Экономика • 30 Қыркүйек, 2021

Дизель отыны жеткілікті ме?

253 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл Қазақстанда дизель отынын өндіру көлемі 4,9 млн тоннаны құрады. Бұл 2015 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш саналады. Осы және жағармай нарығындағы басқа да ақпараттар туралы Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов айтып берді.

Дизель отыны жеткілікті ме?

Вице-министрдің айтуынша, соңғы 5 айда тұтыну көлемі былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 480 мың тоннаға және 2019 жылдағы кезеңге қарағанда 246 мың тоннаға жоғары болды.

«Республика аумағындағы бөлшек сауда бағасы көрші елдерге қарағанда айтарлықтай төмен. Бұл өз кезегінде транзиттік көліктердің дизель отынын сатып алу көлемінің артуына және сыртқа қарай кетуіне ықпал етеді. 2018 жылы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы көтерме бағаның айырмашылығы тоннасына шамамен 20-30 мың теңгені құрады. Бұл шекаралық облыстардағы автокөлік жағармай құю стансаларындағы дизель отынын импорттауға мүмкіндік берді. Қазір көтерме бағаның айырмашылығы тоннасына 80-90 мың теңгені құрайды. Ресейде жағармайдың көтерме бағасы әлемдік мұнай бағасының өсуімен бірге өсті. Ал Қазақстанда бұл кезде бағалар сәл ғана өзгерді. Ресей Федерациясынан дизель отыны салықсыз жеткізілсе, Қазақстанға импорт кезінде қазақстандық қосылған құн салығы және тоннасына 540 теңге акциз төленеді», деді вице-министр.

Таяуда аталған ведомство Ресейдің Энерге­тика министрлігімен шамамен 100 мың тонна көлемінде дизель отыны импортының қажетті көлемін бөлуге қатысты келіссөздер жүргізіпті. Атап айтқанда, қазір жағармай стан­саларының ірі желілері ресейлік тасымалдаушылармен келіссөздер жүргізіп жатыр.

Сондай-ақ Ә.Мағауов қазан айынан бас­тап Павлодар мұнай өңдеу зауыты жос­парлы жөндеу жұмыстарына байланысты тоқтайтынын жеткізді.

«1 қазаннан бастап Павлодар мұнай-химия зауыты жоспарлы жөндеу жұмыстарына байланысты тоқтайды. Бұл жұмыстар негізінен шілденің соңы мен тамыздың басында жүр­гізілуге тиіс еді. Бірақ мұнай өнімдерінің қорын құру үшін жөндеу жұмыстарын қазан айы­на шегеру туралы шешім қабылданды. Десек те дизель отынын сатып алу деңгейі айтар­лықтай ұлғайып, отын қалдықтары 210 мың тон­на деңгейінде тұр, бұл шамамен 11-12 күнге жетеді», деді Энергетика министрінің орынбасары.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мұнай өңдеу және мұнай химиясы департаментінің директоры Дмитрий Макеевтің айтуынша, 3 мұнай өңдеу зауытында дизель отынын өндірудің қазіргі көлемі тәулігіне 16 мың тонна шамасында.

«Елімізде дизель отынын тұтынудың өте жоғары деңгейі сақталып отыр. Нақты айт­қанда, тәулігіне – 16,5 мың тонна. 1 қазан­да Пав­лодар зауыты жоспарлы жөндеу жұмыс­тарына тоқтайды. Бұл ретте Атырау және Шым­кент мұнай өңдеу зауыттарының дизель отынын тәуліктік өндіру көлемі 9,5 мың тон­наға жуықтайды. Қазанда Атырау зауыты – 133 мың тонна, ал Шымкент зауыты 161 мың тонна дизель отынын өндіреді. Павлодар мұ­най өңдеу зауыты жөндеуге тоқтағанға дейін кәсіп­орында 27 мың тонна көлемінде қор жинақ­талады. Бұған қоса АИ-92 бензиніне бай­ла­нысты 45 мың тонна және АИ-95 бойын­ша 2 мың тонна мөлшерінде қор жиналуы тиіс. Пав­лодар мұнай-химия зауытын іске қосу қазан айы­ның соңына жоспарланған. Тауарлық дизель тәу­лігіне 6 мың тонна көлемінде 28 қазан­нан бастап жөнелтіле бастайды», деді Д.Макеев.

Компания өкілі айтқандай, Павлодардағы зауытқа күрделі жөндеу жұмыстары 2018 жылдан бері жүргізілмеген. Тұтастай алғанда, мұнай өңдеу зауыттарында күрделі жөндеу жұмыстары 3 жылда бір рет іске асырылады, деп нақтылады Д.Макеев.