Қоғам • 30 Қыркүйек, 2021

Қарттар аман-сау жүрсін

460 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Қариясы бар үйдің қазынасы бар». Әсілінде, қария дегеніңіз қара шаңырақтың ғана емес, бүтін бір мемлекеттің қазынасы. Қазынадан айырылсақ – қанатымыз қайырылады. Сондықтан егде жастағы ел тұрғындары мемлекет назарынан тыс қалған емес. Қомақты қолдау, жан-жақты жәрдем көрсетіледі. Елдегі әлеуметтік саясаттың да әуелгі ұстанымы – осы. Егемендіктің елең-алаңында еркін елдең еңсесін тіктеген, ақылымызға ақыл қосқан аға буынның алдында бүгінгі ұрпақ мәңгілік қарыздар.

Қарттар аман-сау жүрсін

Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­денті – Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаев бір сөзінде «Біз үлкен­дер­ді сыйлап өскен қазақпыз. Қарияларды қазынамыз деп білген, ананы сүйген, құрметтеген адамбыз. Ананың ақ сүтінен артық еш нәрсе жоқ. Ме­нің бармайтын жерім жоқ қой, бар­лығын аралап жүремін. Бұрын менің жастау кезімде Қарттар үйінде қазақтың қариялары болмаушы еді. Қазір барсаң, қазақтың қариялары да сол жерде. Жандарына отырып: «Балаларыңыз бар ма?», деп әңгімелесіп, сұрағанымда: «Қайтесің соны, сұрамай-ақ қой!», дейді. Барлығы түсінікті болады. Әрине, сол кезде ішің ашиды. Әке мен анаға жасаған жақсылық та, жамандық та өз балаларыңның алдынан шығады. Әр уақытта ойланыңдар», деген еді.

Бұған дейін аға буынның аман­дығы туралы бас ауыртып, балтыр сыздата қоймаған көп отандасымыз қарттардың қауіпсіздігіне, ден­саулығына коронавирус тараған тұста мән бере бастағаны анық. Себебі жаһанды жайлаған жаман тұмау кезінде адамзат баласының 4,55 миллионға жуығы көз жұмды. Ал Қазақстанда кеселдің кесірінен 15 907 отандасымыздың өмірі үзілді. Соның арасында қарттарымыз да бар. Бар емес, басым деуге де болады. Бұл жағдай ең алдымен шаңырақтың шырайын кіргізіп отыр­ған қарияларымызға қамқорлық та­нытып, көздің қарашығындай қорғауды үйретті.

Қамшының сабындай ғана ғұ­мырда жақынымызға жанашыр болғанға не жетсін? Ғұмыр демекші, әлемдік зерттеушілер ең ұзақ өмір сүретін халықтардың рейтингін жасаған екен. Соның соңғы орнында Африканың орталық өңірін қоныстанған халық орналасқан. Мұндағы адамдар әлемдегі ең аз өмір сүретін тұрғындар саналады. Ондағы орташа өмір сүру ұзақтығы небәрі 52,67 жасты құрап отыр. Ал көрсеткіштің көш басына Гонконг қаласының (Қытай) тұрғындары тұрақтаған. Бұл қаланың халқы ша­мамен 84,36 жас өмір сү­ре­тін көрінеді. Одан кейінгі орынға Жа­пония жайғасқан. Үштікті тағы сол Қытай Халық Республикасының Макао арнайы әкімшілік аймағы түйіндеп тұр.

Қазақстандағы жағдай қан­дай? Ұлттық статистика бюросы келтірген мәліметке сенсек, еліміздегі өмір сүру ұзақтығы 2020 жылы 71,37 жасқа жетіп отыр. Соның ішінде, қала тұр­ғын­дарының өмір сүру ұзақ­ты­ғы 71,21 жас болса, ауыл тұр­ғындарының көрсеткіші 71,64 жас­­­ты құрайды. Әредік ер адамдарға қарағанда әйел адамдардың ұзақ өмір сүретіні айтылып жатады. Бұл пікір шындыққа жанаса ма? «Бақсақ бақа екен», демекші расымен де солай екен. Аталған бюроның мәліметі бойынша, еліміздегі ер адамдардың өмір сүру ұзақтығы былтыр небәрі 67,09 жасты құраса, әйелдер 75,53 жасқа дейін өмір сүретіні белгілі болды. Яғни әйел заты әлдеқайда ұзақ жасайды деген сөз.

Гонконг пен Қазақстандағы өмір сүру ұзақтығында айыр­машылық бар да шығар, есесіне, қарияларға жасалатын қамқорлық, әлеуметтік қолдау шаралары елі­мізде көп. Мәселен, 2020 жылы 6 мамырда Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ар­дагерлер туралы» Заңға қол қойды. Президент айтып өткендей, заң аясында мемлекет тарапынан соғыс ардагерлеріне ғана емес, тың игеруге атсалысқандарға да тиісті көмек көрсетіледі. Әлемде бейбітшілікті сақтауға үлес қос­қан қазақстандық ардагерлер де назардан тыс қалмайды. Ауған соғысына қатысқан, Чернобыль апатынан зардап шеккендер мен түрлі елдерге бітімгерлік миссия атқаруға аттанғандарға да мемлекет тарапынан қамқорлық жасалады.

Қарттарға жасалып жатқан қам­­қорлық мұнымен шектелген жоқ. Мемлекет басшысының тапс­ырмасы аясында былтыр елі­міздегі зей­нетақы төлемдері мен мемлекеттік жәрдемақылар мөл­шері екі есеге артты. Жиынтық зейнетақының өсімі 12%-ды, ал базалық зейнетақы мен мем­ле­кеттік жәрдемақылардың өсімі 10%-ды құрады. Ал жыл ба­с­ында зей­нетақы мен жәр­демақы қайтадан индекстеліп, жиынтық зейнетақы 7%-ға, базалық зейнетақы мен мем­ле­кеттік жәрдемақы 5%-ға өсті. Сонымен бірге зейнетақы жи­нақ­­тарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, емделу ақысын төлеуге немесе жеке ком­паниялардың басқаруына беруге мүмкіндік пайда болды.

Бүгінде өзге əлеуметтік төлем­дер­ге қарамастан, отандас­та­ры­­мыздың 20 санаты арнау­лы мемлекеттік жəрдемақы алады. Зейнетақыны қоса есептегенде əлеуметтік тө­лемдердің орташа жиынтық мөлшері ҰОС қатысушылары үшін – 182 851 тең­гені, ҰОС мүгедектері үшін – 188 051 теңгені, өзге мемлекеттер аумағындағы қақтығыстарға қатысқан соғыс ардагерлері үшін (Ауғанстанда, Вьетнамда, Алжирде, Мысырда, Иракта жəне тағы басқа) – 198 801 тең­гені, ҰОС қа­ты­су­шы­ларына теңестірілген адамдар үшін – 154 638 теңгені, ҰОС мүгедектеріне теңестірілген адамдар үшін – 119 562 теңгені, ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлері үшін 120 112 теңгені құрап отыр.

Ардагерлерді ардақтауды көз­дейтін көшелі істер мұнымен шек­телмейді. Жыл сайын жергі­лікті билік бюджеттің жəне демеу­шінің қаражаты есебінен ардагерлерге өмірлік қиын жағ­дайға тап болған кезде, мереке күндерінде қолдау көрсетіп отырады. Мәселен, ардагерлерге материалдық көмек көрсету, тұрғын үйін жөндеу, отынмен қамтамасыз ету, қоғамдық кө­лікте жол жүру жеңілдіктерін ұсыну, дəрі-дəрмекпен қамтамасыз ету, тісін протездеу сынды қо­сымша əлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Сонымен бірге жыл сайын біржолғы материалдық көмек көрсетіледі. Биыл Жеңіс күні қарсаңында ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне жəне Жеңіске үлес қосқан аза­маттардың басқа да санаттарына қаржылай қолдау біл­дірді. Мұндай қолдауға бас-аяғы 6,4 млрд теңге қарастырылды.

Осылайша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистр­лігінің ұсы­нысымен елі­міздегі ҰОС қатысу­шылары мен мүгедектеріне бір реттік материалдық көмек ретінде 1 млн теңге табысталды. Ал қоршаудағы Ленинград тұр­ғын­­дары мен концлагерьлердің бұрынғы кəмелетке толмаған тұт­қындарына – кемінде 50 мың теңге берілді. Соғыста қайтыс болған мүгедектердің əйел­деріне, ҰОС кезінде қаза тапқан жа­уын­гер­лердің жесірлеріне жəне тыл еңбек­кер­ле­ріне кемінде 30 мың теңгеден үлестірілді. Бұл қарияларға жасалып жатқан қомақты қолдаудың бір көрінісі.

Аға буын қартайғанда қай­ғы ойламасы үшін ауқымды істер ат­қарылып жатыр. Алай­да «қа­рия­ларға қоғам болып қолд­ау көр­се­тіп, ел болып қам­қорлық та­ны­туға бағытталған жұмыстарды жү­йелейтін ортақ бастама бар ма?» деген сауал туындайды. Мәселен, елімізде егде жастағы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартудың 2018-2020 жылдарға арналған рес­публикалық кешенді жоспары бар еді. Былтыр аталған жоспарды іске асыру мерзімі аяқталып, оның орнына егде жастағы ел тұрғындарының жағдайын жақсартуға арналған Ұлттық іс-қимыл жоспары бекітілді. 2025 жылға дейінгі бұл жоспар – «Белсенді ұзақ өмір» деп аталады. Бұл құжат ең алдымен еліміздегі егде жастағы азаматтардың қо­ғам­­ның түрлі салаларына қа­тысу мүм­кіндігін кеңейтеді. Сонымен қатар қарияларымыз мемлекеттік қолдаудың сапалы іс-шараларымен қамтылады. Бұған қоса, осы Ұлттық жоспар аясында Қазақстанның әр аймағында белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары ашылып жатыр.

 

P.S. Бүгінде елімізде азды-көпті 2 миллионнан астам зейнеткер өмір сүреді. Соның бәрі бақытты ма? Қартайған шақта немере-шөбересінің қызығына кенеліп, бейнеттің зейнетін көрген жақсы-ақ, әрине. Алайда қарияны шаңырақтағы мейірімнен шеттетіп, Қарттар үйіне тапсыратындар да табылып жатыр. Заман құбылды екен деп, адам бұзылуға бола ма? Аға буынды алдымызда жүрген кезінде қадірлей білейік.