Аймақтар • 06 Қазан, 2021

Ақмолалық диқандар астықсыз емес

126 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Облыс диқандары биыл 4 530,4 мың гектар алқапқа себілген астықты ысырапсыз жинап алуды межелеген болатын. Бүгін­де егін орағы аяқталуға жақын. Барлық егістік алқабының ­­ 97 ­пайызы бастырылды.

Ақмолалық диқандар астықсыз емес

Алдын-ала жасалған есепке қарағанда, гектар берекесі 8,6 центнерден айналуда. Көктемнің қамын күзде ойлайтын диқандар 529,8 мың тонна сапалы тұқымды қамбаларына құйып алды. Бұл қажетті көрсеткіштің 91,6 пайы­зы. Күзгі дала жұмыстарына тия­нақты дайындалған Есіл ауда­ны­ның диқандары облыста егін ора­ғын бірінші болып аяқтады. Аудан әкімінің орынбасары Ас­қар­­бек Мақсымханның айтуына қа­­рағанда, аудан диқандары 438,2 мың гектар алқаптан 306,7 мың тонна алтын астық жинап алған.

– Гектар берекесі 7 центнер­ден айналды. Биылғыдай қуаңшылық жылы тәубе дерлік, – дейді аудан әкімінің орынбасары, – көктемгі егіске қажетті 45,5 мың тонна тұқым тазартылып, қамбаға құ­йыл­ды. Ауданда «Заречный» және «Ново-Приречный» серік­тес­тіктері жауапты науқанды алғаш­қылардың бірі болып тап-тұйнақтай етіп аяқтап шықты. Бұл серіктестіктердің әрқайсысы 30 мың гектар алқапқа егілген дәнді және бұршақ дақылдарын жинап алды.

Бүгінде еңбек майданының екпіні қызыл қырманға ауған. Диқандар дәнді дақылдар жиналып алынған алқаптарда жер өңдеу жұмыстарын бастап кетті. Бір айта кетерлігі, қауқары мол серік­тестіктер әлеуметтік жағы­нан аз қамтылған отбасыларын қысқа қажетті мал азығымен то­лық қамтамасыз етті. Бұл жұмыс­қа аудандағы отызға жуық ірі серіктестіктер мен жүзден астам шаруасы ширақ қожалықтар бір кісідей атсалысқан.

Ерен еңбегімен танылған есіл­дік­тердің өкшесін Жарқайың, Ат­басар ауданының диқандары да басып келеді. Айталық, жері құнарлы Жарқайың ауданының егістік алқабы – 615,7 мың гек­тар. Облыстағы ең ірі аудан сана­тында. Бұл ауданда да ең­бек екпіні өзгелерге үлгі болар­лық­тай. Бүгінге дейін барлық егіс ал­қабындағы 588 мың гектар жердің өнімі жиналып, 294 мың тонна астық қырмандарға жеткізілді. Ма­шина-трактор паркін біршама жаңғырту арқылы еңбек өнімділігі де жоғары. Ашық күндері 20 мың гектарға жуық алқап орылады. Гектар берекесі орташа есеппен 7,5 центнерден айналуда. Көк­темгі егіске қажетті 63 мың тонна тұқымның 95,2 пайызы қамбаға құйылды.

Атбасарлық диқандар биыл 373,4 мың гектар жерге дәнді да­қылдар тұқымын сіңірген бо­ла­тын. Күннің әрбір ашық сә­тін тиімді пайдаланған аудан диқан­дары барлық алқаптың 95 пайызын жинап алды. Жерде өнгенді жерде қалдырмауға тырысқан ең­беккерлер 265,6 мың тонна астық бастырды. Бұл ауданда да гектар берекесі 7,5 центнерден айналуда. Қажетті тұқымның толық қоры жасалды.

Сандықтау ауданының ди­қан­­дары қуаңшылық жыл­дың өзін­де де тәп-тәуір өнім өсір­ді. Аудан­дағы 306,4 мың гек­тар ал­қапта өсірілген дәнді дақыл­дар­дың 91,6 пайызы жиналды. Өз­ге аудандарға қарағанда биыл Сандықтаудың ырысы біршама мол екенін айта кетелік. Гектар берекесі 12,7 центнерден айналуда. Аудандағы «Белградское», «USАгро» серіктестіктері мен «Любимовы» шаруа қожалығы егін орағын ерте аяқтады. Дәнді дақылдар алқаптарының кей тұсындағы түсім де жоғары. Айта­лық, «Белгородское» серіктестігі 17,5, «Свободное» серіктестігі 20, «Максимовка» серіктестігі 21,2 центнерден өнім жинады.

Көрсеткіштерге көңіл аудар­саңыз, бір алқаптың жомарт, бір ал­қаптың сараң екендігін бай­қайсыз. Топырақ құрамы, таби­ғаты біркелкі өңірдегі өнім көлемі әрқилы. Демек жер де тілін тап­қанға иеді-ау.