Әйелдер күресі Қазақстанға кешеуілдеп жетті. Соған қарамастан, бұрымдыларымыз қысқа ғана мерзім аралығында өрелі өнерімен көзге түсіп, сан мың жанкүйердің жүрегін жаулады. Мәселен, 2004 жылдан бері Олимпия ойындарына біздің команда бес мәрте қатысты. Сол жарыстардың үшеуінде жүлде алдық. Атап айтсақ, 2008 жылы Бейжіңде Елена Шалыгина және 2012 жылы Лондонда Гюзель Манюрова үшінші сатыға жайғасты. 2016 жылы Рио-де-Жанейрода Манюрова күміспен күптелсе, Екатерина Ларионова мен Елмира Сыздықова қола медальды мойындарына ілді.
Әлем чемпионаттары жайында әңгімелейтін болсақ, бұл жарыс 1987 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Бірақ ол кезде, тіпті тоқсаныншы жылдардың соңына дейін Қазақстанда әйелдер күресіне дұрыс көңіл бөлінбеді. Кейін спорттың бұл түрі қолға мықтап алынған соң бұрымдылар боз кілемде көптеп бой көрсете бастады. Тырнақалды табысымызға 2007 жылы қол жеткіздік. Бұл 19-мәрте жалауы желбірген әлемдік дода еді. Бакуде өткен бәсекеде Елена Шалыгина күміс медальды олжаласа, Ольга Смирнова мен Ольга Жәнібекова қола жүлдені иеленді. 2008 жылы Токиода Жұлдыз Ешімова ақтық сынға дейін алқынбай жеткенімен, шешуші тұста ұтылды. 2009 жылы Хернингте Шалыгина қола алса, 2010 жылы Мәскеуде ол күміспен күптелді. 2011 жылы Ешімова үшінші сатыға жайғасты. 2012 жылы Альбертада Гюзель Манюрова финалда ғана есе жіберді. 2013 жылы Ыстанбұлда Екатерина Ларионова, 2016 жылы Будапештте Айым Әбділдина үздік үштікті қорытындылады. 2019 жылы Нұр-Сұлтанда шымылдығы түрілген дүбірлі додада Валентина Исламова қола медальды иемденді.
1993-2019 жылдар аралығында өткен әлем чемпионаттарында Қазақстанның әйелдер құрамасы 4 алтын мен 7 қола медальға қол жеткізді. Барлығы – 11 жүлде. Осылайша, үздіктер тізімінде жерлестеріміз қазіргі кезде 23-орынды иеленіп отыр. Ал төрткүл дүниенің теңдессіздері кімдер екенін білгілеріңіз келсе, «ТОП-20» команданың тізімін төменде жарияладық. Сол мықтылардан бөлек, бұрымдыларымыз Грекия (1 алтын+2 қола) мен Қырғызстаннан (1 алтын+1 қола) қалып қойды. Әрине, жалпы медальдар саны бойынша біздің қыздар олардан озып тұр. Бірақ гректер мен қырғыздардың алтыны бар. Қазақтарға ондай бақ әзірге бұйырған жоқ. Сол себепті де рейтингте аталған екі елдің өкілдері Қазақ елінің балуандарынан жоғары тұр.
Жер-жаһанның мықтылары жиналған жарыста 23-орынды олжалау да жаман көрсеткіш емес. Бірақ бізді қынжылтатыны – соңғы үш әлем чемпионатында жалғыз ғана медальды иеленгеніміз. Одан әріге шама-шарқымыз жетпеді. Атап айтсақ, 2017 жылы Париж және 2018 жылы Будапештте өткен жарыстардан қоржынымыз бос қайтты. Тек 2019 жылы өз елімізде ұйымдастырылған додада Валентина Исламова қолаға қол созды. Ол аз десеңіз, Токио Олимпиадасынан құралақан оралдық. Осы мәліметтердің өзінен-ақ қазіргі кезде әйелдер күресі елімізде біраз дағдарысқа ұшырағанын аңғару қиын емес. Әлде біз қателесіп отырмыз ба? Оның нақты жауабын Скандинавия түбегінде өтетін әлем чемпионатынан кейін білетін боламыз.
Әйелдер күресі тарихында Жапониямен теңесе алатын команда жоқ. 1993-2019 жылдар аралығында 26 мәртежалауы желбіреген әлем чемпионатының жалпыкомандалық есебінде олар 23 рет көш бастады. Әсіресе, 1994, 2003 және 2006 жылдар Күншығыс елінің өкілдері үшін аса табысты болды. Өткен ғасырда Норвегияның Ставерн қаласында өткен жарыста жапондар алты рет алтыннан алқа тақса, кейінірек Нью-Йорк пен Будапештте бес реттен топ жарды. Жалпы олардың екі алтыннан кем алған кезі жоқ. Тек 2006 жылы бір ғана бас жүлдені қанағат тұтқаны бар. Бірақ ол кезде Мажарстанның бас шаһарында бәсекелер екі салмақ дәрежесі бойынша ғана өтті. Айтулы додада 55 кило салмақта Маю Мукаида жеңімпаз атанса, 60 кило салмақта қытайлық Пэй Синжу қарсылас шыдатпады. Сондай-ақ жалпы есепте АҚШ балуандары екі рет (2012, 2019) алдына жан салмаса, Франция құрамасы (1997) бір жарыста озды.
Соңғы әлем чемпионаты осыдан екі жыл бұрын Нұр-Сұлтанда өткені белгілі. Бұл байрақты бәсекеде АҚШ құрамасының асығы алшысынан түсті. Америкадан келген команданың сапындағы Джакарра Винчестер (55 кило), Тамира Менса (68 кило) және Аделайн Грей (76 кило) алтын тұғырдан қол бұлғады. Ресей балуандары арасында Инна Тражукова (65 кило) мен Наталья Воробьева (72 кило) бірінші орын алса, тағы екі спортшы жүлдегерлер қатарына қосылды. Жапонияның бір ғана бұрымдысы өзінің мықтылығын мойындатты. Ол – Рисако Кавай (57 кило). Әйгілі Маю Мукаида, Нанами Ириэ және Хироэ Минагава күміс алса, Юкако Кавай мен Масако Фуруити қолаға қол созды. Алаш топырағы қырғыз балуандарына да құт әкелді. 62 кило салмақ дәрежесінде белдескен Айсұлу Тыныбекова барлық қарсыласын сыпыра ұтып, өз елі тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы ретінде тарихта қалды. Сондай-ақ топ жарғандар қатарында әзербайжандық Мария Стадник (50 кило) пен солтүстіккореялық Пак Енми (53 кило) сынды балуандар бар.
Ослодағы әлемдік додада Қазақстанның намысын сегіз балуан қорғайды. Олар – Асылзат Сағымбай (53 кило), Айша Уәлишан (55 кило), Нилуфар Раймова (57 кило), Диана Каюмова (59 кило), Аяулым Қасымова (62 кило), Айна Теміртас (65 кило), Жәмила Бақбергенова (72 кило) және Елмира Сыздықова (76 кило). Ұлттық құрама бапкерлері 50 және 68 кило салмақ дәрежелерінде Норвегияға ешкімді апармауды ұйғарған екен.