08 Ақпан, 2014

Өркениет өткенмен өлшенеді

750 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Без имени-1«Қазақстан-2050» Стратегиясы – іргелі істер бағдарламасы

«Мәдениет – ең алдымен жәдігерлік.

Оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші – зиялы қауым».

 Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

корме 2 ХХІ ғасыр. Ғалымдар бұл ға­сыр­ды жаһандану дәуірі деп атап жүр. Қоғам үшін мұның зия­ны көп пе, пайдасы көп пе деген­ге таласпай-ақ қоялық. Бір біле­тініміз, жаһандану – ерекшелікті түбегейлі жоятын құбылыс. Иә, ол әлемдегі ең ұлық, ең мықты деген мәдениетті ғана мойындайды және де осыны бүкіл өркениетке сіңдіріп бағуға тырысады. Сонымен, қазір кімнің мә­де­ниеті үстем?! Кімнің өмір сүру салты жаппай үлгі ретінде таны­лып, адамзатқа таңылып жа­тыр?! Батыс жұрты, алпауыт елдер өздеріндегі мәдени болмыс­ты бүкіл елге түбегейлі енгі­зуге пейілді. Сол үшін де, «Аме­ри­кандық арман» немесе «Парижді көріп, өліп кетсем арман жоқ» деген тәмсілді таратып-ақ жатыр. Батысқа кірмейтіндерге не қалады?! Қабылдау, сол батысша ғұмыр сүру ме, әлде өзіндік ерекшелікті сақтап қалу әрі өзгеге осы ерекшелікті таныстыру ма?! Міне, қазіргі толғандырар мәселенің бірі осыған келіп тіре­луде. Тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бастап Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым ұлттық мәдениетті жандандыруға жіті көңіл бөліп келеді. Осы мақ­сат­тарды жүзеге асыру үшін 2004 жылдан бастап «Мәдени мұра» ұлттық жобасын қабылдады. Мем­лекеттік бағдарламаның негіз­гі мақсаты сан ғасырлық ұлт­тық құндылықтарымызды, көнеден жеткен археологиялық, этнографиялық, тарихи-мәдени, рухани және материалдық жау­һар­ларымызды жинақтап, зерттеп-зерделеуді, өскелең ұрпақтың санасына сіңдіруді, ғасырлар бойы бабалар аңсаған Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін әр адамның ба­ғалай білуін қамтамасыз ету еді. Ел Президенті Н.Ә. Назарбаев биылғы Қазақстан халқына Жол­дауында «Мен Мәңгілік Ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағ­да­ры – «Қазақстан-2050» Стра­те­гия­сының түп қазығы етіп алдым. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі оны ұстап тұру әлдеқайда қиын. Бұл – әлем кеңістігінде ғұ­мыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама. Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуге тиіспіз. Ол сабақтың түйіні біреу ғана – Мәңгілік Ел болу біздің өз қолымызда. Бұл үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмты­луымыз керек. Байлығымыз да, ба­қы­тымыз да болған Мәң­гілік Тәу­ел­сіздігімізді көздің қара­шы­ғындай сақтай білуіміз керек», деп мұн­дай жетістіктің оңай жол­мен кел­мегенін, мұны ұстап тұру одан да қымбатқа түсетінін айтып өтті. Тәуелсіздіктің арқасында Сары­арқаның сайын даласында әсем қала елордамыз – Астана бой көтерді. Аз ғана уақыт өтсе де Қазақстанның жаңа келбетін қалыптастырған Астана талай тарихи оқиғалардың куәгері болып үлгерді. ЕҚЫҰ саммиті, 7-ші қысқы Азиада ойындары тарих бет­терінде елорданың атымен жа­зылып қалды. Ендігі жерде Қазақстан, оның ішінде Отаны­мыздың жүрегі саналатын шаһар үшін тағы бір сын сағаты туып тұрғаны белгілі. Ол 2017 жылы өтетін халықаралық «ЭКСПО» көр­месі. Еліміздің өткені мен бүгінін айшықтайтын Ұлттық музейді ашу идеясы да 2011 жылы Елбасы тапсырмасымен қолға алынғаны мәлім. Мұндай дүниежүзілік дүбірлі сәттерде елімізді төрткүл дүниеге паш ететін ұлттық му­зей­дің елордада бой көтеруі өте қуан­тарлық жағдай. Сәулеті мен сәні келіскен ғажап ғимарат сырт­тай қараған адамның назарын аудартпай қоймайды. Бүгін­де музейді ашуға әзірлік жұмыс­тары аяқталуға жақын. Ұлттық құндылықтарды заманауи жа­ңа сапада ұсыну үшін қажет мүм­кіндіктің бәрі жасалған. Музей жаңа технологиялар­мен жабдықталған, Қазақ елінің арғы-бергі тарихын түгел дер­лік қамтыған халықаралық дәре­же­дегі маңызы зор ірі мәдени ошақ болғалы тұр. Оның өзіндік ерек­шеліктері жоқ емес. Мысал үшін айтатын болсақ, біріншіден, мұнда қазіргі заманның жоғары технологиялары қолданылатын болады. Олар жәдігерлердің ерек­шелігі мен айрықша тарихи ор­нын халыққа нақты дерек, дәйек­термен таныстыруға құрылған. Көне заман мен орта ғасырлар мұ­расы табиғи үйлесімділікпен жаңғыратын болады. Екіншіден, этнография, ұлттық қолданбалы өнер, мүсін, көркемсурет, кес­кін­деме туындылары тарих пен қазіргі заманғы талғамға сай сабақтасып, біртұтас руха­ни дүниеге айналады. Кіре берістен төрге дейін салтанат пен рәсім си­паты айқындала түседі. Үшін­шіден, мұнда мәдениет пен ғылымның, мемлекетшіл сана мен елдік тәлім-тәрбиенің, отан­шылдық пен жасампаздық рухы­ның бір арнаға тоғысатыны үлкен мерей. Үкіметтің «Ұлттық музей қо­рын құру туралы» ережесінде: «...Ұлттық музей қорының қазы­на­ларын сақтап, еселей түсу – бүкіл­­халықтық іс, мемлекеттік орган­­дардың, мекемелер мен кәсіп­­орындардың, ұйымдар мен қоғам­­дық бірлестіктердің, барлық лауазымды адамдардың міндеті, Қазақ­стан Республикасының әрбір азаматының борышы» деп көр­се­тілген болатын. Қазақ халқының қиын-қыстау кезеңдерді басынан өткерген тарихи тағылымы, мәдени мұрасы, ғылымы мен өнері және бүгінгі даму қарқыны сан қырлы екені белгілі. Бүгінгі күні Ұлттық му­зей­ді ашу жұмыстарына еліміз­дің көптеген азаматтары жұ­ды­рықтай жұмылып атсалысуда. Қазақтың дарқан даласының әр аймағы өзіндік мәдени ерек­ше­лікке бай екенін айқын бағам­да­ту мақсатында музейге елі­міз­дің түрлі өңірі тарихи жәдігер­лер ұсынуда. Сонымен қатар, аймақтардағы түрлі са­ла ға­лымдары да тарихымыз бен мәдениетіміздің айшықты көрі­ніс­тері туралы мәліметтер жинақ­тау ісіне қол ұшын беруде. Му­зейлермен қатар, универси­тет­тер, ғылыми институттар, орта­лықтар мен әр деңгейдегі облыс­тық басқармалар, жекелеген бұ­қа­ралық ақпарат құралдары музей экспозициясына қатысты мәлі­меттер қорын саралап, жинақтау жұмыстарына белсене қатысуда. Мұндай жалпы ұлттық ме­рей­лі жобаны жүзеге асыруда му­зей мамандары айтарлықтай жұмыстар атқарып жатыр. Олар аймақтарды аралап материалдар жинауда қыруар іс тындырды. Облыстық өлкетану музейлерімен тығыз байланыс орнатылуда. Өңірлерге сапар кезінде тарихи жәдігерлермен қатар, тәуелсіздік жылдарындағы ел жетістіктерінің айғақтарын, экономикалық жетіс­­тіктерін баяндайтын бейне жә­не фото материалдардың едәуір қоры жинақталды. Ай­та кете­тін тағы бір жайт, Елба­сы­ның «Қазақстан-2050» Страте­гиялық бағдарламасының барысын­да атқарылып жатқан жұмыс­тар­дың жетістіктері туралы мәлімет­термен де музей қоры толығуда. Музейдің экспозициялық залдарын безендіру жұмыстарына кореялық компаниямен бірге елі­міздің танымал музей мамандары, атақты ғалымдар қам­тыл­ған. Олар бүгінгі таңда әлем­дік соңғы технологиялармен жа­сақтау жұмыстарымен айналысуда. Музейдегі мамандар ұлан-ғайыр атырапта көшпелілік пен отырықшы өркениеттердің дәнекері саналатын, көне заманнан бері тіршілік көзіне айналған кең-байтақ қазақ даласының кере­меттерін, тарихи мұрасын, рухани және материалдық мәдени, табиғи байлықтарын ғылыми негізде қолдануға бар күштерін салуда. Қала өркениеті мен көшпелілер өркениетінің үнқатысу алаңы саналған Ұлы Қазақ даласының сарқылмас қазынасы қашаннан мәдени мұрасы болып келгені мәлім. Ұлттық мұраларымызды бүкіл әлемге паш ететін Ұлттық музейдің алдағы арқалар жүгі Алатаудай асқар екенін білеміз. Осы мақсаттағы іс-шараларды жұдырықтай жұмылып атқарсақ, бұл жоба Елбасымыздың «Қа­зақ­стан жолы – 2050: бір мүдде, бір мақсат, бір болашақ» Жол­дауындағы «еліміздің темірқазығы саналатын – Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асырудағы қадамдардың бірі болып қалары сөзсіз. Талғат АБЫЛҚАСЫМОВ, Ұлттық музейдің ақпараттық технологиялар және баспа жұмысы секторының басшысы. АСТАНА.