Технология • 03 Қазан, 2021

Facebook үлкен дауға қалды

303 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Facebook компаниясы тағы да дауға қалды. Қыркүйекте Wall Street Journal газеті кең көлемді зерттеу жүргізіп, компанияның кей мәліметті қоғам назарынан жасырып қалғанын анықтаған. Мәселен, Facebook Inc өкілдері Instagram әлеуметтік желісінің жастардың өміріне теріс әсер ететінін білген. Бірақ оны жарияламай, құпия ұстап, инстаграмға ешқандай өзгеріс енгізбеген.

Facebook үлкен дауға қалды

Wall Street Journal бүкіл мәліметті Facebook-те жұмыс істеген қызметкер­ден алған. Компания ішіндегі мәселе­лерге көз жұма қарай алмаған ол құпия құ­жат­тарды америкалық газетке әкеліп тап­сырған екен. Wall Street Journal солар­дың бәрін зерделеп шыққан.

Wall Street Journal жүргізген зерттеуде компания жіберген қателіктер тізіліп жазылған. Ең әуелі – Facebook өз қолданушыларын алалаған. Рас, компания басшысы Марк Цукерберг талай мәрте әлеуметтік желінің баршаға ортақ екенін, бәріне бірдей жағдай жасалғанын айтқан-ды. Дегенмен іс жүзінде бәрі басқаша болып шықты.

Мысалы, Facebook «Кросс-чек» немесе XCheck деп аталатын бағдар­лама жасап шығарған. Сол арқылы ма­ңызы жоғары аккаунттардың сапа­сын бақылаған. Wall Street Journal кел­тір­ген мәліметке сүйенсек, осылай­ша XCheck арқылы миллиондаған VIP қол­данушыға компанияның жалпыға ортақ ережелеріне бағынбауға мүмкіндік берілген. Бірақ мұндай қадамға барудың кемшілігі бар екенін америкалық басылым жүргізген зерттеу көрсетіп отыр.

VIP мәртебесін иеленген қолдану­шылар өз артықшылығын теріс мақсат­та пай­даланған. Әсіресе, зорлық-зомбы­лықты көрсететін, жеккөрушілікке ша­қы­ратын материалдар емін-еркін жа­рия­лаған. Ал Facebook-тің жал­пыға бірдей ережесінде мұндай әрекет­ке ты­йым салынған. Wall Street Journal-дың зерттеуінен кейін компания та­ғылған сынның орынды екенін мойын­дады. Әйтсе де, бағдарлама ізгі мақсат­та жа­сал­ғанын, онда жіберілген кемші­ліктер түзетіліп жатқанын мәлімдеді.

Мәселен, VIP тізімдегі қолданушы­лардың бірі коронавирусқа қарсы вакциналар өлімге әкеледі деп әлеуметтік желіге жазған, сондай-ақ АҚШ-тағы Демо­краттар партиясы педофилдік секта құрған деп жала жапқан. Әдетте мұндай фейк мәліметтердің авторлары Facebook-тен уақытша шеттетіледі.

Ерекше тізімге енгендердің бірі – әйгілі бразилиялық футболшы Неймар. «ПСЖ» клубының шабуылшысы осыдан біраз уақыт бұрын басы дауға қалған еді. Ол сексуалдық қысым жасады деп айыпталған. Кейінірек Неймар сол қызбен WhatsApp-та сөйлескен хабарламаларын, оның жалаңаш суреттерін Facebook-тегі парақшасында жариялаған еді. Әдетте, мұндай суреттер бірден өшіріледі әрі ондай қадамға барған адамның аккаунты өшіріледі. Бірақ Неймар салған фотолар бір күн бойы әлеуметтік желіде тұрған. Фут­бол­шының аккаунты жойылған жоқ.

Екінші һәм негізгі мәселе – Instagram желісіне тиесілі. Компания бірнеше жыл бұрын қолданушылар арасында сауалдама жүргізіп, оның тиімділігін зерттеп көрген екен. Сөйтсе, Instagram басқа әлеуметтік желілерге қарағанда адамдарға, әсіресе, жасөспірім қыздарға теріс әсер етеді екен. Компания басшылары мұны білген, әрине. Бірақ қоғамды дүр сілкінтетін ақпаратты жариялаудың орнына құпия ұстаған.

«Жасөспірім қыздардың 32 пайызы дене бітіміне көңілі толмаған кезде Instagram мәселені одан әрі ушықтыра түскен. Өздерін әлеуметтік желінің басқа қолданушыларымен салыстыру – олардың көзқарасы мен болмысына теріс әсер еткен», делінген 2020 жылғы сауалдамада.

2019 жылы жарияланған келесі бір зерттеуде жасөспірім қыздардың үштен бірінің Instagram-ның  кесірінен дене бітіміне көңілі толмайтыны анықталған. Сондай-ақ жастар әлеуметтік желі салдарынан мазасыздық пен депрессияға ду­­шар болғанын айтқан. Бірақ бұл жас­­тар­ға ғана тән емес. Ересектер де бас­қа­лар­дың әдемі суретін көргеннен ке­йін жиі ма­засызданып, депрессияға ұшы­рай­ды. Бұл аз десеңіз, суицидке бейім қол­дану­шылар өз әрекетін әлеумет­тік желіде жасауға ниеті бар екенін жеткізген.

Бұл деректер компанияның ішкі жүйесінде ғана жарияланған. Бірақ көпшілік назарына ұсынылмаған. Бір жағынан бұл түсінікті де. Сауалдама нәтижесі Instagram-ның адам өміріне келтіретін зиянын анық көрсетіп берді.  Мұны жарияласа, компания сынның астында қалатын еді. Сондықтан бұл мәліметтерді мүмкіндігінше жасырын ұстауға тырысқан.

Жастар – Instagram желісінің негізгі қолданушылары. Мәселен, 22 жасқа дейінгілердің үлесі 40 пайыздан асып кеткен. Күн сайын АҚШ-та 22 мил­лион жасөспірім инстаграмды пайдаланады. Салыстырмалы түрде қарасаңыз, фейсбукке күніне кемі бір мәрте кіретін америкалық жастардың саны небәрі 5 миллион ғана. Жастар Facebook компаниясына жыл сайын 100 миллиард доллар пайда әкеледі. Сондықтан компания үшін әлеуметтік желіден айырылып қалмаған тиімді.

Компания әлеуметтік желінің теріс әсері көп еместігін талай мәрте мәлім­деді. Тіпті АҚШ Конгресінде Cambridge Analitica бойынша сұрақ-жауаптың астында қалғанда да мойындаған емес. Тіпті мәліметтерді академиялық орта­дан да жасырып, оны сұраған заңгер­лерге де берген емес.

Биыл наурызда Марк Цукерберг АҚШ Конгресіне парламенттік тың­дауға шақыртылған еді. Жиын бары­сында оған әлеуметтік желілердің бала­лар денсаулығына әсері туралы сұ­рақ қойылды. Аталған сұраққа Цукер­берг мырза: «Біз жүргізген зерттеулер әлеуметтік желілерді 

пайдалану адамдардың психикалық денсаулығына оң әсер ететінін көрсетті», деп мәлім­деген еді. Дегенмен іс жүзінде жағдай басқаша.

Wall Street Journal-дың зерттеуінен кейін АҚШ Сенатының коммерция, ғылым және көлік жөніндегі коми­тетін­де осы мәселеге қатысты тың­дау өт­кізілді. Сенаторлар Фейсбук ком­­па­ния­сының өкілдерін шақырып, ша­ңын қағып алды десек артық айтқан­дық емес. Әсіресе, компанияның мәлі­мет­терді жасырғанын айыптап, зерттеу нәтижелеріне ерекше екпін берді.

«Facebook Instagram-ның дизайны мен алгоритмдері қоғамымыздағы жас­тарға тигізетін зиянын жақсы білді. Бірақ компания балаларымыздың қауіп­сіздігіне емес, тез пайда табуды үне­мі басты орынға қояды. Зерттеу – на­ғыз «бомба» жаңалық. Бұл Facebook әлеу­меттік желілердің балаларға зиян­ды әсері туралы білетінін, соған қатыс­ты де­ректер мен мәліметтерді жасыр­ға­ны­ның бұлтартпас дәлелі», дейді коми­теттің төрағасы Ричард Блументал.

Сенатордың айтуынша, Instagram мен Facebook-ті қолдану адамның өз дене бітіміне қатысты теріс көзқарас қалып­тастыруына әсер етеді. Әсіресе, әлеу­­меттік желіге басқалардың әдемі жер­­лерден салған суреттері мен сел­фи­лерін қарау өз өміріне қанағаттан­бауын күшейтеді. Оған қоса, лайк пен пікір де адам өміріне қатты әсер етеді екен.

Facebook-ке тағылған сын мұнымен бітпейді. Компания абайсызда зорлық-зомбылықты насихаттайтын, жалған ақпарат тарататын алаңға айналып шыға келген. Бәріне кінәлі – Facebook-тің 2018 жылғы алгоритмі. Марк  Цукер­берг мұндай қадам парақшадан бөтен адам­дардың жазбалары аз көрініп, ет-жа­қын­дардың ғана салғандарын жиі шығаруға мүмкіндік беретінін айтқан-тұғын.

Іс жүзінде бәрі керісінше болды. Қолданушылардың назарын аудару үшін жаңалық тарататын парақшалар сенсациялық ақпарат таратуға көшті. Нәтижесінде, желіде мұндай жаңалық­тар көбейіп кетті.

Сондай-ақ Facebook енгізген өзгеріс­тер жылы әсер қалдыратын жазба­ла­р­дың көрінбей, негативке толы пост­тар­дың алға шығып кетуіне әкелді. Жаңа алгоритм реакциялы лайк жинайтын жазбаларды алға шығарады. Жоспар бойынша бұл қолданушылардың өзара байланысына жол ашуға тиіс болатын. Алайда бастама жоспарлағандай болып шыққан жоқ.

Мысалы, отбасылық фотоға қара­пайым лайк көп қойылады. Ал негативті пост­тарға басқаша теріс реакциялар басы­лады. Нәтижесінде, Facebook-тің алго­ритмі алғашқысын қызықсыз пост ретінде санап, төменге ысырады. Ал теріс реакциялар жинаған жазбалар қайта-қайта көрінеді.

Әлеуметтік желінің тағы бір осал тұсы мынада. Facebook модераторлары ағылшын тілін білмейтін қолданушылар салған посттарға жеткілікті бақылау жасай алмайды. Соның салдарынан әлеуметтік желіде мексикалық есірткі картелдерінен бастап, Азиядағы адам саудалайтындарға дейінгі қылмыстық ұйымдар қалағанын жазып, Facebook-ті өз мақсатына пайдаланған.

«Суға кеткен тал қармайды» демек­ші, компания тағылған айыптар­дың кейбірін мойындағанымен, енді бірін жоққа шығарып отыр. Facebook өзі жүргізген зерттеуді Wall Street Journal дұрыс түсінбегенін алға тартады. Бірақ мұндайға АҚШ-тың сенаторлары алдана қоймасы анық. Осы мәселеге қатысты Конгресте әлі бірнеше тыңдау өткізілмек.