Жүйе мемлекеттік органдарға, жеке және заңды тұлғаларға арналған.
«Сервис статистикалық деректерді ұсыну процесін жеңілдетіп, электрондық анықтамаларды алу мерзімін қысқартады. Егер осыған дейін қағаз жүзіндегі ақпаратты алу үшін орта есеппен 2-ден 5 жұмыс күніне дейін уақыт кетсе, жаңа жүйе қажетті анықтаманы сол мезетте ұсына алады», деп хабарлады Ұлттық банк.
Жаңа сервистің көмегімен пайдаланушылар:
- таңдалған күнге немесе кезеңге ұлттық валютаның шетел валюталарына қатысты күнделікті ресми бағамы бойынша анықтама;
- ұлттық валютаның шетел валюталарына қатысты ресми бағамы бойынша бір айдағы орташа анықтамасы;
- таңдалған күнге немесе кезеңге Ұлттық банк базалық мөлшерлемесінің (қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесінің) көлемі туралы анықтама;
- белгілі бір күнге белгіленген шетел валюталарының ұлттық валютаға ресми бағамдары туралы ақпараттық хабарлама ала алады.
Электрондық анықтамаларды алу үшін веб-порталда тіркелу міндетті емес, олардың түпнұсқаға сәйкестігі құжаттағы QR-код арқылы расталады.
Сервис статистикалық ақпаратты алудың қосымша әдісі екенін ескерген жөн. Жеке және заңды тұлғалар бұрынғыдай заңнамамен белгіленген мерзімде қағаз жүзінде анықтама алу үшін Ұлттық банкке жүгінуге құқылы.