Спорт • 28 Қыркүйек, 2021

Каунастағы камбэк

258 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Балтық жағалауында өтіп жатқан әлем чемпионатының жартылай финалына жолдама алған командалар толықтай анықталды. Бұған дейін Аргентин мен Бразилияның бағы жанса, келесі күні Испания мен Португалия және Иран мен Қазақстан ұлттық құрама командалары арасындағы шиеленісті бәсекелерді тамашаладық.

Каунастағы камбэк

Иранның мықты қарсылас екеніне ешкімнің де күмәні жоқ. Олар осы күнге дейін 15 мәрте жалауы желбіреген Азия чемпионатында 12 рет бас жүлдені олжалады. Тек үш жарыста алтын тұғырды Жапония құрамасына босатты. Сонымен қатар, ирандықтар әлем чемпионатында жүлде алуға күш-жігері жеткен сары құрлықтағы жалғыз команда. 

Парсы елінің өкілдері 2016 жылы Колумбияда өткен дүниежүзілік додада қола медальді мойындарына ілді. Тарқатып айтсақ, топтық турнирде Испаниядан (1:5) ұтылып, Марокконы (5:3) ұтты. Әзербайжанға (3:3) қарсы матчта тең есеп тіркелді. 1/8 финалда даңқты Бразилия құрамасының (4:4, пенальтиден 2:3 ) өзін жолынан ығыстырды. Ширек финалда Парагвайды (4:3) қапы қалдырып, жартылай финалда Ресейге (3:4) есе жіберді. Ал қола медаль үшін сайыста Португалияны (2:2, пенальтиден – 4:3) жеңді. Сондай-ақ, ирандықтардың 1992 жылы да жеңіс тұғырына көтерілуге мүмкіндігі болды. Алайда үшінші орын үшін тартыста Испанияға (6:9) есе жіберіп, үздіктер қатарына қосыла алмады.   

Түрлі байрақты бәсекелерде Қазақстан мен Иран футзалшыларының жолдары бірнеше мәрте қиысты. Ең маңызды бәсекелерге тоқталатын болсақ, 1996 жылы Испаниядағы әлем чемпионатының іріктеу турнирінде отандастарымыздың тас-талқанымызды шығарды – 14:2. 2000 жылы Таиландта жалауы желбіреген Азия біріншілігінің ақтық сынында тағы да ұтылдық – 1:4. 2016 жылы Тай елінде ұйымдастырылған халықаралық турнирде қос команда тең тарасты – 3:3. 2017 жылы өз жерінде өткен жарыста алаң иелері бір доп айырмашылығымен жеңіске жетті – 2:1. Бір сөзбен айтсақ, осы күнге дейін біздің футзалшылардың ирандықтарға әлі жетпеген екен. 

Каунастағы матчты Иран құрамасы қарқынды бастады. 8-минутта Мослем Оладгобад пен 15-минутта Ахмад Эсмаэльпур нысананы дәл көздеді – 0:2. Бұл екі шабуылдың өте жылдам ұйымдастырылғаны соншалық, қорғаушыларымыз не болғанын түсінбей де қалды. Тіптен, аса епті деген Игитаның өзі қауіптің бетін қайтара алмады. Осы орайда, біздің команданың да есепті өзгертуге жақсы мүмкіндігі болғанын айта кеткен жөн. Бірақ қатарынан екі гол жіберіп алғаннан кейін жігіттердің салы суға кетті ме, әйтеуір олардың сансыз әрекеті еш нәтиже бермеді. Кейбір сәтте жерлестерімізге дәлдік жетпеді, кейбір тұста Иранның қақпашысы Әлиреза Самими өте керемет ойнады. Бірінші кезеңнің өзінде ол сегіз бірдей сейв жасады. 

Үзіліс кезінде Рикардо Кака өз шәкірттерін қалай жігерлендіргенін біз білмейміз. Бір анығы, екінші кезеңге қазақстандықтар мүлде басқа кейіпте шықты. Олар ырғалып-жырғалып жатпай, қарсыластар қақпасына бірден лап қойды. Алыс қашықтықтан Дугластың қаңырата тепкен добы бірде бағанаға тисе, енді бірде маңдайшаны жалап өтті.  25-минутта Дәурен Тұрсағұлов оңтайлы сәтті мүлт жіберген жоқ. Оның тепкен добы Самимидің қолына тиіп, қақпа торынан табылды – 1:2. Есеп айырмашылығы қысқарғаннан кейін жанкүйерлердің де кеудесінде үміт оты маздады. 29-минутта жерлестеріміз айып добын орындады. Әріптесінен доп алған Арнольд Кнауб еш ойланбастан оны қақпаға қарай бағыттады – 2:2. 

Қолда тұрған жеңістен айырылып қалу қауіпі туындағаннан кейін ирандықтардың да тізгінді қайта қолға алуға тырысып бақты. 33-минутта олар таразы басын теңселуге шақ қалды. Қарсыластар командасының ойыншылары дәл қақпаның алдында тұрып, екі бірдей аса қауіпті соққы жасады. Екі ретінде де Игита мінсіз ойнады. Кездесудің аяқталуына екі минуттай уақыт қалғанда Тайнан керемет мүмкіндікті пайдалана алмады. Оның кешеуілдетіп тепкен добын қақпашы сыртқа қағып жіберді. Егер ол кібіртіктеп қалмай сәл жылдамырақ қимылдағанда жағдай мүлде басқаша болатын еді. «Әттеген-ай» дегеннен басқа аузымызға сөз түспеді. Есесіне бұрыштамадан берілген допты жақсы қабылдаған Тайнан осы ойындағы жеңіс голының авторы атанды – 3:2. 

Осылайша, Парсы елінің өрендерінен басым түскен Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының жартылай финалында күш сынасу құрметіне ие болды. Бұл жай ғана жеңіс емес, тарихи жеңіс! Осыны естен шығрмаған абзал. Оның үстіне, жерлестеріміз керемет камбэк жасады! Екі доп айырмашылығымен жеңіліп жатып, жеңісті қарсыласының уысынан жұлып әкетті. Осылайша, өз тарихымызда алғаш рет жүлделі орындар үшін таласу мүмкіндігіне ие болдық. 

Матч аяқталған бетте Иранға қарсы бәсекені тамашалаған барша қазақстандық жанкүйер Кака бастаған командаға ақ алғысын жаудырды. Бас бапкердің өзі де аса қиын сәтте жігері жасымаған жігіттердің жанкештілігіне зор ризашылығын білдіріп, «Егер мен қазақ болсам, осы команданы әркез мақтан тұтар едім» деп ақжарма көңілін ақтарды. Оған біз де қосыламыз. Десек те арқаны кеңге салуға әлі ерте. Алда – жартылай финал. 30-қыркүйекте азулы Португалия құрамасына қарсы ойнаймыз. Олар өз кезегінде даңқты алысқа жайылған Испания футзалшыларын қосымша уақытта 4:2 есебімен ұтты.