Мысалы, Қарағанды қаласындағы №78 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мағрипа Кәрібекова мен Шахтинск қаласындағы «Снегурочка» бөбекжайының әдіскері Альфия Насибуллина «Еңбек ардагері» медаліне иелік етті.
Ал Ақтас кентіндегі №16 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, осы салада 30 жылдан астам уақыт жұмыс істейтін Зира Сатоваға Үкімет басшысы Асқар Маминнің Алғыс хаты табыс етілді.
Ұлағатты ұстаз алдымен химия және биология пәндерінен сабақ беріпті, кейін «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша екінші жоғары білім алған екен.
– Мен әлі күнге дейін осы пәнді оқытамын. Қазір кәсіби тұрғыда өсу үшін көптеген мүмкіндік бар. Тек қана алға басып, оқытуда жаңа шығармашылық идеялар мен технологияларды енгізу қажет. Еңбегімнің жоғары бағаланғанына өте қуаныштымын, – дейді З.Сатова.
Бұдан бөлек, сегіз мұғалім «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері», үш ұстаз «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» және сегіз педагог «Ы.Алтынсарин» төсбелгілерімен марапатталды.
Айта кететін бір жайт, мұғалімдер мерекесінде елімізге белгілі меценат Бекзат Алтынбеков тағы бір игі істің амалын жасады. Кәсіпкер тағайындаған әрқайсысы 500 мың теңге мөлшеріндегі сыйлыққа Ольга Тарасенко, Құралай Мұқанова, Раиса Елеусізова, Мензиф Муртазина және Серік Балпанов ие болды. Білім беру саласында көп жылдан бері жемісті еңбек етіп келе жатқан бұл мамандарға сыйлықты меценаттың ұлы Ернияз Бекзатұлы тапсырды.