08 Ақпан, 2014

Сапарлар мақсаты – түсіндіру

323 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Аймақтарға жұмыс бабындағы сапарлары аясында Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Қайрат Ищанов, сенатор Сәрсенбай Еңсегенов пен Мәжіліс депутаты Жалғас Дүйсенғалиев Атырау теміржолшыларымен кездесу өткізді. Басты мақсат – Мемлекет басшысының  «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауын түсіндіру. Депутаттар Қазақстан Президенті стратегиялық құжатта белгілеген міндеттерді іске асырудағы Парламенттің заң шығару қызметінің бағыттары туралы әңгімеледі. Қ.Ищанов өткен жылы Парламенттің қос палатасының депутаттары Мемлекет басшысының стратегиялық бағытын іске асыруға арналған 95 заң қабылдағанын атап өтті. Сондай-ақ, депутаттар Атырау мұнай және газ институтының оқытушылары және студенттерімен де кездесті. Қ.Ищанов осы Жолдауда білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет саласына баса назар аударылғанын жеткізді. «Мемлекет басшысы ХХІ ғасырдағы дамыған мемлекет – белсенді, білімді және дені сау азаматтар екеніне тоқталды. Олар елдің жалпы бәсекеге қабілеттілігіне ықпал етеді және бірінші кезектегі міндет бұл саланы үздік әлемдік стандарттар деңгейіне шығару болып табылады», – деді Төраға орынбасары.

* * *

Бұл күндері Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Рашит Ахметов пен сенатор Ерболат Мұқаев жұмыс бабындағы сапармен Батыс Қазақстан облысында жүр. Депутаттар таяуда Зеленов ауданындағы Красновск ауылдық округінде болды. Олар мектепте, отбасылық дәрігерлік амбулаторияда болып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Кездесудің басты тақырыбы Мемлекет басшысының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауын түсіндіруге арналды. Жергілікті тұрғындар Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауын ықыласпен қабылдағанын жеткізді. Стратегиялық құжатта  қазақстандықтар өмірін жақсартуға баса назар аударылып отыр.  Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша денсаулық сақтау және білім беру салалар қызметкерлерінің еңбекақысы, мүгедектігі және асыраушысынан айырылған жағдайда берілетін әлеуметтік жәрдемақы ұлғаятын болады.

* * *

Парламент Сенатының депутаттары Икрам Адырбеков пен Мұхтар Алтынбаев еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Алматыдағы академиясының курсанттары мен профессорлық-оқытушылар құрамымен кездесті. Кездесу барысында Мемлекет басшысының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауы тұрғысында әскери қызметкерлердің кәсіби дайындығы мәселелерін талқылады. Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы И.Адырбеков еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясында мемлекеттік егемендікті нығайту, қауіпсіздікті және аумақтық тұтастықты қалыптастыру басымдықтар қатарында екенін атап өтті. «Ұлттық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру мақсатында соңғы жылдарда Парламент «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы», сондай-ақ, ұлттық қауіпсіздікті және әскери қызметшілерді әлеуметтік қорғауға бағытталған басқа да заңдарды қабылдады», – деді ол. Сенатор М.Алтынбаев өз сөзінде Мемлекет басшысының «Қазақстан жолы – 2050» Жолдауында алға қойылған міндеттердің бірі жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру екенін атап өтті.

* * *

Парламент Сенатының депутаты Владимир Редкокашин Астанада еңбек ұжымдарымен, емдеу және білім беру мекемелерінде кездесулер өткізіп, Мемлекет басшысының  «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауын  түсіндірді. Сенатор Ұлттық кардиохирургиялық орталық пен Астана медициналық унисверситетінің ұжымдарымен кездесті. Ол білім беру және денсаулық сақтау жүйелерінің алдына әлемдегі үздік стандарттар деңгейіне қол жеткізу жөнінде ауқымды міндеттер қоя отырып, мемлекет осы саладағы мамандар әлеуетін күшейту үшін елеулі қаржы салып отырғанын атап өтті. Сенатор, сондай-ақ, Мемлекет басшысының Жолдауында халықты әлеуметтік қорғау және қолдау мәселесі маңызды орын алатынына тоқталды.

* * *

Парламент Сенатының депутаттары Михаил Бортник пен Бақтыбай Шелпеков жұмыс бабындағы сапармен Маңғыстау облысының аудандарында болды. Сенаторлар облыстық мәслихаттың биылғы жылдағы алғашқы сессиясына қатысып, «Қазақстан-2050» Стратегиясының негізгі ережелері мен Президент Н.Назарбаевтың Жолдауда алға қойған міндеттеріне тоқталды. Депутаттар шағын және орта бизнесті дамыту, жұмыс орындарымен қамтамасыз ете алатын кәсіпкерлерді қолдау қажеттігіне назар аударды, сондай-ақ, аймақты өркендетудің келешегін талқылады. Ол бірінші кезекте көлік-логистикасы, оның ішінде Ақтау теңіз портын, геологиялық барлау және мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру секілді салаларға қатысты болып отыр.

* * *

Өңірлерде сапарда жүрген Сенат депутаты Жабал Ерғалиев Ақмола облысының Қорғалжын ауданы әкімінің халық алдындағы есеп беруіне қатысып, сөз сөйледі. – Қазақстан халқының алдына Елбасы тарихи міндеттер жүктеп отыр, – деді сенатор өз сөзінде. – Мемлекет басшысының әр Жолдауының тарихи маңызы бар болса, биылғы Жолдаудың маңыздылығы біздің баршамызға Мәңгілік Ел болу идеясымен аса маңызды. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы еліміздің әлеуметтік-экономикалық қуатын арттыруға бағытталған басты әрі негізгі бағдарымыз болып отыр. Сенатор, сонымен бірге, Қорғалжын гимназия мектебінің оқушы­ларымен  және ұстаздар қауымымен кездесіп, жас ұрпақтың терең білімді, елсүйгіш рухта тәрбиелеу мәселелеріне назар аударды. Сенатор кездесу барысында тұрғындар мен мектеп оқушыларының көп­теген сауалдарына жауап берді, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қыз­меті.

* * *

Мәжіліс депутаттары Қазақстанның барлық аймақтарына сайлаушылармен кездесулерін бастады.  Сапардың басты мақсаты –  Пре­зиденттің «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір бо­лашақ» Жолдауын түсіндіру.  Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясының жанын­дағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Қайырбек Сүлейменов Еуразия гуманитарлық институтының студенттері және оқытушы-профессорларымен кездесті. Жүздесудің басты тақырыбы – Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қа­зақ­стан халқына Жолдауы болды. Профессор-оқытушылар өкілдері мен студенттер ұжымының алдында сөз сөйлеген Қайырбек Шошанұлы Жолдаудың нақты практикалық істердің бағдарламасы екенін, оның барлық қазақстандықтарға, сондай-ақ, ең алдымен, зиялы қауымның жетекші өкілдері болып табылатын педагогтарға да қатысты екенін атап өтті. Қ.Сүлейменов ЕАГИ оқы­ту­шы­лары мен студенттерінің көптеген сұрақтарына  жауап беріп, Мәжілістің заң шығарушылық қызметі жайында да әңгімеледі, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.