Аймақтар • 01 Қазан, 2021

Дәулескер домбырашы

463 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сахнадағы сары бала домбырасын бауырына қысып, қаршығадай түйіле түскен. Кең залдың ішін сазды әуен кернеп кетті.

Дәулескер домбырашы

Көз ұшына ілінер жалғыз қара табылмайтын сайын дала. Жалпақ даланың төсі дүбірге бөленген. Ауыздығымен алысқан, бауырынан жараған, үстінен су төгілмес бес жорға бір-бірімен ерегіске түскендей. Міне, шабыс тілеп ширыққан тұлпарлар ұлан дала бойын дүбірлі дүрмекке бөлеп, қайыстай созылып жорғалар сәтін аңсап, ұлы бәйге алдында пысқырғаны еміс-еміс естіледі. Күміс үзеңгілер бір-біріне қағысып, сыңғыр-сыңғыр етеді. Әлденеше тұяқ дала төсіне тиген сайын делебеңді қоздырар дүбір қалыңдай түсті ме қалай?

Салтанат шеруі іспетті. Қан майданға аттанған жорық емес, аруды аңсап бет алған серілік сапар. Көкшетаудағы Бір­жан сал атындағы музыка колледжінің білім алушысы Юрий Кочетыгов шертіп отырған Сүгірдің атақты «Бес жорғасы» осылай басталады. Аңыз айтады: заманында Ұлытаудың бауырында Мақпруза есімді күйші қыз өмір сүрсе керек. Күйшілігі соншалықты – аспандағы аққуды күйімен әлдилеп, тербетіп, саз сиқырымен арбап, жерге қондырған деседі. Ат тұяғы жететін жерден күй са­йыс­қа дәмеленіп келген небір күйшінің, дәулескер домбырашының сағын сындырыпты. Осы хабар күй перісі – Сүгірдің де құлағына жетсе керек. Алыс сапарға қамданады. Қасына өнері бірінен-бірі асатын төрт дәулескер домбырашыны ер­теді. Серінің серігі де тегін болмауы керек. Қияндағы күйші қызды іздеп шыққан сапардың барысы «Бес жорғамен» бас­талып, бес тармақ күйге ұласады. Басы осы әуен.

Болашағынан үлкен үміт күттіретін Юрий Ильич – Көкшетау қаласының тумасы. Осыдан он жыл бұрын облыс ор­талығындағы №3 қазақ орта мектебінде оқып жүрген кезінде әлдебір байқауға қа­тысқан шағында көргенбіз. Орыс бала­сының домбыраның құлағында ойнайтын шеберлігі тәнті еткен. Кейін та­лай қалалық, облыстық байқауларда құ­лақ құрышын қандырды. Таяуда рес­публикалық домбырашылар сайысында бас жүлдеге ие болды. Кемеліне келген сыңайлы, тәжірибесі толысқан, шеберлігі балғын кезінен әлдеқайда шыңдала түсіпті. Әйтпесе Сүгірдің шертпе күйі  – кез келген домбырашының жүрегі дауалап бара бермейтін шығарма.

– Мектепте қазақша оқуыңа не себеп болды, Юра? – деп сұрадым.

Мінезі жібектей есілген, қағылез сары балаң жігіт жұмсақ жымиып күлді.

– Ата-анамның қалауы. Мен мектептен бұрын қазақ тілінде тәлім-тәрбие беретін балабақшаға бардым ғой. Тілді сол жерде үйрендім. Таза қазақ тілінде оқыдым. Бірде ұстаздарымыз бізді музыка колледжіне ертіп апарды. Мен ол кезде он жаста едім. Сол жерде домбыраның сарынын, ғаламат әуезді алғаш рет тың­дадым да ғашық болдым. Үйге келген соң ата-анама алғашқы әсерім туралы айтып бердім. Олар қуана құптады. Содан бастап музыка мектебіне оқуға берді. Алғашқы ұстазым Серік Сәрсенбаевтан көп дүние үйрендім. Ширатып алайын деді ме екен кім білсін, біраз уақыттан кейін мені мектепаралық, қалалық домбырашылар сайысына қоса бастады. Музыка мектебінде оқып жүргенімде бірнеше байқауда жүлделі орынға ие болдым. Күйді негізі нота арқылы үйре­неміз ғой, кейде жүрек шымырлатар жақсы күй болса бір тыңдап алып тарта беремін. Қазір колледжде Руслан Қой­шыбаев ағайдан тәлім алып жүрмін.

Жас домбырашының айтуына қара­ғанда, тыңдарман қауымның зейіні де, ықыласы да әсер етеді екен. Бейжай отырса, күй де жанын жеп тартылмақ. Ал ықы­ласпен тыңдалса, шабыт шіркін шарық­тамақ.

– Кей адамдардың күйді дыбыстардың жиынтығы деп қабылдайтыны бар, – дейді жас домбырашы. – Қазақ күйінің бәрінің аңызы бар, талайлы тағдыры бар. Егер алдымен күй аңызын айтып, шығар­маны содан кейін орындаса, былайша айтқанда, лекция концерт түрінде ұйымдастырса, ұтымды болар еді. Аңыз желісіне зейін қойып, тереңіне бойлап барған тыңдарман қауым күй сипаттаған көріністі оңай қабылдар еді.

Домбырашының пікірін теріс дей алмадық. Шынында да күй – ақсүйек өнер. Тыңдаушы қауымнан да көңіл көк­жиегінің кеңдігін талап етеді. Әйтпесе мың сан сыр бөккен саз көкірекке қонақ­тамайды ғой.

– Кейбір концерттерде жүргізушілер әншейін домбырашыларды күйші деп таныстырып жатады. Дұрыс емес қой, аға, – дейді Юрий Ильич. – Күйші – күйдің авторы, ал біз бар болғаны орындаушы ғанамыз. Біз мектепте музыка туралы әдебиеттерді оқыдық. Әлі де зерттеп білу үстіндемін. Домбырашыға алдымен бі­лім керек. Бұрынғылар дала мектебінен оқы­ған. Біз сол білімді тарихи әдебиеттер ар­қылы көкірегімізге қотарып алсақ, кем болмас едік.

Жас домбырашы әсіресе, Құрман­ғазының «Адай» күйін сүйсініп орындайды. Күйдің өне бойындағы шиыршық атқан жігер тыңдарман қауымның алпыс екі тамырын қорғасындай балқы­тып, қайраттылыққа, жігерлілікке жете­лейтіндей. Алға қойған жоспары да ас­қаралы. Колледжбен шектеліп қал­май, жоғары білім алмақ. Сөйтіп, күй өне­рінің қатпар-қатпар сырын көкірегіне көшірмек.

«Ән Меккесі» – Көкшетауда күй өнерін серік еткен бір жас өсіп келеді. Ғұмыры да, өнері де өзі жиі тартатын «Бес жорға­ның» салтанатындай сәнді болса екен дедік біз іштей...