Reuters агенттігінің талдауына сәйкес, 2,5 миллион адам бір жылдан астам уақытта қайтыс болса, келесі 2,5 миллион өлім саны сегіз айдан аз уақыт ішінде тіркелген.
Соңғы аптада әлемде орта есеппен күн сайын 8000 адам немесе минутына бес адам қайтыс болған. Алайда кейінгі кезде дүние жүзі бойынша өлім-жітім деңгейі төмендей бастаған.
Сарапшылар «Дельта» нұсқасының кеңінен таралуымен вакцина алып үлгермеген елдердегі жағдай қиындай түскендігін, сондай-ақ вирустың бұл нұсқасы бай және кедей елдердің арасындағы вакциналау алшақтығын нақты көрсеткенін айтады.
Соңғы күндері вакциналарды кедей елдерге жеткізуге көбірек көңіл бөлінуде. Өзге табысты елдер вакцинаның үшінші компонентін ұсынып жатқанда, кей елдердің халқы әлі алғашқы дозасын да алып үлгермеген.
Агенттіктің статистикалық мәліметтеріне сәйкес, дүние жүзі тұрғындарының жартысынан көбі вакцинаға әлі қол жеткізбеген.