Климаттың өзгеруі, жаһандық жылымық, құрғақшылық, су тасқыны, ауаға зиянды қалдықтар мен көмірқышқыл газының шамадан тыс таралуы сияқты сын-қатерлер жан-жақты талқыланған форумға Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстан Парламенттерінің депутаттары, Германия елшілігі, халықаралық ұйымдар, бизнес және экологиялық қауымдастық өкілдері қатысты. Жиында алғаш болып сөз алған Экологиялық ұйымдар қауымдастығы төралқасының төрағасы Әлия Назарбаева 9 тамызда БҰҰ Климаттың өзгеруімен күрес жүргізетін жұмыс тобы баяндамасында көмір мен қазба байлықтарының болашағына байланысты болжам жасағанын айтып өтті.
«Менің ойымша, бұл құжат күзде болатын Дүниежүзілік климат конференциясында талқылауға негіз болмақ. Онда көмірсутегі энергиясын тоқтату туралы шешім қабылдануы мүмкін. Нәтижесінде, әлемде жасыл экономиканың ресурстарын бір мезгілде ұлғайта отырып, қазба отынды дамытуға қаржы құю азаятыны анық. Бұл логикалық тұрғыдан алғанда дәстүрлі қазба байлықтарынан бас тартуға және олардың жалпы тұтынылуын азайтуға мүмкіндік береді», деді қауымдастық төрағасы. Сонымен қоса Ә.Назарбаева өз сөзінде саладағы соңғы жылдарда болып жатқан өзгерістер мен қолға алынған шаралар туралы айтты. Қазақстан Үкіметінің қаулысымен 2018 жылы «Астана-Экспо-2017» инфрақұрылымы негізінде «Жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалардың халықаралық орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылған. Бұл ең алдымен қолжетімді ең жақсы технологиялар принциптеріне көшу бағдарламасын іске асыру арқылы Қазақстанның ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарында жасыл технологиялардың енгізілуіне мүмкіндік береді. «Екіншіден, шын мәнінде жұмыс істейтін тетіктерді дамыту, шағын және орта бизнес үшін халықаралық жасыл инвестициялар ағынын ұйымдастыру. Осыған байланысты Париж келісімі құрамындағы ірі Жасыл климаттық қормен тікелей серіктестік орнатылды», деді Ә.Назарбаева. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Қазақстанның 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптылығына қол жеткізуге ниетті екенін айтты. Осы орайда қауымдастық төрағасы форумға қатысушыларды бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев өз сөзінде Қазақстан үшін климаттың өзгеруіне күрес басым бағыт екенін атап өтсе, көрші мемлекеттен келген сарапшылар да сутегі энергетикасын дамытып, электр мобильдерді пайдаланатын уақыт жеткенін тілге тиек етті.
Табиғат тепе-теңдігін жоғалтқан кезде тосын мінез танытып, ауа райы да өзгеріске ұшырайтынын ғалымдар әлдеқашан дәлелдеген болатын. Сондықтан сарапшылар Арал аймағындағы тұзды дауылды тоқтату үшін 13 мың гектар алқапқа 5 млн түп көшет отырғызылғанын, бұл ағаштар 10 жылда 20 млн тонна зиянды газды бойына сіңіріп алатынын айтады.
Қазір Үкіметте Қазақстанның 2050 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығы стратегиясы әзірленуде. Әлемнің 124 елі 2050 жылға дейін өздерінің көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге міндеттеме алып отыр.
Форумның панельдік сессияларында Орталық Азия елдерінің қатысушылары климаттың өзгеруінің өзекті мәселелерін талқылап, «жасыл» жобаларды іске асырудағы табысты тәжірибелерін бөлісті. Іс-шара қорытындысы бойынша бірлескен декларацияға қол қойылды.