Қоғам • 05 Қазан, 2021

«Химиялық ажалмен» ойнауға болмайды

507 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

«ХХІ ғасыр обасы». «Ақ өлім». Осыдан он шақты жыл бұрын осы сөздерді естігенде жұртта зәре қалмайтын. Есірткінің ең ауыр түрі ретінде героинді айтып, оның қатерінен қорғанудың амалын жасайтын едік. Ал қазір «дәстүрлі» есірткіні зияны одан да зор «химиялық ажал» – синтетикалық есірткілер алмастырып жатыр.

«Химиялық ажалмен» ойнауға болмайды

Сананы улайтын «синтетика»

Синтетикалық есірткінің таралуына тосқауыл қою қажет. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ха­лық бірлігі және жүйелі рефор­малар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауында берген тап­сыр­масының бірі. Өскелең ұрпақ­тың ертеңіне төнген қауіптің қан­шалықты қатерлі екенін ескерт­кен Президент есірткі зат­тары­ның, соның ішінде синтетикалық есірткінің, әсіресе, жастардың ішінде таралуына барынша тос­қауыл қоюды тапсырды.

Ішкі істер министрлігі елі­мізде биыл 12,5 тонна есірткі тәр­кіленсе, оның 4 килодан астамы – героин, 371 килосы – гашиш, 8,7 тоннасы марихуана. Ал 129 килосы – жастардың санасын улаған «синтетика».

«Онлайн сауданың көрігі қыз­ған қазіргі кезде бұрынғыдай қол­дан-қолға есірткі сататындар азай­ған. Есесіне байланыссыз саты­лым, яғни «белгі қою» арқылы есірт­кі сатудың жаңа тәсілі кең қол­данылып жүр. Қазіргі таңда бұл – есірткі сатудың ең көп тараған әдіс­терінің бірі. Өйткені нақты бір жерге «белгі» қойып кетіп сату есірткі саудагерлері үшін қауіпсіз тәсіл болып санала­ды», дейді ІІМ есірткі қыл­мы­сына қарсы іс-қимыл депар­та­менті басқармасының басшысы Бақытжан Әмірханов.

Полиция полковнигінің айтуын­ша, 2020 жылдан бастап қыл­­мы­с­тық заңнамаға электрон­ды ақпараттық ресурстарды пайдалана отырып, есірткінің заңсыз айна­лымы үшін жауапкершілікті қатайтатын өзгерістер енгізілген. Соған қарамастан, биылғы 8 айда сотқа дейін тіркелген127 істің 58-і жарнама және 69-ы интернет арқылы синтетикалық есірткі өткі­зу­ге қатысты. Жыл басынан бері по­лиция есірткі тарататын 810 сайт­­ты бұғаттаған.

Құрдымға кетірер қызығушылық

Мамандар синтетикалық есірт­кінің құрығына жасөс­пі­рім­дердің жиі түсіп жатқа­нын айтып, дабыл қағуда. «Оң мен солын бағамдап үлгермеген жеткіншектердің дені ең бірінші дозаны алғашында тек қызық үшін қолданады. Ал жай ғана қызығушылықтан басталатын «ойынның» ақыры оларды құрдымға кетіріп тынады», дейді олар.

«Синтетиканың» есірткі түр­ле­рінің ішінде өте ауыр тобына жата­тынын айтқан Алматы қала­сын­дағы Психикалық денсаулық орталығының нарколог дәрігері Анна Трубникова оған тәуелділік алғаш қолданғаннан-ақ пайда болады дейді.

«Көп адам «синтетиканы» героинмен салыстырғанда жеңіл, одан құтылу оңай деп ойлайды. Алайда шын мәнінде «синтетикамен» са­лыс­тырғанда героиннің адам ағза­сына әсері 20 есе төмен болып са­налады», деді маман.

«Жеткіншектер алғашында «син­тетиканы» жай ойын санап, дәмін татып көреді. Бірақ ақыр аяғында тәуелділік пайда болып, бала пси­хоздық жағдайға душар болады. Химиялық заттар жас ағзаға өте тез әрі ауыр әсер ете­ді. Кейін адамның жағдайы на­шарлап, шизофренияға ұласа бастайды. Психозды жағдайы созылмалы ауруларға жалғасқан талай жеткіншектің Психикалық денсаулық орталығына ауыр жағ­­дайда түскенін күн ара кө­ріп жүрміз. Ең өкініштісі, бұл ауру­лардың барлығына ем-дом жасалғанымен, одан адам құ­лан таза айығып кете алмайды. Тағдырдың тығырыққа тірелуі деген осы», дейді білікті дәрігер.

Наркологтың айтуынша, син­­­тетикалық есірткілердің ең қор­­­қынышты тұсы – адамның жүйке жүйесін бұзатын күшінің жой­қын­ды­ғында.

«Зақымдану мидан басталады. Бұрындары нашақорлар 10-15 жыл өмір сүретін. Ол кезде бізге «героин» деген сөз өте қорқынышты естілетін еді. Ал қазір ағзасын есірткіге тәуелді еткендер әрі кетсе 5-7 жыл ғана өмір сүреді. Син­те­ти­калық есірткінің өте қатты әсер ететін бір түрі бар. Оны қол­данған адам бар-жоғы екі-ақ жыл тірі жүре алады», деген А.Трубникова бала­лық қы­зы­ғушылықтың ақыры азапты өліммен аяқталатынын осылайша бүкпесіз жеткізді.

Есірткіге тәуелді жасөспірімнің психологиялық портретін суреттеп берген дәрігер сөзінің соңында ата-аналардың назарын «синтетикаға» тәуелділіктің алғашқы «дабыл белгілеріне» аударады.

«Бала өте ашушаң бола бас­тайды. Оны кез келген нәрсе тітір­кендіріп, болмашы дүниеден жан­жал шығаруды әдетке айналдырады. Мұның барлығына жасөспірімнің «өтпелі жас ерек­­шелігінің әсері ғой» деп нем­құ­райлы қарауға болмайды. Тығы­рық­тан шығудың жолы әрқашан бар. Ең бастысы – дұрыс қадам жасау», деді маман.

 

Есірткі саудагерлерінің көбі – жұмыссыздар

«Синтетикалық есірткілерді кімдер жасайды? Саудалайтындар кім­дер?» деген сұрағымызға Ал­маты қаласы Полиция депар­та­мен­ті есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының басшысы Ерлан Алмағамбетов: «Әдетте «синтетика» жасап, саудасын қыздырып жүретіндердің дені жұмыссыздар болып шығады», деп жауап берді. Полиция подполковнигінің ай­­туынша, олардың жастары шамамен 24-25-тен басталады.

«Бір айта кетерлігі – есірткінің бұл түрін дайындаумен айна­лы­­са­тындардың өздері наша­қор емес, яғни олар «синтетика­ны» өздері тұ­тынбайды. Олар – тек лаборанттар. Синтетикалық есірт­кі да­­­йындауға қажетті заттар Қа­зақ­с­­­тан­ға Ресей мен Украинадан та­­­сы­малданады. Олар елімізге ши­кізатты логистикалық компания­лар арқылы жеткізеді, содан ке­йін қалған қоспаларды өздері қосып, синтетикалық есірткі жасап шығарады», деді полиция қыз­мет­кері.

«Мұндай есірткінің көп бөлігі шөп пен синтетикалық өнімдердің қоспасынан жасалады. Олардың барлығы психоактивті белсенді заттар болғандықтан, адамның ойлау қабілетін құртып, бірден мінез-құлқы мен сана-сезімін түбегейлі өзгер­те бастайды. Бір сөзбен айт­қанда, «синтетиканың» адам­ның физикалық және пси­хика­лық ден­­саулығына тигізер кесірі орасан зор», деген Е.Алмағамбетов есірт­кі саудасының қалай жүзеге асатынын да түсіндіріп өтті.

«Бүгінде синтетикалық есірт­кі­лер электронды төлемдерді пайдалана отырып, интернет сайттар арқылы байланыссыз әдіспен таратылады. Бұл есірткі сатушылар үшін өте ыңғайлы әрі қауіпсіз болып саналады. Сауданың бұл тәсілі қылмыскерлердің астыртын әрекеттерін күшейтіп қана қоймай, оларға заңсыз есірткінің аймақтық маркетингін іздеуді ке­ңейтуге және ұйымдастыруға үлкен мүмкіндік береді. Есірткі сатушыдан сатып алушыға тауарды жеткізу өте қитұрқы жолмен – курьерлердің «белгі қоюлары» арқылы ұйымдастырылған. Қыл­мыстың бұл түрін әдетте бір топ адамдар ұйымдаса отырып жасайды», деді басқарма басшысы. Ал ІІМ-нің мәлімдеуінше, жыл басталғалы бері елімізде есірткі саудасымен айналысқан 7 ұйым­дасқан қылмыстық топтың қыл­мысы әшкереленген. Қазіргі таңда осы топтардың басшылары мен қатысушыларына қатысты 13 қылмыстық іс қозға­лып, қыл­мыстық топтардың 7 көш­бас­шы­сы мен 34 қатысушысы жазаға тартылған. Ал есірткі контрабандасына қатысты анықталған фактінің саны 80-нен асып жығылады.

Есірткімен полиция қызмет­кер­лері ғана емес, бүкіл қоғам болып күресудің маңыздылығына тоқ­талған Е.Алмағамбетов: «Жас­тардың санасын улайтын «син­тетика» – қазіргі таңда әлем ел­де­рінің барлығында бар өзекті мәселе. Оның бір ғана дозасын тұтынған адам бірден есірткіге тәуелді болып қалады. Ал артық дозадан бірде-бір нашақор сақтан­ды­рылмаған. Сондықтан да есірткі қылмысына қатысты кез келген мәліметке ие болған азаматты бұл мәселеге бейжай қарамай, дер кезінде құзырлы органдарға ақ­парат беруге шақырамыз», деді.

 

Заң бұзғанға – жаза қатаң

Бұрындары есірткіні жарнамалау әкімшілік құқық бұзу­шы­лық саналатын. Алайда 2018 жылы желтоқсанда Мемлекет бас­шысы «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заң­намалық акті­­леріне есірткі құрал­да­ры­ның, психотроптық зат­тардың, сол тектестердің және прекур­сор­лардың айналымын бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Осы Заңға сәйкес есірткіні жарнамалау қылмыстық жазаланатын іс-әрекет болып өз­гер­тіліп, оның кез келген түрін жарнамалағандар 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылатын болды. Сондай-ақ графит суреттердің, интернет сайттардың көмегімен синтетикалық есірткі­лер­дің жарнамасын жасап жүрген «суретшілер» мен «дизайнерлерге» қарастырылатын жаза да қатайтылды. Ал өткен жылдан бастап қылмыстық заңнамаға элек­тронды ақпараттық ресурс­тарды пайдалана отырып, есірт­кі­нің заңсыз айналымы­мен айна­лысқандар үшін жауап­кер­ші­лікті қатайтатын өзгерістер енгізілді.

Синтетикалық есірткінің тез таралуы қылмыс әлеміне «дәрі­ха­налық» нашақорлық дейтін жаңа ұғымды алып келді. Себебі дә­ріханаларда құрамында есірткі бар және есірткіге мас болуды тудыруы мүмкін бірқатар дәрі-дәр­мек емін-еркін саудаланып кел­ді. Сондай қауіпті дәрінің бірі – трамадол. Мамандар бұл препаратты «синтетикалық опиоидты анальгетик» немесе «героиннің синтетикалық опиаты» деп те атайды. Қарапайым тілмен айтқанда, трамадол нашақорлыққа бастайтын алғашқы «кіру нүктесі» болып саналады. Бұл дәрінің қауіптілігі сонша – оның ең асқынған синдромы, яғни нашақорлардың ті­лінде «сыну» кезі суық тию және улану сияқты екі аурудың жасырын күйінде өтіп кетеді екен. Трамадолдан басқа, мектеп оқу­шы­лары эйфория жағ­дайында қол­дануға әуестеніп алған «Тро­пи­камид» және «Цик­ломед» деген көз тамшылары да бар. Бұрын бұл препараттар ты­йым са­лынған есірткі заттарының тізі­міне жатқызылмағандықтан, полицияның юрисдикциясына жатпайтын. Алайда биыл маусым айында Үкімет қаулысымен олар күшті заттар тізіміне енгізілді. Сондай-ақ ел көлемінде жылына төрт рет «Дәрмек» жедел-алдын алу операциясы өткізіледі. Есірткі құ­­ралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заң­ды айналымындағы заң бұзу­шы­лық­тарды анықтауға бағытталған іс-шараның кезекті кезеңі өткен айда өткізілді. Операция іске қо­сыл­ған айналасы 6 күннің ішінде 1299 дәріхананы, 242 қойманы, 533 емдеу-профилактикалық мекемесін тексерген полиция 1.2 тонна прекурсорлардың айна­лымын шектеген. Есірткі қыл­мысына қарсы іс-қимыл депар­та­менті басқармасының басшысы Бахытжан Әмірханов жедел іс-шара барысында 4664 есірткі ампуласы, 4 мыңнан астам таб­летка тәркіленіп, 67,2 тоннадан астам прекурсорлардың айналымнан шектелгенін мәлімдеді. Бұған қоса, есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекур­сор­лардың айналымы саласында 58 қылмыстық, 302 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Әкім­шілік жауапкершілікке тар­тылған адамдардың жартысынан көбі, нақтырақ айтсақ, 158-і – медицина қызметкерлері.

ТҮЙІН. Қазақстанда соңғы 10 жылда наркологиялық тіркеуде тұрған адамдар саны азайға­ны­мен, нарколог дәрігерлер есірткіге тәуелділердің арасында синтетикалық препараттарды қолданатындардың күн өткен сайын көбейіп бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп отыр. Қазір елімізде 150-ге жуық жасөспірім нашақор ретінде тіркеуде тұр. Ең кішісінің жасы – 14-те. Маман­дар есірткі іздеп әбігер болатындардың дені тұрмысы төмен отбасында өмір сүретінін айтса, тәртіп сақшылары «синтетика» сатып, қалтасын қалыңдатып жүргендердің көпшілігінің нақты жұмыс орны жоқ екенін алға тартады. «Жауырды жаба тоқығанмен», жараның жазылмайтыны белгілі. Бүгінде құзырлы органдар әлеуметтік желі арқылы сатылатын синтетикалық есірткілерге тосқауыл қоюдың қиындығын ашық мойындап отыр. Анықталған қылмыс туралы деректер күн сайын жаңартылғанымен, содан нашақордың саны кеми түссе, қане?!