

906 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ бас­па­сө­зінің арғы-бер­гі тарихын түгел тәп­сірлегенде, оның бай шежі­ресін тұтас баян еткенде есімдерін атамай кетпейтін, ғибратты жолда­рына соқпай өт­пейтін тұлғалар бо­лады. Сондай заңғарлардың қа­­тарында біз әл­бетте, Шерхан Мұр­­тазаны айтар едік. Шерхан Мұр­­таза деген­де біздің көз ал­ды­мызға айбары­нан алып таулар ығатын, тегеуріні қара тасты қа­мыр­­ша илеп жіберердей найзағай мінез тұлға келе қалады. Алаштың арыстан тұлғасы Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген сөзін бүгінде ерсілі-қарсылы қолдана беретін болдық қой. Асылында, мұндай кесек сөзді кез келген жерге жойдасыз жұмсамасақ керек еді.

Шерханның шамырқанысы

Мұртаза мінезі – ұлт мінезі. Шерхан биік мінберден ақиық қырандай саңқ ете қалғанда, оның даусынан мұқым қа­зақтың кеудесінде мыңдаған жыл бойы айтылмай келген арзу естілгендей ел елең ете қалатын. Ол туралы естеліктерге ден қойғанда, тарих таспасына үңілгенде Шерхан-болмыс үнемі ширығып сөйлейтінін, жазғанда да жеріне жеткізіп, шегелеп жазатынын аңғарар едік. Оның намыс найзағайындай шарт кететін «шатақ» мінезі одан кейінгі ұсталатын әр қа­ламға, сөйленетін әр сөзге, мі­нілетін әр мінберге айбар, сес, үлгі болуы керек. Шерханның шамырқанысын былай қойғанда, Шерхан үнсіздігінің өзі мәслихат төрін жеп қоя жаздар еді. Кейде адамға жекіп ұрысқаннан да ауыр жаза, үндемей қою ғой.

«Араны ашылған қыран не аңды алады, не аңшының өзін алады» деген жалғыз ауыз сөзден кейінгі ұзақ кідіріс көбіміздің есімізде болуы керек. Ол кідіріс жай кідіріс емес, сол кідіріске дейінгі айтылған сөзден де сал­мақты, сол кідірістен кейін де айтылатын барлық сөздің жүгін арқалап тұратын, кез келген адамның иығы көтере алмайтын, жүйкесі шыдас бермейтін кідіріс болатын. Одан әрі қарай «Осыған қатты мән берсеңіз» делінді.

Иә, мұндай кідірісті табаны нық тұрған тұлға ғана ұзақ ұс­тай алады. Сондай-ақ Шер­хан­ның шамырқанысы осындай кідірістерімен де өтімді болды.

Біз тәуелсіз еліміздің ен тегін байлығының еш қадағалаусыз, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында сұраусыз кетіп жат­қанын қанша жерде айттық екен? Әлі де айта беруіміз мүмкін? Бірақ Шерханның ширығып келіп, шарболаттай шоқ шашып тұ­рып айтқан бір ауыз сөзіне көбісінің көпірік сөзі астар бола алмай қалды.

«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген сөз саңқ ете қалды!.. Зал сілтідей тынған. «Біздің жас мемлекетіміздің қазына-қақпағы ашылған екен, соны ұяты кеткендер талан-таражға салып жатыр», деп тағы да кідірді. Жай кідірген жоқ, жан-жағын отты көздерімен бір шолып алып әрі қарай негізгі ойларын сабақтады.

Былай қарасаңыз, бағанағы айтқан мәтеліміз де, мынау да әрбіріміз айтқан, әр кітапта жүр­ген, арнайы қолданбасаң тіпті маңызы жоқтай сөз болуы да ғажап емес. Алайда ол Шерхан шамырқанысынан естілгенде, бас­қаларды білмейміз, парламент төрінің түс-өңін айтып жет­кізу қиын.

Хан айтқан сөзді қара да айтады, аузының дуасы жоқ дейміз бе? Иә, Шер-Хан айтқанда әр сөз­ге жан, әр үнсіздікке тіл бі­тер еді.

Шерағаң шамырқанысы ұлт­ты ұйқысынан құралайдың сал­қынындай оятып тұрды.

Сөзімізді Ақаңша, Ақселеу Сейдімбекше түйіндесек, әр сөзіне қарауыл қойып сөйлейтін қазақтың алғадай арысы Шерхан Мұртаза – қазақтың бетті де берік мінезі еді-ау!..