Аймақтар • 29 Қыркүйек, 2021

КСРО төлқұжатымен жүрген 150-ден астам адам анықталды

582 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстанда 150-ден астам азамат КСРО паспортымен жүрген, деп жазады Egemen.kz.

КСРО төлқұжатымен жүрген 150-ден астам адам анықталды

Көші-қон қызметкерлері «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы кезінде жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұратын, сондай-ақ 1974 жылғы үлгідегі КСРО паспортын уақтылы алмастырмаған адамдарды анықтау жұмысы жүріп жатыр.

Бұл адамдар жеке басын куәландыратын құжат болмауына байланысты денсаулық сақтау, білім беру қызметін алуда, қажетті жәрдемақы мен зейнетақыны ресімдеуде шектеулі. Сонымен қатар ресми жұмысқа орналасуға мүмкіндігі жоқ.

Жыл басынан бері 1974 жылғы үлгідегі КСРО паспортымен жүрген 150-ден астам адам анықталды.

«Осылайша, Алтай ауданының полиция бөліміне 49 жастағы азамат жүгініп, ол 1988 жылы Украинада берілген 1974 жылғы үлгідегі КСРО паспортымен жүргенін айтқан. Ер адам Қазақстанға 90-шы жылдары келіп, Өскемен қаласында әскери қызметін өтеген. Жаңа Бұқтырма кентінде жұмыс істеп, өмір сүрген. 25 жылдан астам уақыт бойы құжаттарды жолдаса да Украинадан жауап келмеген», деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.

Көші-қон қызметкерлері Қазақстан Республикасының консулдығы арқылы Украинадан қажетті құжаттарды сұратуға жәрдем көрсеткен. 17 қыркүйекте азаматқа ҚР азаматының жеке куәлігі рәсімделді.

«Осыған байланысты қандай да бір себептермен жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ азаматтарға Қазақстан Республикасы азаматының немесе азаматтығы жоқ адамның жеке куәлігін ресімдеу үшін тұрғылықты жері бойынша көші-қон қызметіне жүгінуге кеңес береміз», деп жазады Polisia.kz.