08 Ақпан, 2014

Cөз сойыл

745 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Неге? – Жеңіп жатқан команданың ойыншылары ойын соңына қарай допты бір-біріне көлденеңдете тастап, неге ұзақ жүріп алады? – Әрине, уақытты созу үшін. – Е, солай ма! Әкімдер есеп берген кезде бұрынғы айтқан уәделерін қайталап, оның орындалуын неге соза түседі десем, оның осындай сыры бар десеңізші!.. Қиын – Зілтемірді төбеге көтеру қиын-ақ, рекорд жасау одан да қиын. – Дұрыс айтасыз, менің бір танысымның айтуынша, министр болу қиын, ал сол орынтақта ұзағырақ отыру тіптен қиынырақ көрінеді. Бүгілу – Шаңғышы трамплиннен секіргенде неге сонша бүгіледі? – Ұзаққа секіру їшін. – Е-е, шенеуніктер өздерінен үлкен басшыларының алдында неге иіліп-бүгіліп қалады десем, осындай мәнісі бар екен єой... Нұрмахан ЕЛТАЙ. Қызылорда облысы. Сыбыс Жыл басында сыбыс шығып: – Бұл мекеме тарайды, – деді. Біреу айтты: – Қосылып, басқа жерге қарайды, – деді. Енді бірі: – Жартылай қысқарса да  жарайды, – деді. Содан бері, Тасты құм ғып уатып, Жайлап жылжып, Өтіп жатыр уақыт. Сол баяғы әңгіме, Алып-қашпа сыбыс көп, Істеліп жатқан дым іс жоқ. Әлі күнге осындай, Мекеме бар – жұмыс жоқ.  Әнсоғар Ұлының аты Нансоғар, Ал, әкесі – Малтабар. Тамыр-таныс қуалап, Талай табалдырықты аттады. Қай істің басын шатпады, Бірақ, қасығы суға батпады. Әрі ойлап, бері ойлап, Өнер ордасына кеп тоқтады. Соған кіріп Малтабар, Жетегінде Нансоғар: – Өтінішім бар балдызым, Мынау менің жалғызым, Домбырасы дүңгірлейді, Кейде оған қосылса да, Нота-потадан дым білмейді. Шырағым, осыны не етесің? – деді. Бастық баланы қағып арқаға, Әлі-ақ, әнші боп кетесің, – деді. Сол күннен бастап нансоғар, Болдыдағы «ән соғар», Қисаңдауды сән деп жүр, Айқайдың бәрін ән деп жүр. Жұрт не десе, о десін, Тамада болып нан жеп жүр. Жамалбек АҚЫЛБАЙҰЛЫ. Оңтүстік Қазақстан облысы.  ? ? ? ? ? Сұрақ-жауап ! ! ! ! ! – Кейбір жігіттеріміз құлағына сырға тағып, шашын иығынан асыра өсіріп, не болса соны сөз етіп, жыртың-жыртың неге күле береді? – Өмір болған соң бәрі де болады. Қатын басты, әйел шашты жігіттеріміз бар екені рас. *  *  * – Былайғы жұрт сіз туралы анау-мынау дегенімен, қоластыңдағыларыңның бәрі сізді мақтайды?.. – Заманның да, заңның да, адамның да амалы көп. Ағайын, туыс, құда-жекжат, нағашы-жиен, дос-жаранын жинап алған бастықтың жаманы жоқ. *  *  * – Саналы түрде ұрлық жасауға бола ма? – Құрдас, ол сенің қолыңнан келмейді. Ол үшін ықпалы күшті қызметің, қулықпен құнарландырылған, сұмдықпен суарылған айла-шарғың, қолың ілінген жерден тартып алатын, шетелге қашып демде баратын шамаң болуы керек. *  *  * – Жалғаннан кім қалай өтеді? – Ұрысы ұрлап, жемқоры жырғап, өтірікші жырлап, кедейдің ерні кеберсіп, таңдайы құрғап, кейбіреу демде байып, әлде біреу оқыстан оңбай тайып өте шығады. *  *  * – Өлмейтін тақырып бола ма? – Болады. Ол жақсылық пен жамандық. Сол екеуі заман ақырға дейін шайқасып, тәлтіректеп тірі барады. Қайсысы жеңерін өздері біледі. *  *  * – Бұрынғының әйелдері аю етіне, қасқырдың жүрегіне жерік болыпты, – дейді. Содан шығар батыр бабаларымыздың көп болғаны? – Шіркін-ай, менің әйелім әу баста ақшаға жерік еді. Әлі сол, жерігі қанатын емес. Жүніс ҚОҚЫШҰЛЫ. Алматы облысы. БірқағарСоз -сойыл 2014-2 Тіліміздің мәртебесін  өсіріп, Құжаттауды қазақшаға көшіріп, Жатқалы да жиырма жылдан асыпты, Әлі орысша сөйлеп жүрміз көсіліп. *  *  * Құрылысшы: «сапасыз!» деп дабылдады, Жанашыр, ара түсер табылмады. Кәмиссия келді де акті жасап, Шешімін «Жарайды» деп қабылдады. *  *  * Кездесті төс қағысып, құшақтасып, Тарасты төбелесіп, «пышақтасып». Қойшыбай ШӘНИЕВ. Солтүстік Қазақстан облысы.  Бәкеңнің бірқақпайлары Аңызға айналған халық батыры Бауыржан Момышұлы туралы «Шуақты күндер» атты тамаша кітап жазған Зейнеп Ахметова бұл жолы өзінің жақында өмірден өткен асыл жары, асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы, белгілі жазушы, аудармашы Бақытжан Момышұлының күнделікті өмірдегі қазақи қалжыңдарын қағазға түсірген. Атаның мінезінің қандай күрделі болға­­­нын бұл жерде айтпасам да ел біледі. Сол жаратылыс-бітімі бөлек, табиғаты қайшы­лық­тарға толы ерекше адамның көңілін табу, ығы­мен жүру қиынның қиыны екенін басына түс­кен адам ғана ұғады. Атамен бірге тұрған кезде менің ойлап тапқан ең үлкен амалым үндемей құтылу еді. Ал Бақытжанның жөні бөлек еді, әкесіне батып та, батыл да сөйлейтін, ойлағанын тайсалмай айтып салатын. Ащы-тұщы шымшыма қалжыңдары үшін ата оны бірде қасынан қуып шықса, бірде ұтымды жауап қайтарып жеңіп кететін, енді бірде рақаттана күліп алушы еді. «Ағаштың бұтағы айыр болғанымен тамыры бір» дегендей, қаны бір, тегі бір әкелі-балалы екеуінің керісулері мен келісулерінің соңы қайырлы аяқталатын. …Бір жолы Бақыт әкесінен: – Папа, осы сенің қазақша жылың не еді? – деп сұрады. Темекісін будақтатып бейқам жатқан ата: – Ит қой, – деді жайбарақат үнмен. – Е, бәсе, алдыңызға келгеннің бәрін қауып алатыныңыз сол екен ғой! – демесі бар ма. – Пошел вон, идиот! – деп ата басын жастықтан жұлып алды. – Әне, айттым ғой! – деп Бәкең бөлмеден шығып бара жатты. *** Түскі ас кезінде атаның ыдысында біраз тамақ желінбей қалып қойғанын көрген баласы: – Папа, асыңды қалдырмай түгел тауысып жеп қой, әйтпесе мынау, – деп мені нұсқап, – қарны тойып тұрса да ылғи сенен қалғанды сыпырып-сиырып жеп отырады. Сарқытыңды іше-іше, жей-жей кейін менің басыма бәле болмай ма? – деп әкесінің қалыпқа сыймайтын мінезін қағытып шымши сөйледі. Ата мырс етіп мұртынан күлді де: – Менен кейін де саған бір «бәле» керек! – деп орнынан тұрып кетті. *** Ержан теледидардан «Золушка» деген киноны көргенін атасына айтып жатыр. «Жаман тәте Золушкаға ұрысты, көп-көп жұмыс істетті, тойға апармады, үйге қамап қойды. Содан кейін әйбат сиқыршы келіп, оны арбаға отырғызып, тойға апарды» деп түсінгені мен түйсінгенін кішкене баланың тілімен әңгімелеп берді. Ержан ойнауға кеткен соң Бәкең: – Қызық! – деп басын шайқады. – Бала екеш бала да Золушканы аяп тұр. Әлем халықтарының көбі Золушканы кітапқа жазып, кино түсіріп, мультфильм шығарып аспандатады. Сол Золушканың бір ғана өгей шешесі болды. Ал үш бірдей өгей шеше көрген мен кіммін? Мен бейшара үш мәрте Золухпын! – деп мүсәпірсігенде ата шыдамай күліп жіберді. Кейін Бәкең төртінші мәрте Золух болды. *** Астананың он жылдық тойына орай Жамбыл облысы атаның келіскен еңселі ескерткішін елорданың өте бір көрікті жеріне орнатты. Ескерткіш ашылған күні адам өте көп болды. Ертесінде оңаша барып тағы көрейік деп, Жамбылдың бір топ жігіттерімен қайта бардық. Бір кезде жігіттердің біреуі: – Қандай керемет! Сарыарқаның төсінде, Есілдің жағасында атамыздың бейнесі қасқиып тұр! – деп желпіне мақтанды. Сол-ақ екен өзге жігіттер оның сөзін іліп әкетіп, қуаныш-мақтаныштарын айтып, дуылдасып әңгімені тұздықтап жіберді. Сол кезде темекісін шегіп, жайбарақат тұрған Бәкең оларға қарап: – Неменеге соншама даурығып тұрсыңдар? Аталарыңның үш әйелі Арқаның қызы еді, енді, міне, қайын жұртына келіп «күшік күйеу» болып қоқырайып тұрған жоқ па! – дегені. *** Сайлау дейтін ағай: – Бақытжан, сен Момышұлы емес, Бауыржанұлы болып, Ержан – Бақытжанұлы, ал немерелерің Ержанұлы болып жазылуы керек еді, – деп қызына сөйледі. – Папам мені солай жазғызыпты. «Ары қарай ұрпақтарым да Момышұлы болып жазыла берсін» деп тапсырған, – деді Бәкең. Ағай өз дәлелдерін айтып қояр емес. Ол кісінің айтқандары дұрыс та шығар, бірақ әке аманатын орындаған Бәкең қарсы сөз айтып таласуды жөн көрмей, үнсіз тыңдай берді. Бір уақытта ана кісі: – Ал, жарайды, сендердің әулеттің еркек кіндіктілері Момышұлы болып жазылсын дейік, қыз немерелерің болса қалай жазылады? – деп сұрады Бақытжанды ұстайтын бір тосқауыл тапқандай. – Қалай болушы еді, қыздар Зейнепкина болып жазылады, – деді Бәкең саспастан. *** Телефон сылдырлаған соң тұтқаны көтеріп әдеттегідей «Алло» дедім жайбарақат үнмен. Сол-ақ екен аржақтан гүжілдеген ашулы дауыс: – Где ты ходишь, кобра? – дегені. Мұндай сөзді күтпегендіктен сасқалақтап: – Что-о-о? – деппін орысшалап. Аржақтағы адам: «Ой!» – деді де телефонды басып тастады. Қателесіп түссе керек. Сол аралықта Бәкең қасыма келіп: – Не болды? Сұрың қашып, көзің бақырайып кетіпті ғой, – деді. – Қайдан білейін, бір орыс «Где ты ходишь, кобра?» деп зіркілдеп берді ғой, – дедім, жұбайым жұбатып жылы сөз айтады деп дәмеленіп. – Астапыралла! Дауысыңнан қалай таныған, – демесі бар ма. *** – Жазудың қызығына түсіп көбірек отырып қойдым білем, белім көтертпей тұр, – деді Бәкең. – Қазір бальзам жағып, жақсылап уқалап беремін, – дедім. – Бальзам жаққанша беліме түкіріп берсеңші, – дейді ол. – Түкіргені несі? – Жылан уының ауруға ем екенін білмеуші ме едің? – дегені. *** Бәкең Алматыда қалың орыстың ортасында туып-өсіп, орысша оқып, орысша жазғаны, өз сөзімен айтсам, «мемлекеттік құпия емес». Сонда да қаланың асфальтында ер жеткен теңтұстарына қарағанда қазақилығы көш ілгері еді. Әйтсе де, таза ұлттық тәрбие алып ауылда өскен, қазақша оқыған маған қарағанда әдет-дағдылары бөлектеу болды. Сондықтан қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-тыйымдарын, жалпы ұлттық құндылықтар жайлы өз білгенімді үйленген күннен бастап көрсетіп, айтып жүретінмін. Бір жолы асүйдегі үстел астының еденін жуып жатқанымда телефон шылдырлады. Абайламай басымды көтеріп қалғанда төбемді үстелге оңбай соғып алдым. Оқыс қозғалыстан үстел шетінде тұрған кесе басыма құлады. Ішінде сүт бар екен, төбемнен құйылды да кетті. Үстелге соғылған әрі кесе құлаған, оның үстіне сүт сорғалаған басымды сипалап жатқанымда, қашан қасыма келгені қайдам, Бәкеңді көрдім. Ол маған қарап қолымен есікті көрсетіп, әлденені қайта-қайта ымдайды. Бет-аузымның сүтін сүртіп, әлектеніп, оның не айтпақшы болғанын, нені меңзеп тұрғанын ұқпай: – Не? Не деп жатқаныңды түсінбедім. Айтатыныңды адам құсап сөзбен ұқтырсаңшы! – дедім ыза болып. – Өзің жыланның басына ақ құйса, үйден шығып кетеді деп едің ғой. Басыңа ақ құйылды, кетпей не ғып тұрсың? – дейді шімірікпей. Зейнеп АХМЕТОВА. АЛМАТЫ. Дәрігерлік «тұшпара» Дәрігер науқасқа: – Сіздің ағзаңыз құрылыс заттарын сататын дүкенге ұқсайды. – Неге олай дейсіз? – Өйткені, сіздің өтіңіз бен бүйрегіңізге тас, буындарыңызға тұз, бұлшық еттеріңізге темір, өкпеңізге күл, асқазаныңызға құм жиналып қалған. *** Бір әйел дәрігерге келіп: – Күйеуіме күні-түні бажылдай беремін, бажылдай беремін, бірақ ол үнемі үндемей отыра береді. Мүмкін ауру шығар? – Бұл ауру емес, талант қой, талант! *** Дәрігер науқасқа: – Сіз маған рақмет айтып тұрған бірінші адамсыз. – Басқалары ше? – Олар айтып үлгермеді ғой... *** Емханада: – Дәрігер, менің  шынтағым ауырады. – Қан тапсырып келіңіз. – Шынтағымды ғана қарап берсеңіз болмай ма? – Алдымен қан тапсырып, ертең келіңіз. Бір күннен соң дәрігер науқасқа: – Қаныңызды тексердік: гемоглобиніңіз төмен, қантыңыз жоғары, қан қысымыңыз тұрақ­сыз, бүйрегіңізде тас бар, өті­ңіз то­лып кеткен, көзіңіз нашар­лап, өкпеңіз қарайып, асқаза­ны­ңыз­ға жара түскен... Ал сіз шын­та­ғым ғана ауырады дейсіз. Мүйісті жүргізетінБез имени-2 Берік САДЫР