Әлем • 01 Қазан, 2021

Ұлыбританияны таңдандырған «Ұлы дала алтыны»

410 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бұл күні англиялықтар Алтай­дың алтынын, көшпенділердің мәдениетін көріп, таңдай қағысты. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған Кембридждегі көрмеге сарапшылар «сенсациялық жаңалық» деп баға берді. Ұлы дала мәдениетін көзбен көріп, көңілмен сезінгісі келгендердің көптігі сонша, кіру билеттерін бір ай бұрын сатып алған. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп жатқан көрмеге Ұлыбритания халқы асқан қызығушылық танытты.

Ұлыбританияны таңдандырған «Ұлы дала алтыны»

Алтай Англияға көшіп бар­ған­дай әсерде болған шығар шет жұрт. Британиялық Кембридж уни­верситетінің Фицуильям мұра­жайында өткен «Ұлы дала алтыны» атты көрме тарихшы қауымның ғана емес, қарапайым адамдардың да ерекше қызығушылығы мен таңданысын тудырды. Елеке сазы, Шілікті қорғандары және Берелдегі патшалар жазығынан табылған бірегей артефактілер­ден тұратын экспозиция әлемге сақ өркениеті мен мәдениеті та­­рихының жаңа беттерін аш­ты. Көрмедегі жәдігерлер ата-ба­ба­ларымыздың тау-кен өнер­кәсібі мен металлургия, ауыл ша­руашылығы салаларын терең меңгергендігін көрсетеді. Сондай-ақ зергерлік өнердің де ерте заманда дамығандығын айғақтайтын жәдігерлер көрмеде көрініс тапты. Мысалы, садақшының қабірінен табылған алтын заттарға қарап, зергердің асқан шеберлігін, металл өндірудің ерте заманда дамы­ғандығын байқауға болады.

Облыс басшысы Даниал Ахме­товтің айтуынша, «Ұлы дала ал­тыны» көрмесі екі мемлекет арасындағы мәдени алмасудың бір бөлігі ғана. Сонымен қатар алдағы уақытта бірлескен жобаларды жүзеге асыру жоспары құрылған екен.

Кембридждегі көрмеге куә бол­ған бри­таниялық журналистер «дәл осы көрме әлем жұртшылығының Орталық Азия көшпенділері туралы ойын өзгертті» деп жарыса жазысты. Өзгертсе, өзгерткендей. Себебі Шығыс Қазақстандағы қазба жұмыстарынан табылған жәдігерлер қазақ мәдениетінің IV-V ғасырлардың өзінде дамып кеткенін көрсетеді. Мәдениеті ғана емес, бабаларымыздың ба­тыр­лығын, ержүректілігін анық аңғаруға болады. Көрмеге келу­шілер экспонаттарды көрумен ғана шектелмейді, қай жерден табыл­ғанынан толыққанды ақпарат алып, қазба жұмыстары жүрген жердің фотосуреттерін тамашалайды.

Фицуильям музейінің дирек­торы Люк Сайсонның пікірін­ше, Шығыс Қазақстандағы архео­логиялық қазба жұмыстарынан шыққан құнды жәдігерлер бұл көрме арқылы Ұлыбританияға және бүкіл әлемге танылуына мүмкіндік мол.

– Бірнеше ай бұрын қазба жұмыстары арқылы әлем тарихын қайта жазып шығудың мүмкіндігі туды. Кембриджде біз үшін ең бастысы – артефактілерді ғана емес, бүкіл археологиялық үдерісті және Қазақстанда қол­данылатын сараптамалық білім­ді көрсету. Бұл Кембридж универ­ситетінің мұражай, туризм және археология мен мұрағаттар туралы ғылым әлеміндегі Шығыс Қазақстандағы әріптестерімен се­ріктестігі тұрғысынан ерекше оқи­ға. Еуропада алғаш рет бұл құн­ды материалдар біздің келу­ші­лерге көрсетілетініне өте қуаныштымыз, – деді Люк Сайсон.

Шығыс Қазақстан облысы­ның әкімі Даниал Ахметов көрме қо­нақ­тарын ілтипатпен қарсы алып, оқиғаның Қазақстан мен Ұлы­бри­тания қарым-қатынастары үшін ма­ңызды екенін атап өтті. Қо­нақ­тарға көрмені кеңінен таныс­тыр­ды. Көрермендердің қызы­ғу­шылығына қарап, Қазақстан мен Біріккен Корольдік арасында мультимәдени қарым-қатынастың орнайтындығына сенім білдірді.

– «Ұлы дала алтыны» екі мем­­лекет арасындағы ынтымақтас­тықты нығайтуға жа­сал­ған тағы бір үлкен қадам. Көрме мейірімділік пен өзара сый­ластықтың жоғары деңгейін көрсетеді. Ол британ­дық ғылыми қауымдастықты ғана емес, ежелгі тарихтың әуесқойларын біздің дәуірімізге дейінгі бірінші мыңжылдықта Ұлы даланы мекендеген көшпелі сақтардың өр­ке­ниетімен таныстырады. Экс­пози­ция біздің ата-бабалары­мыз жа­саған нағыз жау­­һар туынды­лар­ды ұсынады. Бұл жұмыстар ежелгі сақтардың көш­пелі мал ша­руашылығы, тау-кен өнеркәсібі және металлургия саласында біре­гей мәдениеті мен терең білімі бол­ғанын айғақтайды, – деп атап өтті облыс әкімі Даниал Ахметов.

Айта кетсек, көрмеге Берелден, (Катонқарағай ауданы) Елеке сазы обасынан (Тарбағатай ауданы) табылған экспонаттар қойылды. Британия қоғамының назарына ұсы­нылған артефактілерді Шығыс Қазақстанда, біздің дәуірімізге де­йінгі VII-VI ғасырлардағы сақ элитасының қорғандарынан қа­зақ археологтары тапқан. Бұл кезең­ді ежелгі қазақтар тарихындағы «Алтын ғасыр» деп те атайды. Экс­позицияның басты жәдігері 2018 жылы табылған б.з.д. VI-V ға­сырларға жататын – «Алтын адам». Оның киімінде 15 мың алтын зат бар. Қазба жұмыстары кезінде қалдықтары қару-жарақ және әшекей бұйымдармен қоршалып жатқан. Одан бөлек, мифтік жа­нуарларға айналған жылқылар рухани шараның салмағын арттыра түсті. Төрткүл дүниеден жиналған жетекші ғалымдар жоғары баға беріп, «Әлемдік оқиға» деп атап өтті. Экспозицияларды көрген мың­даған халық қазақтың төл тарихымен танысып, таңданып жатыр. Рас, Қара теңізден Орталық Азияға дейінгі аумақты жаулап алған ежелгі сақ тайпаларының алтын әшекейлері, тұрмыста пай­даланған заттары осы күнге де­йін жетіп отыр. Тіпті былғары мен киізден тігілген киімнің қи­қым­дары да табылған. Атап өт­кеніміз, экспонаттардың толық тізімі емес. Әйтпесе, обалардан сақ­тардың отырықшы болғанын дәлелдейтіндей қол диірмен, жер ошақтар да табылған. Яғни скиф­тік сақтардың ұн жасағанын, егін­­шілікпен айналысқанын дә­лел­дейді. Ал көрмеге қойыл­ған құн­ды заттардың көбі өткен жыл­­дары ғана табылған. Көрер­мен­дердің айтуынша, әрбір жәді­гер сан ғасыр өтіп кеткен дә­уір­лерге жетелеп әкеткендей әсер қал­дырды. Салтанатты шара ке­зінде британиялық археолог­тер Шығыс Қазақстан аумағындағы қазба жұмыстарына қатысуға ниет білдіріп, екі елдің ынтымақ­тастығы тек осы экспозициямен шектелмейтінін жеткізді.

– Бұл көрме Англия үшін ерекше болды. Біз оны Кембриджде өткізгеніміз үшін мақтанамыз. Археолог ретінде мұның бәрін өз көзіммен көргеніме өте қуа­ны­ш-­
тымын. Мені екі мың жыл бұ­рын өмір сүрген адамдардың мә­дениеті таңғалдырды. Ойлаңыз­шы, көш­пенділердің егіншілік және өндіріспен қатар айналысқаны қандай ғажап. Орайы келсе, сіз­дерде өтетін археологиялық экс­педицияға қатысар едім, – деді Кем­бридж университетінің археология кафедрасының меңгерушісі Сиприан Брудбанк. Естеріңізге сала кетсек, Фи­цуильям музейінде ұйымдас­ты­­­рылған «Ұлы дала алтыны» экс­­­по­зициясы 2022 жыл­дың 30 қаң­­тарына дейін жұ­мысын жал­ғастырады.

 

Шығыс Қазақстан облысы