Әлем • 04 Қазан, 2021

Еуропада бірыңғай қуаттағыш қолданылады

377 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Таяуда Еуропалық комиссия телефон және басқа да электронды құрылғылар шығаратын компанияларды бірыңғай қуаттағыш шығаруға міндеттейтін жаңа заң жобасын таныстырды. Құжатты ұсынушылардың айтуынша, мұндай қадам электронды құрылғылардан қалатын қоқысты азайтуға септігін тигізеді.

 

Еуропада бірыңғай қуаттағыш қолданылады

Заң жобасында Еуропалық одақ аймағында сатылатын бүкіл смартфон «Type C» немесе «USB-C» қуаттағышын қолдануға тиіс. Бірақ Еуропалық комиссияның ұсынысын кей компания қолдап отырған жоқ. Әсіресе, Apple бұған қарсы. Компания өкілдерінің сөзіне сенсек, бәріне бірдей қуаттағыш міндеттеу осы бағытта инновация жасауға кедергі келтіреді-міс.

Бірыңғай қуаттағыш шығару ең әуелі Apple компаниясына әсер етпек. Өйткені, Huawei, Samsung секілді телефон нарығындағы үлкен компаниялар USB-C қуаттағышын қолдануға әлдеқашан көшкен. Ал Apple секілді кей өндірушілер ғана құрылғыларын дербес қуаттағыш түріне бейімдеген. Әйтсе де, Apple кейінгі уақытта кейбір өнімін USB-C арқылы қуаттауға ауыстыра бастады.

Еуропалық комиссияның дерек­теріне сүйенсек, 2018 жылы Еуро­палық одақ аймағында сатылатын электронды құрылғылардың жар­тысына жуығы USB micro-B қуатта­ғышын пайдаланған. USB C қуатта­ғышына нарықтың 29 пайызы тиесілі. Apple-дің Lightning қуаттағышына 21 пайызы тиесілі.

Құжатта көрсетілген Type C қуат­тағышын қолдану міндетті құрыл­ғылар саны бірнеше. Олардың қатар­ында смартфондардан бөлек, планшеттер, фотокамералар, құлаққаптар, дауыс күшейткіштер, ойын приставкалары бар.

Қарт құрлық шенеуніктерінің мұндай қадамға баруының себебі – электронды құрылғылардан қалатын қоқыстың көптігінде. Еуропалық комиссияның келтірген мәліметіне сүйенсек, қолданылмай, қоқысқа тасталған қуаттағыштардың көлемі жыл сайын 11 мың тоннаға артып отыр. Мәселен, 2019 жылы 53,6 мил­лион тонна электронды құрылғы қо­қысқа кеткен. 2030 жылы бұл көлем 75 миллион тоннаға дейін артады деген болжам бар.

Былтыр Еуропалық одақ елдерінде 420 миллион телефон мен электронды құрылғы сатылған екен. Еуропалық әр тұрғын орта есеппен үш қуаттағыш қол­данады. Демек, жыл сайын сатыла­тын смартфондардың артуы қол­да­ныл­маған қуаттағыштардың санын да арттыратыны түсінікті.

Жалпы, Еуропалық одақ бұл мәсе­леге назар аударғаны кеше ғана емес. Мәселен, 2009 жылы қарт құр­лықта 30 түрлі қуаттағыш қолда­ныста болды. Осыған байланысты Еуро­палық комиссия электронды құрылғы өндірушілермен келісіп, бірың­ғай қуаттағыш шығаруға келіскен болатын. Тіпті кез келген келісімге көне қоймайтын Apple компаниясы да мұндай талапқа көніп, Еуропалық одақта қолданылатын арнайы қуаттағыш шығарған-тұғын. Соның нәтижесінде қазіргі таңда соның негізгі үшеуі ғана қалған.

2018 жылы Еуропалық парламент қайтадан бастама көтеріп, электронды құрылғы нарығына қатысы бардың бәрін үнқосуға шақырды. Сол кезде де Apple осыған байланысты арнайы мәлімдеме жасап, мұндай талап телефон қуаттағышын шығарушылардың жұмысына кедергі келтіретінін алға тартты. Өйткені, олар ізденіп, жаңаша әдіс ұсынудың орнына бір орында тұрақтап қалмақ.

Алайда заң жобасы күшіне енуі үшін әлі бірнеше жыл қажет. Өйт­кені Директива деп аталатын құжат Еуропалық парламентте талқы­ланады. Сондай-ақ одаққа мүше мем­лекеттердің заң шығарушы органдары да бұл мәселені қарауға тиіс.

Еуропарламент депутаттары мен ұйымға мүше мемлекеттер Еуропалық комиссия ұсынған заң жобасына түзетулер енгізуге құқығы бар. Ондай жағ­дайда комиссия түзетулерді қайта қарап, келіскеннен кейін ғана Директива күшіне енеді.

Жоспар бойынша заң жобасы 2022 жылы қабылдануға тиіс. Со­дан кейін Еуропалық одаққа мүше мемлекеттердің құжатты ратификациялауына екі жыл мерзім беріледі. Бұл жұмыс аяқталған соң өндірушілер екі жыл ішінде қуаттағыштарын өзгертуі қажет.

Apple компаниясының бұл заң жобасына азар да безер болуының өз себебі бар. Өйткені Еуропалық одақ алпауыт нарықтың бірі саналады. Оның үстіне, ЕО-ның шартараптың түкпір-түкпіріне әсері ерекше. Мәселен, «Брюссель әсері» деп аталатын жаһандық заңнамаларға ықпал ететін феномен бар. Яғни ЕО әлемдегі ең үлкен тұтыну нарығының бірі болғандықтан, көптеген трансұлттық корпорациялар одақ құрамында қызмет етуі үшін оның ережелерін қабылдауға мәжбүр.

Нәтижесінде, әр елде түрлі заңнамаларға бағынбас үшін алпауыт корпорациялар Еуропалық одақтың құқықтық ережесін жер-жаһанның басқа бөлігінде де қолданады. Тіпті IT саласындағы ірі компаниялар да ЕО-ның қатаң талаптарына қарамастан, оған бағынуға мәжбүр. Алда-жалда Еуропалық парламент Еуропалық комиссияның ұсынысын қабылдаса, Apple компаниясы қарт құрлықта өнімін сату үшін міндетті түрде USB-C қуаттағышын қолданады. Сонымен қатар бұл қадам Apple-дің әлемнің басқа бөлігінде сататын өнімдеріне де әсер етпек.