Мемлекет басшысының атына Қарағанды қаласындағы Кардиохирургиялық орталықта жүректеріне күрделі операция жасалған емделушілер Я.Щербинаның, Х.Жандәулетовтің және Р.Тәшеновтің хаттары келіп түсті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Хат авторлары өз облыстарындағы кардиологтардың бақылауында болғанда олардан әлденеше рет жүректеріне коронарография және операция жасату туралы ұсыныс алғандарын хабарлайды. Бұрын Қазақстанда мұндай операциялар Астана қаласында ғана жасалып, квотаға деген кезектерін жылдар бойы күтуге тура келетін. Оның үстіне мұндай операцияның құнын төлеуге шама жете бермейтін.
“Денсаулық сақтау саласындағы реформаларға орай клиниканы, дәрігерді таңдау мүмкіндігіне байланысты білгенімізде мұндай операциялар жүргізіліп келе жатқан Қарағандыдағы Кардиохирургия орталығы туралы анықтап білдік. Оның үстіне бұл клиникаға Еуропаның жетекші мамандары қамқорлық жасайды екен.
Біздің үлкен қуанышымызға орай алдын ала консультациялардан кейін жататын күнімізді белгіледі. Емдеуді және зерттеуді тегін жүргізді.
Мұндай жағдайдың өзі біз үшін тіпті де қатардағы оқиға емес, сондықтан да Сізге барлық аурулардың атынан зор ризашылығымызды білдіріп, хат жазбай тұра алмадық. Қазір барлығымызда үміт пайда болды. Өйткені, жүректің ишемиялық ауруы “жасарып” барады, ал медициналық операция жасалмаса, пациенттердің дені мүгедек болып қалады.
Сізге денсаулық және қарапайым адамдар үшін айрықша қажет те маңызды реформалар көп болсын деп тілейміз”, – делінген хатта.