Күрес • 30 Қыркүйек, 2021

Боз кілемде – бұрымдылар

362 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Норвегияда шымылдығы түрілгелі отырған әлем чемпионаты қарсаңында «Egemen Qazaqstan»-да грек-рим күресі мен еркін күреске қатысты «Ослодан олжалы оралайық» («EQ», №181, 24.09.21) және «Арманымыз – алтын тұғыр» («EQ», №181, 30.09.21) атты екі бірдей көлемді мақала жарық көрді. Сол мақалаларымызда осы спорт түрлерінің тарихына біраз тоқтала келе, балуандардың қазіргі кездегі қарқыны жайында егжей-тегжей баяндаған едік. Бүгінгі әңгіменің тақырыбы – әйелдер күресі.

Боз кілемде – бұрымдылар

Әйелдер күресі Қазақстанға кешеуілдеп жетті. Соған қарамас­тан, бұрымдыларымыз қысқа ғана мерзім аралығында өрелі өне­рімен көзге түсіп, сан мың жан­күйердің жүрегін жаулады. Мә­селен, 2004 жылдан бері Олимпия ойын­дарына біздің команда бес мәрте қатысты. Сол жарыстардың үшеуінде жүлде алдық. Атап айтсақ, 2008 жылы Бейжіңде Елена Шалыгина және 2012 жылы Лон­донда Гюзель Манюрова үшін­ші сатыға жайғасты. 2016 жылы Рио-де-Жанейрода Маню­рова күміспен күптелсе, Екате­рина Ларионова мен Елмира Сыздықова қола медальды мо­йын­дарына ілді.

Әлем чемпионаттары жайын­да әңгімелейтін болсақ, бұл жа­рыс 1987 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Бірақ ол кезде, тіпті тоқсаныншы жыл­дардың соңына дейін Қазақстанда әйелдер күресіне дұрыс көңіл бөлінбеді. Кейін спорттың бұл түрі қолға мықтап алынған соң бұрымдылар боз кілемде көп­теп бой көрсете бастады. Тыр­нақалды табысымызға 2007 жылы қол жет­кіздік. Бұл 19-мәрте жалауы желбірген әлем­­дік дода еді. Бакуде өткен бә­секеде Елена Шалыгина күміс медальды олжаласа, Ольга Смир­нова мен Ольга Жәнібекова қола жүлдені иеленді. 2008 жылы Токиода Жұлдыз Ешімова ақтық сынға дейін алқынбай жет­кенімен, шешуші тұста ұтыл­ды. 2009 жылы Хернингте Шалы­гина қола алса, 2010 жылы Мәс­кеуде ол күміспен күптелді. 2011 жылы Ешімова үшінші са­тыға жайғасты. 2012 жылы Аль­бертада Гюзель Ма­нюрова финалда ғана есе жі­берді. 2013 жылы Ыстанбұлда Екатерина Ларионова, 2016 жылы Бу­дапештте Айым Әбділдина үздік үштікті қорытындылады. 2019 жылы Нұр-Сұлтанда шы­мыл­­дығы түрілген дүбірлі додада Валентина Исламова қола ме­дальды иемденді.

1993-2019 жылдар аралы­ғында өткен әлем чемпионаттарында Қазақстанның әйелдер құрамасы 4 алтын мен 7 қола медальға қол жеткізді. Барлығы – 11 жүлде. Осылайша, үздіктер тізімінде жерлестеріміз қазіргі кезде 23-орынды иеленіп отыр. Ал төрткүл дүниенің теңдес­сіздері кімдер екенін білгіле­ріңіз келсе, «ТОП-20» коман­да­ның тізімін төменде жария­ладық. Сол мықтылардан бө­лек, бұрымдыларымыз Гре­кия (1 алтын+2 қола) мен Қырғыз­станнан (1 алтын+1 қола) қа­лып қойды. Әрине, жалпы медаль­дар саны бойынша біздің қыз­дар олардан озып тұр. Бірақ гректер мен қырғыздардың ал­тыны бар. Қазақтарға ондай бақ әзірге бұйыр­ған жоқ. Сол се­бепті де рей­тингте аталған екі елдің өкіл­дері Қазақ елінің балуан­да­рынан жоғары тұр.

Жер-жаһанның мықтылары жиналған жарыста 23-орынды олжалау да жаман көрсеткіш емес. Бірақ бізді қынжылтатыны – соңғы үш әлем чемпионатында жалғыз ғана медальды иелен­геніміз. Одан әріге шама-шар­қымыз жетпеді. Атап айтсақ, 2017 жылы Париж және 2018 жылы Будапештте өткен жарыстардан қоржынымыз бос қайтты. Тек 2019 жылы өз елімізде ұйым­дастырылған додада Вален­тина Ис­ламова қолаға қол созды. Ол аз десеңіз, Токио Олим­пиа­да­сынан құралақан орал­дық. Осы мәліметтердің өзінен-ақ қазіргі кезде әйелдер кү­ресі елі­мізде біраз дағдарысқа ұшы­рағанын аңғару қиын емес. Әлде біз қателесіп отырмыз ба? Оның нақты жауабын Скан­ди­навия түбегінде өтетін әлем чемпионатынан кейін білетін боламыз.

Әйелдер күресі тарихында Жа­пониямен теңесе алатын ко­манда жоқ. 1993-2019 жылдар аралығында 26 мәртежалауы желбіреген әлем чемпионатының жалпыкомандалық есебінде олар 23 рет көш бастады. Әсіресе, 1994, 2003 және 2006 жылдар Күн­шығыс елінің өкілдері үшін аса табысты болды. Өткен ғасырда Норвегияның Ставерн қаласында өткен жарыста жапондар алты рет алтыннан алқа тақса, кейінірек Нью-Йорк пен Будапештте бес реттен топ жарды. Жалпы олар­дың екі алтыннан кем алған кезі жоқ. Тек 2006 жылы бір ғана бас жүлдені қанағат тұтқаны бар. Бірақ ол кезде Мажарстанның бас шаһарында бәсекелер екі салмақ дәрежесі бойынша ғана өтті. Айтулы додада 55 кило салмақта Маю Мукаида жеңімпаз атанса, 60 кило салмақта қытайлық Пэй Синжу қарсылас шыдатпады. Сондай-ақ жалпы есепте АҚШ балуандары екі рет (2012, 2019) алдына жан салмаса, Франция құрамасы (1997) бір жарыста озды.

Соңғы әлем чемпионаты осыдан екі жыл бұрын Нұр-Сұл­танда өткені белгілі. Бұл байрақты бәсекеде АҚШ құрамасының асығы алшысынан түсті. Амери­ка­дан келген команданың са­пындағы Джакарра Винчестер (55 кило), Тамира Менса (68 кило) және Аделайн Грей (76 кило) алтын тұғырдан қол бұлғады. Ре­сей балуандары арасында Инна Тра­жукова (65 кило) мен Наталья Воробьева (72 кило) бірінші орын алса, тағы екі спортшы жүл­дегерлер қатарына қосылды. Жа­понияның бір ғана бұрымдысы өзінің мықтылығын мойындатты. Ол – Рисако Кавай (57 кило). Әйгілі Маю Мукаида, Нанами Ириэ және Хироэ Минагава күміс алса, Юкако Кавай мен Масако Фуруити қолаға қол созды. Алаш топырағы қырғыз балуандарына да құт әкелді. 62 кило салмақ дә­режесінде белдескен Айсұлу Ты­ныбекова барлық қарсыласын сыпыра ұтып, өз елі тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы ретінде тарихта қалды. Сондай-ақ топ жарғандар қатарында әзербай­жандық Мария Стадник (50 кило) пен солтүстіккореялық Пак Енми (53 кило) сынды балуандар бар.

Ослодағы әлемдік додада Қазақ­станның намысын сегіз балуан қорғайды. Олар – Асылзат Сағым­бай (53 кило), Айша Уәли­шан (55 кило), Нилуфар Раймова (57 кило), Диана Каюмова (59 ки­ло), Аяулым Қасымова (62 кило), Айна Теміртас (65 кило), Жәмила Бақбергенова (72 кило) және Елмира Сыздықова (76 кило). Ұлт­тық құрама бапкерлері 50 және 68 кило салмақ дәрежелерінде Нор­вегияға ешкімді апармауды ұйғарған екен.