Өнер • 28 Қыркүйек, 2021

Бағзыдан жеткен баба жыр

545 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылордада ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Сыр сүлейі Кете Жүсіп Ешнияз­ұлының туғанына 150 жыл толуына арналған «Жырлансын, Тәуелсіздік жыр бұлағы» атты республикалық жыршы-жыраулар байқауы өтті. Нартай Бекежанов атындағы облыстық музыкалық драма театрында ұйымдастырылған байқауға еліміздің әр түкпірінен дәстүрлі өнерді дәріптеп жүрген өнерпаздар қатысып, көрерменді даңғыл жыраудың мол мұрасынан сусындатты.

Бағзыдан жеткен баба жыр

Жыршы-жыраулар байқауының ашылу рәсімінде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Ежелгі ұзандардың ізі қалған, үні сақ­талған Сырда дәстүрлі жырдың байрағы биік тұратыны белгілі. Қобыз сарынынан дүние тылсымын іздеген Қорқыттан бастау алатын бағзы өнердің рухани қазынаға айналуына өлшеусіз еңбек еткен Шораяқтың Омары, Балқы Базар, Қарасақал Ерімбет, Кете Жүсіп, Дүр Оңғар, Тұрмағамбет, Нұртуған мен Нартайдай дүлдүлдер дүниеге келген топы­рақтағы бүгінгі жыр сайысы дәстүрлі мұра­ның өшпейтіндігін айғақтайды, – деді облыс әкімі.

Жыр додасында бағзы өнердің әлемдік деңгейде насихатталуына үлес қосып, жыр керуеніне талай талантты шоғырды тәрбиелеп қосқан белгілі жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы және Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Алмас Алматов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану ғылымдарының кандидаты, Қазақ ұлттық өнер университетінің про­фессоры Елмұра Жаңабергенова, Қа­зақстанның еңбек сіңірген қайраткері, фило­логия ғылымдарының кандидаты, Құр­ман­ғазы атындағы Қазақ ұлттық консер­вато­риясының аға оқытушысы Ұлжан Бай­босынова, қоғам қайраткері, өнер жанашыры Рзақұл Нұртаев, жыршы-жырау, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Майра Сәрсенбаева қазылық етті.

Жыр додасына Ақтөбе қаласынан Демеу­бай Жолымбетов, Маңғыстаудан Амангелді Сәңкібаев, Кереку өңірінен Бөкен Жігер, Алматы қаласынан Бақыт Тоғжанова, Қызыл­орда қаласынан Әділхан Қуаңбаев, Болат Баймұратов, Серік Жақсығұлов, Жақ­сан Жәнібек, Малика Алдамжарова, Арал ауданынан Айбек Тәңірбергенов пен Бексұлтан Орынбасар, Шиеліден Мұхамедәлі Бекпейісов, Қармақшы ауданынан Әлішер Мырзағалиев қатысып, Жүсіп Ешниязұлының бұрын-соңды көп орындалмай жүрген айтыс, термелері мен «Шәһзада», «Сұрмерген», «Мекер қатын» дастандарын орындады.

 Қазылар алқасының төрағасы Алмас Алматов Сыр сүлейінің мол мұрасын насихаттауда үш буын өкілдерінің басын қосқан бүгінгі іс-шара аймақтың мәдениет саласындағы айтулы бастамасының бірі болғандығын атап өтті.

– Бұрын орындаушыларымыз концерттік жүйе бойынша 4-5 минут қана өнер көрсетіп, мүмкіндігін толық көрсете алмай жататын. Бұл жолы сахнаға шыққандарға жарты сағат уақыт берілді. Алда жыршы-жыраулардың алдына қоятын мақсат, міндеттер күрделене бермек. Мысалы, Ақтөбе облысында «Қырым­ның қырық батырын» 30 жыршы-жырау

60 са­ғат жырлады. Өнер иесін кемелдендіріп, шеберлігін шыңдай түсетін осындай бастама Сырда да қолға алынып жатыр, – деді жырау.

Осы күні «Жырлансын, Тәуелсіздік жыр бұлағы» атты республикалық байқау өз мә­ресіне жетті. Қазылар алқасының шеші­мімен бас жүлде аралдық Айбек Тәңір­бергеновке табысталды. Бірінші орын қызыл­ордалық Серік Жақсығұловқа берілсе, ІІ орын­ды ақтөбелік Демеубай Жолымбетов жеңіп алды. ІІІ орынды Павлодар қаласынан Бөкен Жігер, Қызылорда қаласынан Жақсан Жәнібек және Арал ауданынан Бексұл­тан Орын­басар өзара бөлісті. Қалған қатысу­шыларға ынталандыру сыйлығы бұйырды.