Коронавирус • 30 Қыркүйек, 2021

Вакцина салдырып, автокөлік ұтты

135 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Коронавирус инфекциясына қарсы екпе алудың маңыздылығын әрбір тұрғын сезінбейінше, бұл тығырықтан алып шығар жолды табу қиынның қиыны болып тұр. Қазіргі уақытта осы мәселенің түйінін шешудің амалдарын қарастырып жатқан әрекеттердің бәріне де түсіністікпен қарауға тура келеді. Мысалы, тұрғындарды вакцина алуға ынталандыру.

Вакцина салдырып, автокөлік ұтты

Таяуда «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы осы бағытта игі іс-шара ұйымдастырып, вакцина салдырған қыз­мет­керлер арасында екі Lada Vesta авто­көлігін ұтысқа ойнатты.

Онлайн режімінде болат және кө­мір де­партаменттерінің қызметкерле­рі ара­­сында өткен ұтыс ойынында же­ңім­­паздар кездейсоқ сандар гене­ра­­­­то­рының көмегімен анықталды. Ойын­­ның ашықтығын қамтамасыз ету мақ­­са­тында бақылаушылар ретінде кә­сіп­одақ өкілдері мен қызметкерлері, сон­дай-ақ журналистер мен блогерлер қатысты.

Ұтыс ойынының қорытындысы бо­йынша, металлургия зауытындағы кон­верторлық цехтың дәнекерлеуші-жөндеушісі Нұрхан Смағұлов пен Түсіп Күзембаев атындағы шахтаның желдету және қауіпсіздік техникасы учаскесінің жерасты электр слесарі Талғат Шауғымбеков жеңімпаз деп танылып, су жаңа темір тұлпарларды тақымға басты.

Ұтыс иегерінің бірі Нұрхан Сма­ғұлов­тың компанияда жұмыс істеп жүр­геніне бір жыл да болмаған. Жолы болғыш жұмысшы автокөлік ұтқанын түнгі ауысымнан келген бетте цехтағы әріптестерінен естіпті.

Ал екінші ұтыскер Талғат Шау­ғымбеков болса, ойын онлайн өтіп жатқанда жер астындағы жұмыс нарядын орындап жүріпті. Авто­мобильге ие болғанын жер үстіне кө­терілгенде бір-ақ естіген.

Темір тұлпарлардан бөлек, онлайн ұтыс кезінде тұрмыстық техниканы сатып алуға әрқайсысының номиналы 50 мың теңге болатын 20 сертификат та ойнатылды.

Бұл игі жоба алдағы уақытта да жал­ғасын табатынын айтады ұйым­дастырушылар. Мысалы, 14 қазан күні темір кені департаменті мен еншілес кәсіпорындар қызметкерлері арасында тағы да автокөліктер ойнатылмақшы.

 

Қарағанды облысы