Білім • 01 Қазан, 2021

Мұғалім міндеті

1054 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әлбетте, әлеуметтік мәртебесі ше­шіл­ген мұғалімнен білім сапасына сұрау болуы заңды да. Себебі жыл сайын мектеп бітіруші түлектердің репетитор жалдауға мәжбүр болатынын байқап жүрміз. Бұл ең әуелі мектептердегі білім сапасының жеткілікті деңгейде емес екенін көрсетеді. Қазір бұл кәсіпті коммерцияландыру арқылы көп-көрім табыс тауып жүр­ген білім беру орталықтары көбейді. Мұндай жағдайда білім саласының қыз­меткерлеріне бюджеттен жасалған жағ­дай­дың текке рәсуа болғаны ма деген заңды сауал туатыны жасырын емес.

Мұғалім міндеті

Иә, отандық білім беру саласында қордаланып қалған іргелі мәселелер біртіндеп шешімін тауып келеді. Бұрын мұғалімді қоғамдық жұмыстың қолбаласына айналдырған науқаншыларға тоқтам қойылды. Президент пәрменімен мұғалім еңбекақысы жылдан жылға көбейтілуде. Өз саласының шыңына шыққан білікті ұстаздарды марапаттау мен ынталандыру тетіктері мемлекет тарапынан да, қоғамдық ұйымдар мен бизнес секторы жағынан да арта түсті. Сондай-ақ педагог мамандарды даярлауға бөлінетін орын саны ұлғайтылды. Енді мұғалім сабағын жақсылап өткізуге ғана ден қоюы тиіс. Бұл дегеніміз – білім сапасы.

Ұлтты ағарту ісінің ұлтаны болған Алаш қайраткерлерінің бірі Міржақып Дулатов «Өзі білу мен өзгелерге білдіру екі басқа. Білгенін кісіге білдіру, яғни балаларды оқыту өз алдына бір ғылым» деген түйін жасайды.

Қазір дүние тез аунайды. Бүгінгі жаңалық ертең-ақ көмбеде қалуы мүмкін. Әрине, америкалық ғалымдардың 20 жылдық ке­зеңге бөліп қарастыратын «Ұрпақтар» теориясымен зерделесек, әр уақыттың үні басқа екенін бағамдаймыз. Алдыңғы ұрпақтың кейінгі буынға көңілі толмайтынының да бір себебі сонда болса керек. Ілкіде түу түкпірдегі ауыл мектептеріндегі мұға­лім­деріміздің сауаттылығын былай қойғанда, жазу үлгісінің өзі маржандай болатын. Кеңестік педагогикадан тәлім алған аға буынды жас ұрпақ алмастырады. Қолмен жазу үрдісі де қолданыстан қалады. Z ұрпақ деген атау иеленген екі мыңыншы жылдан кейінгі буынның сана-сезімі, ой-жүйесі өзгеше. Бірақ бұл барлығын компьютер шешеді деген ұғымды білдірмесе керек. Сол себепті заманауи мұғалімнің өз мамандығының майталманы болуына сабақ сайынғы ізденісі аздық етпесі анық. Осы ретте еліміздегі мұғалімдердің кәсіби біліктілігін дамытуға көңіл бөлген абзал. Бұл талапқа біліктілікті арттыру курстары ғана емес, мұғалімнің жеке ізденісі, маман ретінде өзін өзі дамытуы да жеткізеді.

Хакім Абайдың «Дәулетке ақыл бітпейді, ақылға дәулет бітеді» деген сөзі бар. Бүгінде қазақстандық педагогтердің әлеуметтік жағдайын қамтамасыз етуге жасалған бет­бұрыс ең әуелі білім сапасының артуы арқылы нәтиже беруі тиіс. Яғни білім беру мекемелеріндегі әр мұғалімнің қызметіне қойылар талап та күшейтілгені жөн. Мектеп көлденең көк аттылардың көлеңкелі табыс табатын мекемесіне айналмауы үшін қоғамдық бақылау қызметі енгізілсе, жең ұшынан жалғасатын тамыр-таныстық пен сыбайластықтың жолы кесілер еді. Бұл шын мәнінде өз ісінің кәнігі шеберлерінің жұмыс істеуіне жол ашар еді, оқушылардың білім сапасы да оңалар еді, ата-ана да баласын ақылы білім беру орталықтарына сүйрелемес еді. Өйткені бүгінде шетелдік сарапшылар да балаларды дербес оқытудың жеткіншек психологиясына кері әсер ететінін, ком­муникациялық қабілеттерден ада қылып, эгоистік пиғыл қалыптастыратынын айтып жүр. Сол себепті мұғалім түздегі жеке репетиторлық жұмысын емес, мектептегі оқушыларының үлгерімін қадағалауға ден қоюы қажет.

Қазір қала мектептерінде де, ауыл мек­­тептерінде де күрделі мәселелер бар. Айталық, қалалық білім беру мекемелерінде орын жеткіліксіздігі туындаса, ауыл мек­тептерінде мамандардың, технологиялық жабдықтардың жетіспеушілігі сияқты мәселелер бар. Бұл да білім сапасына кереғар әсер ететін түйткілдер.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында балалардың бәріне бірдей мүмкіндік туғызу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін, балалар қай жерде тұрса да, қай тілде оқыса да сапалы білім алуы керегін тапсырды. Дарынды оқушыларға ерекше қолдау көрсету, қала мен ауыл арасындағы мектептер арасындағы айырмашылықтан да алыстау керегін, бұл да әлеуметтік алшақтықты тудыратынын айтты. Осы орайда елімізде алдағы үш жылға білім беру саласына бөлінетін 1,2 трлн теңгенің білім деңгейін жаңа сапаға көтеретініне сенім бар.