Руханият • 27 Қыркүйек, 2021

Мейірім пәлсапасы

399 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміз тәуелсіздігінің 30 жылдық даталы мерекесі аясында, Мәдениет және спорт министрлігі «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің парасаттылық мәдениетін ілгерлетуге арналған ведомствоаралық іс-шаралар жоспары бойынша, елордадағы Ұлттық кітапханада «Мейірім пәлсапасы» атты туындының тұсауы кесіліп, аталмыш шараға Парламент Сенат және Мәжіліс депутаттары, елімізге танымал ғалымдар, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері қатысты.

Мейірім пәлсапасы

Маңызды шараны ашып сөз сөйлеген Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов өз сөзінде: ««Адам нәсілін жер бетінде баянды етіп тұрған бірден-бір күш мейірім мен рақым»  деп белгілі қоғам қайраткері, жазушы Әбіш Кекілбай айтқанындай, бүгінгі тұсауы кесіліп отырған туынды адамдардың рухын оятып, ізеттілікті, ізгілікті дәріптеуде үлгі-өнеге болары анық. Туынды авторы Үзбен Құрманбайұлы зейнеткерлік жасына қарамай, тынымсыз еңбек етіп, қоғамның дамуына үлес қосып келе жатқаны қуантарлық», деп игі ниетін білдірді.

Осы ретте тұсауы кесіліп отырған туындының мазмұнына тоқталсақ:  жеті бөлімнен тұратын еңбекте автор мейірімді қоғам құруға қатысты негізгі факторларды түгел жуық қамти алған. Бірінші бөлімінде Жаратушының мейірімділік заңдылығына негізделген мейірім пәлсапасының маңызына тоқталып, оның күллі адамзат баласын бақытқа, байлыққа бастайтын ақ жол екенін айқындауға көңіл бөлінген.

2

Екінші бөлімде, бүгінгі өмір сүріп отырған қоғамымыздағы сыбайластық, жемқорлық келеңсіздіктерге талдау жасай отырып, халықты, әуелгі кезекте мемлекеттік қызметтегі лауазым иелеріне мейірім, ізгілік қалыптастыру жолдарын қарастырады.

Үшінші бөлімде, ізгілік тұрғысындағы әлемдік ойшылдар мен қазақ даналығының бір-бірімен ұштасып жатқанын дәлелдей отырып, қазақ пәлсапасын біздің тәуелсіз мемлекетімізді қорғап сақтаудың, дамытудың кілті ретінде қарастырады.

Төртінші бөлімде, мемлекет пен халық арасындағы өзара байланысын нығайтудың жолдары қарастырылады. Ал келесі бөлімдерде бүгінгі қоғамдағы басты кемшілік – қоғамдық қатынастағы алауыздық, бақталастық, көре алмастық сияқты жат пиғылдардың салдары, мұны жоюдың жолдары, ұлттық тіліміздің мемлекет қалыптастырудағы рөлі туралы айтылады.

5

Кітаптың соңғы бөлімінде автор мейірімді қоғам құрудың іргетасы ретінде «Нұр-Сұлтан қаласын мейірімді қалаға айналдырудың тұжырымдамасын» ұсынады. «Жаратқаннан берілген мейірімділік заңдылығын, оны дәріптеген ұлтымыздың бұрынғы-соңғы ойшылдарының идеясын өмірде жүзеге асыру, қалыптастыру арқылы қоғамдық қатынастағы кінәраттың бәрінен айығуға, қоғамды түзеуге болады», деген идеяны негіз еткен бұл кітап алдағы күндері оқырмандарынан өз бағасын алары сөзсіз.