Оқиға • 05 Қазан, 2021

Қостанайда жоғалған ер адамның мәйіті табылды

244 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанай облысы ПД криминалдық полиция қызметкерлері кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстың бетін ашты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қостанайда жоғалған ер адамның мәйіті табылды

«1 қазанда Қостанай қаласының Оңтүстік бөлімінің 102 пультіне 66 жастағы әйелден арыз түсті, ол өзінің 45 жастағы ұлының отбасымен тұратын саяжайдан шыққан күйі қайта оралмағандығын айтты. Бұл факті бойынша полиция жедел-іздестіру шараларын бастады», дейді Қостанай облысы ПД баспасөз қызметі.

Департаменттегілер осы жайтқа қатысты өз кінәсін мойындаған 34 жастағы Қостанай қаласының тұрғыны анықталғанын нақтылады.

«Ол жәбірленушінің денесін жасырған жерді көрсетті. Оқиға орнын қарау кезінде марқұмның денесі Тобыл өзенінің жағасынан табылды», дейді Қостанай облыстық ПД баспасөз қызметі.

Алдын ала болжам бойынша, қылмысқа адамдар арасындағы өзара кикілжің себеп болған.

«Жәбірленуші алған дене жарақаттарынан көз жұмған, күдікті дәлелді жасыру мақсатында мәйіттен құтылуды жөн көрген. Қазіргі уақытта ол қамауға алынды, қажетті тергеу амалдары жүргізілуде», делінген Қостанай облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.