Театр • 05 Қазан, 2021

Мерейтойлық маусым

418 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл театрдың 30 жыл­дығы! ХХХІ театр маусы­мының шымылдығын түр­ген елордалық Қ.Қуа­ныш­баев атындағы мем­лекеттік академиялық қа­зақ музыкалық драма театры өнер тойын асы­ға күткен мәртебелі көрер­меніне жылдағы қалып­тасқан дәстүр бойынша М.Әуезовтің «Абай» қойы­лымын тарту етті.

Мерейтойлық маусым

Тағылымды тарихы ел еге­мен­дігімен егіз жасасып, ұлт тәуел­сіздігімен тұтасып кеткен өнер ошағы бүгінде бабалар салып кеткен өнердің сара жолын жемісті жалғап, келешектің кемел өрнегін жаңашыл ізденістерімен сәтті са­бақтауда. Оның айқын дәлелі де осы – режиссер, Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері  Әлімбек Оразбек режиссурасымен сахнаға жол тартқан «Абай» спектаклі. Сонау 1940 жылдың 20 қазанында Асқар Тоқпанов режиссурасы­мен ең алғаш сахна көрген туынды міне, арада ғасырға жуық уақыт өтсе де өз сұранысын һәм құндылығын жоғалтқан жоқ. Классиканы заманауи тілде сөйлетіп, Абай тра­гедиясы арқылы жаңа заман түйт­кілдеріне батыл сараптама жа­сайтын Әлімбек Оразбектің сах­налық көркем тұжырымдары мен Қазақстанның халық әртісі Ті­лек­тес Мейрамов, Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуілов бастаған сайдың тасындай сақа актерлердің шебер ойы­ны шын мәнінде бұл «Абайға» ерекше өрнек сыйлаған. Соның белгісі болса керек, әр жаңа мау­сымда «Абайымен» көрермен сағыныса қауышады. Бұл жолы да ол дәстүр бұзылған жоқ. Оның үстіне биылғы маусымның театр­ үшін де, көрермен үшін де маңызы айрықша. Жаңа ғима­рат төрінде жаңа маусымының ашыл­ғанын сүйіншілеген ұжым сах­наның барлық техникалық мүм­кіндіктерін ұтымды пайдаланып, іргелі ізденістерге барыпты. Актрелердің де уақытпен бір­ге рөлдерін де үздіксіз дамытып, әр қойылым сайын сомдайтын кейіпкер мінезін барынша ба­йы­тып, саф алмастай қырын шы­ғарып, жарқыратып, дамытып оты­­ратындығы көңілге құрмет ор­­нық­тырды.

Абай тағылымына тәу етіп, ха­­кімнің мәңгілік  өлмес  рухы­нан қуат алып, атойлатып ке­зек­ті ХХХІ театр маусымының шы­­­мылдығын түрген ұжымның ал­­дағы шығармашылық жос­пар­ла­ры да ауқымды. Алда театр сах­насында өтетін көптеген премье­ра мен жарқын концерт, мазмұнды фестиваль Арқа тө­рінде өнер көрі­гін қыздырып, театрсүйер талғам­паз қауымға тамаша тарту болары сөзсіз.

– Көптен күткен тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Елбасының тікелей қолдауы мен өнерге деген жанашырлығының арқасында елорда төрінен осындай еңселі ғимарат бой көтеріп отыр. Техни­калық жағынан соңғы үлгіде жа­сақ­талған ғимарат әртістерімізге мүл­­дем басқа көркемдік талап биігінде өнер көрсетуге жол аш­ты. Бір сөзбен айтқанда, актер­лерге жаңа тыныс сыйлады. Алда үлкен ізденістер күтіп тұр. Әсем ғимаратқа ие болдық, енді шығармашылық тұрғыдан да сол биікті бағындыруды көксейміз,  деп маусымашар салтанатында шабыттана сөз алған театр директоры  Ернар Жұматаев одан әрі ойын биыл тарихына 30 жыл толтырып отырған ел Тәуелсіздігімен түйдей құрдас театрдың тағылымды та­ри­хына қысқаша шолу жасау­мен сабақтады, ұжымның ал­дағы жоспарларымен бөлісті: – 1991 жылдың қарашасында шы­мылдығы  Ғ.Мүсіреповтің әйгі­лі «Ақан сері – Ақтоқты» тра­­­ге­­диясымен түрілгелі бері, Қа­­ли­бек Қуанышбаев атындағы Мем­­­лекеттік академиялық қа­зақ му­зы­калық драма театры та­рих қой­науына көркемдік биі­гі­мен жол тартқан қаншама қойы­лым­ды сахналады. Театр ұжымы клас­сикалық өнер туындыларын за­ман­ға сай жаңартып, репер­туа­рын ұлттық және әлемдік дра­матур­гиямен толықтырып ке­леді. Соның бірі де бірегейі – бү­гін өздеріңіз тамашалаған «Абай» трагедиясы. Алыс-жақын ше­тел­дердегі және қазақстандық фес­тивальдарда топ жарып, сан мәр­те жүлделі оралды. 2011 жылы «Мем­лекеттік ака­демиялық театр» мәртебесін алды. Енді міне, күні кеше Елб­а­сы­­мыз Нұрсұлтан Әбішұлы На­зар­баев жаңа театр ғимаратын ашық деп жариялады. Театрдың үлкен сахнасында М.Әуезовтің «Абай» қойылымының үзіндісін тамашалап, театр әртістеріне риза­шылығын білдіріп, шығар­ма­шылық табыс тіледі. Әлем бо­йынша өнер ошақтары жабылып жатқанда, Қазақстандағы тең­дессіз театр ғимаратын ашу Мем­лекетіміздің өнерге құрметі, қол­дауы деп білеміз. Бұл әлбетте ұжы­мымызға шығармашылық ша­быт пен үлкен серпіліс сыйлады. Мемлекетіміз тарапынан көрсетіліп жатқан осындай өлшеу­сіз құрметке сай біздің де алдағы уақытта халқымызға ұсынар шы­ғар­машылық жаңалықтарымыз көп, – деп ағынан жарылды театр директоры.

Иә, қаллекиліктер үшін бұл мау­сым жаңалықтар мен тың ізде­­ністердің маусымы бол­мақ. Театр­дың үлкен сахнасы мен каме­ралық залында қатар ойналатын қызықты қойылымдарынан бөлек, жыл басында Қ.Қуанышбаев театры жанынан ашылған жастардың лабораториялық орталығының да ізденіске толы жаңашыл қойы­лымдары көрерменнің рухани демалуына қалтқысыз қызмет етері сөзсіз.