Спорт • 30 Қыркүйек, 2021

Арманымыз – алтын тұғыр!

460 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Еліміздің грек-рим күресі шеберлері арасынан әлем чемпионы шықпағанына бақандай 22 жыл болды. Осы тақырыпқа орай күні кеше ғана «Егемен Қазақстанда» «Осло сапары оң болсын» («ЕҚ», №181, 24.09.21) деп аталатын көлемді мақала жарық көріп, бұл мәселе көпшілікке ой салды. Ал еркін күрестегі жағдай одан да нашар. Осы спорт түрін серік еткен балуандарымыз төрткүл дүниенің мықтылары бас қосқан дүбірлі додада тек күміс және қола медальді иеленумен ғана шектелуде. Кең байтақ Қазақстаннан Олимпия ойындары және әлем чемпионатында алтын алуға лайықты бірде-бір апайтөстің табылмағаны, әрине, көңілге кірбің ұялатады.

Арманымыз – алтын тұғыр!

КСРО дәуірінде де, одан кейін де әлем чемпионы атану бақыты Қазақ­станның еркін күрес шеберлеріне бұйыр­мады. Жарайды, Кеңес Одағы дәуі­рінде қандастарымыз қағажу көріп, өз несі­белерінен қағылды дейік. Ал қазіргі жағ­дай мүлде басқа. Байрақты бәсекелерге қатысып, бас жүлдені бірінен кейін бірін иеленуге бізге ешкім кедергі келті­ріп отырған жоқ. Енді қалай ақталар екен­біз? Нақты деректерге жүгінсек, тәуел­сіз мемлекет, дербес команда ретінде жер­­лестеріміз 1993-2019 жылдар ара­лы­ғында жалауы желбіреген 22 әлем чем­пио­натында күш сынасты. Өкінішке қарай, аталған жарыстардың тең жартысынан қоржынымыз бос қайтты. Анықтап айтсақ, 1993, 1994, 1998, 1999, 2001, 2002, 2006, 2007, 2013, 2014 және 2015 жылдары сенім артқан балуандарымыз тегістей ұтылып, елге еңселері түскен күйде оралды.

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында әлем чемпионатының алғашқы жүлдесін Елмәди Жабырайылов жеңіп алды. Оған дейін Барселона Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем және Еуропа чемпионы, Ізгі ниет ойындарының жеңімпазы ата­нып үлгерген дүлдүл 1995 жылы Атлан­тада өткен біріншілікте күміс ме­дальді мой­нына ілді. Финалда ол АҚШ спортшысы Кевин Джексонға жол берді. 1997 жылы Красноярскіде Атланта Олим­пиадасының қола жүлдегері және Азия ойындарының жеңімпазы деген атағы бар Мәулен Мамы­ров қола жүлдені иеленді. Содан арада біраз уақыт өткен соң Геннадий Лалиев пен Магомед Круглиев үшінші сатыға тұрақтады. 2003 жылы Нью-Йоркте Лалиевтің, 2005 жылы Будапештте Круглиевтің бағы жанды. 2009 жылы Хернингте Леонид Спи­ридонов және 2010 жылы Мәскеуде Әбіл­хакім Шапиев дәл сол межеден көрінді.

Байыптап қарасаңыздар, сол аралықта атой салғандарымыздың арасында жалғыз Мәулен Мамыров қана өзіміздің төл түле­гіміз екен. Ал қалғандары сырттан келген легионерлер. Атап айтсақ, Жабырайылов –чешен, Лалиев – осетин, Круглиев – лезгин, Спиридонов – якут және Әбілхакім Шапиев – авар. Сол легионерлер арасынан тек Магомед Круглиев Қазақстанға қо­ныс аударып, тұрақты түрде осы жақта даярланды. Несін жасырайық, ол кездері біздің бапкерлердің көбінің жергілікті жастарды тәрбиелеуге аса құлқы болмады. Олар Қап тауы бөктерінен дайын спорт­шыларды әкелуге дағдыланып, легио­нер­лерге арқа сүйеді. Осылайша, өз өрен­де­ріміз көлеңкеде қалып қойды.

2011 жылы сең қозғалғандай болды. Ыстанбұлда жалауы желбіреген жа­рыс­та Дәулет Ниязбеков пен Дәурен Жұ­ма­­ғазиевтай жалынды жастар Мәулен Мамыров ағаларының ерлігін қайталап, қола медальді мойындарында жарқыратты. Қандастарымыздың бұл табысы барша қазақ жанкүйерін шаттандырды. Енді біздің жігіттер бірінен кейін бірі топырлап шығып, биік белестердің талайын бағын­дыратын шығар деп үміттендік. Бірақ бәрі біз ойлағандай болмады. 2013-2015 жылдары Будапешт, Ташкент және Лас-Вегас қалаларында өткен үш бірдей бай­рақ­ты бәсекеде оңбай сүріндік.

2016 жылы Мажарстанның бас шаһа­рында Олимпиада бағадарламасында жоқ салмақ дәрежелерінде белдесіп жүр­ген балуандар арасында әлемдік дода ұйым­дастырылды. Сол жарыста Нұрлан Бекжанов ақтық сынға дейін алқын­бай жетті. Финалда ресейлік Магомед Құр­бан­алиевтен ұтылған ол күміс медальді иемденді. 2017 жылы Парижде Ақжүрек Таңатаров қолаға қол созса, 2018 жылы Будапештте Нұрислам Санаев екінші орынды еншіледі.

2019 жылы Нұр-Сұлтанда шымылдығы түрілген дүниежүзілік дода Қазақстанның еркін күрес шеберлерінің мерейін өсіріп, абыройын асқақтатты. Төрткүл дүниенің теңдессіздері бас қосқан бәсекеде төрт бір­дей балуанымыз жеңіс тұғырына көте­рілді. Дәулет Ниязбеков (65 кило) пен Нұр­­қожа Қайпанов (70 кило) күміспен күптелсе, Нұрислам Санаев (57 кило) пен Данияр Қайсанов (74 кило) қола ме­дальді еншіледі. Бұл еліміздің еркін күрес тарихында бұрын-соңды болмаған табыс еді. Десек те көрермендердің көңілінде кір­бің қалды. Алаш топырағында өткен жарыста өз өрендеріміздің бірі алтын тұ­ғырға көтерілсе деп армандаған едік. Бірақ ондай бақ бізге бұйырмады. Финалға шыққан екі балуанымыз да Ресейден келген марқасқаларға жол берді. Дәулет дағыс­тандық Гаджимурат Рашидовтан ұтылса, Нұрқожа осетин Давид Баевтан жеңілді. Осылайша, бұл жолы да қазақ балуандары үшін алтын тұғыр арман болып қалды.

Нұр-Сұлтандағы дода Ресей балуан­дарының нағыз бабында екенін анық байқатты. Аталған мемлекеттің намысын қорғаған Заур Угуев (57 кило), Гаджимурат Рашидов (65 кило), Давид Баев (70 кило), Заурбек Сидаков (74 кило) және Абдулрашид Садулаев (97 кило) сынды Қап тауы қырандары қарсылас шақ кел­тір­меді. Грузия құрамасы сапында белдескен Бека Ломтадзе (61 кило) мен Гено Петриашвили (125 кило) теңдессіз деп танылса, АҚШ балуандары арасынан Кайл Дэйк (79 кило) пен Джейден Кокс (92 кило) алдына жан салмады. Сондай-ақ тағы бір алтын медальді ирандық Хасан Яздани (86 кило) олжалады.

1993-2019 жылдар аралығында өткен әлем чемпионаттарында Қазақстанның еркін күрес шеберлері 15 жүлде жеңіп алды. Оның 5-еуі күміс, 10-ы қола. Осы көрсеткіш бойынша жерлестеріміз үздік­тер тізімінде 21-орынды еншілеуде. Жасы­ратыны жоқ, бұл нәтижеге «көңіліміз тола­ды» деп айтудан аулақпыз. Өйткені алдымызда тұрған біраз командадан Қазақ елі балуандарының әлеуеті әлдеқайда жоғары екені анық. Олай деуге негіз, егер тек медальдар саны ғана есепке алы­натын болса, онда жоғарыдағы тізімде біз 12-орынды иеленетін едік. Өйткені отандастарымыздың алдына шыққан Армения, Оңтүстік Корея, Германия, Жа­по­ния, Канада, Италия, Солтүстік Корея, Үндістан және Молдоваға қара­ғанда біздің жиған жүлделеріміз әлдеқайда көп. Оны төменде көрсетілген кестеден көре аласыздар. Бірақ бір ғана және басты кемшілігіміз қоржынымызда бірде-бір алтынның болмауы. Соның салдарынан біраз командадан төмен тұрмыз.

Әрине, ол олқылықтың орнын түзеуге болады. Ол үшін 2-10 қазан аралығында Норвегияның астанасында өтетін кезекті әлем чемпионатында алтын тұғырға көте­рілу үшін барымызды, жанымызды салып айқасуымыз керек. Скандинавия түбегінде Қазақ елі намысын 10 балуан қорғайды. Солардың арасында Нұрқожа Қайпанов (74 кило), Азамат Дәулетбеков (86 кило), Әділет Даулынбаев (92 кило), Әлішер Ерғали (97 кило) және Олег Болтин (125 кило) секілді көпті көрген көкжалдар бар. Бұл балуандардың бағындырған белестері жайында қысқаша мағлұмат бере­тін болсақ, Нұрқожаның әлем чемпио­натының күміс жүлдегері және екі дүркін Азия чемпионы деген атағы бар. Азамат пен Әлішер құрлық біріншілігінде бір емес, бірнеше рет жүлде алған әккі спортшылар. Оның үстіне, Әлішер Токио Олимпиадасына қатыс­ты. Әділет Азия ойындары мен құрлық чемпионатының жүлдегері. Олег осыдан бірер ай бұрын ғана Алматыда өткен Азия чемпионатында оза шапты. Болат Сақаев­тың (79 кило) боз кілемде жиған мол тәжіри­бесі бар. Ол да бірқатар халықаралық жарыста өзін жақсы қырынан көрсетті.

Жалындап өсіп келе жатқан жас өрен­дер арасынан Адлан Асқаров (61 кило) пен Сырбаз Талғатты (70 кило) бөле-жара атауға болады. Жастар буынынан енді ғана ауысып келгендеріне қарамастан, екеуі де ересектер дуына еркін қосылды. Биыл Алматыда өткен Азия чемпионатында Асқаров күміс алса, Талғат бас жүлдені олжалады. Сондай-ақ Ослода Мейрамбек Қартбай (57 кило) мен Әділ Оспанов (65 кило) та өнер көрсетеді. Дәл қазіргі кезде күллі қазақстандық жанкүйер осы 10 жігітіміздің кемінде біреуі алтын тұғырдан қол бұлғаса деп армандайды.

Әлем чемпионатында ең көп жүлде алған «ТОП-20» команда

(1993-2019 жылдар аралығы)

 

 

Мемлекеттер

Алтын

Күміс

Қола

Барлығы

1.

Ресей

59

18

33

110

2.

АҚШ

24

13

26

63

3.

Иран

17

26

27

70

4.

Куба

9

15

18

42

5.

Түркия

9

12

12

33

6.

Грузия

8

8

19

35

7.

Болгария

8

7

5

20

8.

Әзірбайжан

6

14

9

29

9.

Украина

5

7

19

31

10.

Өзбекстан

5

6

15

26

11.

Армения

5

-          

6

11

12.

Оңтүстік Корея

2

6

3

11

13.

Германия

2

5

3

10

14.

Беларусь

2

4

10

16

15.

Жапония

2

3

8

13

16-17

Канада

2

1

3

6

16-17.

Италия

2

1

3

6

18.

Солтүстік Корея

2

1

2

5

19.

Үндістан

1

2

5

8

20.

Молдова

1

2

1

4

 Дерек пен дәйек

- 1993-2019 жылдар аралығында өткен әлем чемпионаттарында барлығы 35 мем­лекеттің өкілдері жеңіс тұғырына көтерілді. Солардың арасынан 20 команда бас жүлдеге қол жеткізді.

- Қазақстан құрама командасы сапында ең көп жүлде алған балуандар Дәулет Нияз­беков пен Нұрислам Санаев. Екеуінің де қоржынында 1 күміс пен 1 қола медаль бар.

- Жалпыкомандалық есепте Ресей 15 рет (1997, 1999, 2001, 2002, 2003, 2005, 2006, 2007, 2009, 2010, 2014, 2015, 2016, 2018, 2019) көш бастады. АҚШ-тың үш рет (1993, 1995, 2017) асығы алшысынан түсті. Екі мәрте Иранның (1998, 2013) мерейі үстем болды. Бір рет Түркия (1994) топ жарды. 2011 жылы Ыстанбұлда өткен жарыста Иран мен Ресей бірдей нәтиже көрсетті. Олар 2 алтын, 1 күміс және 1 қола медальдан олжалады.

- Олимпия ойындарының алауы тұтанатын жылы әлем чемпионаты өткізілмейтіні белгілі. Десек те 2016 жылы Рио Олимпиадасы аяқталғаннан кейін Будапештте дүниежүзілік дода ұйымдастырылды. Бұл жарыста олимпиадалық емес екі салмақ дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынды. Еркін күрес шеберлері арасында 61 кило салмақта АҚШ-тың өкілі Логан Стибер озса, 70 кило салмақта ресейлік Магомед Құрбаналиевтің бағы жанды.

- Бұрындары КСРО құрамында болған мемлекеттер арасында жоғарыдағы кестеде көрсетілген командалардан бөлек, Қырғызстан мен Тәжікстанның да қоржынында жүлде бар. Қырғыздар қола медальді еншілесе, тәжіктер бір күміске қол жеткізді.