Қоғамның қозғаушы күштерінің бірі – экономиканың қыр-сырлары көп, мағынасы терең. Экономика дегеніміз бүгінгі таңда – әлем дамуының негізі. Жер бетінде қанша мемлекет болса, соның бәрінің де қалыптасуы, өркендеуі тікелей олардың экономикалық мүмкіндіктеріне байланысты. Барлық елдердің экономикасы, түптеп келгенде, жаһандық экономиканы құрайды. 2014 жылғы 17 қаңтардағы Жолдауында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз мемлекетіміздің 2050 жылға дейінгі экономикалық даму кезеңдерінің қандай бағыттарды қамтитынын, олардың нақты-нақты қағидаттарын айқындап берді.
Елбасы әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу жолында екі кезеңге бөлінетін жұмыстарды атқаруымыз қажет екенін жеткізді. Бірінші кезең XXI ғасырдағы «мүмкіндіктер көзін» пайдалана отырып, жаңғыру серпілісін жасау қажет болатын 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтыса, екінші кезең 2030-2050 жылдар аралығында еліміздің ғылыми қамтымды және жасыл экономика қағидаттарына негізделген орнықты дамуын қамтамасыз ету қажет екенін мәлімдеді.
Жалпы, экономиканың негізі, бір жағынан алғанда, философиямен ұштасып жатады. Өйткені, өмірдің өзі – философия. Ал экономика өмірдің көрсеткіштерін жан-жақты дәлелдейді. Яғни қоғамның алға қойған мақсатын, тыныс-тіршілігін, бай-қуаттылығын, қазіргі нарық заманында бәсекелестікке қабілеттілігін айқындап береді. Экономиканың ең басты құндылығы адами капиталды дамыту болып табылады. Осыдан келіп экономикаға деген көзқарас қалыптасады. Жалпы, көлемі мен ауқымы жағынан алғанда, бұл – үлкен дүние. Мемлекеттің барлық мәселесін шешіп беретін, әлемдік жағдайға аса зор ықпал етіп отыратын, өмірге деген жолды ашып отыратын қоғамдық қатынастың маңызды бір саласы.
Экономиканы талдап, зерттемей, оны терең түсінбей тұрып, қоғамды алға бастыру мүмкін емес. Сондай-ақ, қайта оралып келіп тұратын қаржы дағдарысын жеңіп шығу да мүмкін емес. Осы орайда елімізде қаншама халықаралық экономикалық форумдар өтіп жатыр? Осындай жаһандық ойлар ортаға салынатын жиындарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің нақты-нақты ұсыныстары мен көзқарасын айтып, жаһандық экономикадағы еліміздің алатын орнын, алдағы көздеген мақсаттарын мәлімдеп келеді. Соның барлығы не үшін жасалып жатыр десек, табиғи байлығымызды игеруде және қоғамды дамытуда тек қана өз күшімізді пайдаланумен шектелмей, біздің елімізге үрдісі қалыптасқан, әлемдегі бәсекеге қабілетті шетелдердің білікті инвесторларын тарту мақсатында іске асырылуда. Сол арқылы өзіміздің ішкі экономикалық жағдайымызды реттеуге мүмкіндік туады. Бұл – бірінші мәселе.
Ал екінші мәселе – адами капиталды дамыту барысында мамандарымызды кең ауқымды түрде жаңа инновациялық технологияны игеруге жан-жақты бейімдеп, сол арқылы экономиканы ілгері бастыру қажет.
Үшіншіден, адамзат баласы қай қоғамда өмір сүрсе, сол қоғамның тұрақты болғанын қалайды. Даму үрдісінде тұрақтылығы, өзара келісімі, қалыптасқан мәдениеті бар қоғамның болашағы да зор болмақ. Бұл құндылықтар да экономиканың бір іргетасы болып табылады. Осы факторларды есепке ала отырып, қазіргі уақытта біздің елде әртүрлі бағыттағы бірнеше маңызды жобалар қолға алынуда. Соның ішінде негізі іске асырылатын жобалардың бағыт-бағдары еліміздің 2050 жылға дейінгі даму кезеңін қамтыған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты стратегиялық Жолдауында көрініс тапқан.
Елбасы өз сөзінде: «Біздің еліміз бірқатар артықшылықтарға ие. Жаратқан бізге көп табиғи байлық сыйлаған. Басқа елдер мен халықтарға біздің ресурстарымыз қажет болады. Бізге өз табиғи байлықтарымызға деген көзқарасымызды ой елегінен өткізудің қағидатты маңызы бар. Біз оларды сатудан қазынамызға кіріс құя отырып, оларды дұрыс басқаруды, ең бастысы, еліміздің табиғи байлығын орнықты экономикалық өсуге барынша тиімді кіріктіруді үйренуіміз керек», деген болатын.
Жалпы, біздің елімізде табиғи қазба байлықтар бар, бірақ олардың көздері де бір кездері сарқылуы мүмкін. Ал біздің ұлан-ғайыр жеріміз бар. Жер көлемі бойынша Қазақстан әлемде тоғызыншы орынды алады. Мысалы, алдағы кезеңдерде халық саны өседі, алайда, жердің көлемі өспейді. Сондықтан осы екі байлықты – жеріміз бен адами капиталымыздың мол мүмкіндіктерін пайдалана отырып, экономикамызды өркендету басты мақсатымызға айналуда.
Біз жер қойнауындағы байлығымызды сақтап, болашақ ұрпаққа қалдыруды ойлауымыз керек. Елбасы осындай ойларын үнемі айтып жүргені анық. Халық өскен соң, азық-түлік қажеттілігі арта түседі. Қазір әлем бойынша 1 млрд.-қа жуық адам тамақ жетіспеушіліктің зардабын шегіп отыр. Азық-түлікті өндіру саласын дамытуда біздің елдің мүмкіндігі зор. Егін, мал шаруашылығы, бау-бақша, көкөніс өсіру және басқа да саланы заманауи технологиялардың күшімен дамыта білсек, экономикамызды алға бастырамыз. Елбасы тек қана шикізатқа тәуелді болып қалмай, экономикамызды әртараптандыру қажет деген саясат ұстануда. Қашанда инновациялық технологиялар өз бетінше дамымайды, бізге нарыққа төзімді, бейімделген тиімді технологиялар керек. Ол үшін қандай қадамдар жасау керек десек, «Болашағы зор ұлттық кластерлер қалыптастыру жөнінде нақты жол карталарын әзірлеу аса маңызды», – деді Елбасы.
Ал енді үстіміздегі жылғы жаңа Жолдауында Мемлекет басшысы бүгінде Отанымыздың жетістіктері әрбір азаматтың ұлттық мақтанышы екенін атап өтті. Күшті, қуатты мемлекеттер ғана ұзақмерзімді жоспарлаумен, тұрақты экономикалық өсумен айналысатынын айтты. «Қазақстан-2050» Стратегиясы барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін жаңғыру жолы екенін мәлімдей келіп: «Ол – елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналатын, сынала жүріп шыңдалатын үлкен емтихан. Стратегияны мүлтіксіз орындап, емтиханнан мүдірмей өту – ортақ парыз, абыройлы міндет!», деді Н.Ә.Назарбаев.
Мемлекет басшысының стратегиялық Жолдауында ел дамуының жолдары кезең-кезеңімен, саты-сатысымен айқын көрсетілген. Енді оны Үкімет, біздің қоғам, азаматтарымыз нәтижелі іске асыруы қажет. Болашаққа нық қадам жасап, келешек ұрпаққа дәстүрлі, жан-жақты нығайған, бәсекелестікке төтеп бере алатын мықты экономиканы қалдыруға міндеттіміз. Осы орайда, елдің дамуына сүбелі үлес қосатын ірі-ірі бағдарламаларды іске асыра білсек, ұтарымыз көп.
Қазір біз уақытты үнемдей білуге үйренуіміз керек. Өйткені, нарық заманы кезінде әр минут та, әр секунд та – ақша! Босқа жасаған әр қадамымыз – ақша шығыны. Сондықтан уақытты тиімді пайдаланып, «жеті рет өлшеп, бір рет кесіп» жасаған жұмысымыз табыс әкелуі тиіс. Елімізді көркейту үшін атсалысу – барша азаматтың парызы.
Бүгінгі таңда Елбасының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы Жолдауында жария етілген тапсырмаларды орындау ісі мемлекеттік деңгейде барлық салада жүзеге асырыла бастады. Айталық, Үкімет нақты бағдарламаларды әзірлеп, іске қосуда. Ал Парламент Жолдауда көрініс тапқан бағыттар бойынша заңдарды жетілдіру үстінде. Жолдаудағы барлық саланы қамтыған жаңа бағыттарды жүзеге асыруға қажетті заңнамалық база қалыптастырылуда. Парламент экономикалық дамуды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етіп отыруы тиіс.
Өмір бір орында тұрмайды, экономикалық қатынастар да үнемі өзгерістерге ұшырап отырады. Ал өмір мен экономиканың арасында тығыз байланыс бар екенін жоғарыда айтып өттім. Сондықтан осы екі фактор өзгеріп жатса, әрине, заңдар да өзгереді. Заң да бір қалыпқа құйып қойған не қатып қалған дүние емес. Сондықтан мемлекет алға басуы үшін сапалы әрі тиімді заң қажет. Заң болмаса, қоғамда ештеңе жасай алмайсың.
Біз көптеген мәселелерді шешуде уақытымызды жоғалтып жатамыз. Уақытты үнемдеу осы жерде де керек-ақ. Кейде біздер бір заңды қабылдап жатамыз, артынша бір жылдан кейін оған өзгерістер енгізіп, жаңадан қабылдауға мәжбүр боламыз. Біздер көп жылға қызмет жасайтын заңдарды қабылдауымыз керек. Нақты экономикада, нақты нарықта түбегейлі, нақты заң қажет. Біз қазір заң жобаларымен жұмыс істеуде осы жағына тереңірек мән берудеміз. Заң неғұрлым көп жыл жұмыс жасаса, соғұрлым оның қоғамға тигізетін пайдасы да көп болмақ. Экономикамыз тұрақты, заңдарымыз сапалы болса, соның бәрін бір жүйеде дамытсақ, әрине, біздің еліміз бай әрі қуатты болып, өзінің жағдайын, әлеуетін жақсарта түсетіні сөзсіз.
Экономика дамыған тұста, басқару жүйесі де заман ағымынан қалып қоймауы керек. Оның нәтижелі, түбегейлі өзгеріп отыруы, қоғамдық қатынастарды реттеуде кедергілерді дер кезінде жойып, нарық заманының дамуына сәйкес болуы ең басты фактордың бірі болып табылады.
Биылғы Жолдауда Елбасымыз: «Экономикада ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы өсімін 4 пайыздан кем етпеу жоспарлануда. Инвестиция көлемін қазіргі 18 пайыздан бүкіл ішкі жалпы өнім көлемінің 30 пайызына дейін ұлғайту керек. Экономиканың ғылыми қамтымды моделін енгізу Қазақстанның экспорттық әлеуетіндегі шикізаттық емес өнімнің үлесін 70 пайызға дейін арттыру мақсатын көздейді», деп атап өтті. Сонымен қатар, таяудағы 10-15 жылда ғылыми қамтымды экономикалық базис жасау керек екенін, онсыз біз әлемнің дамыған елдері қатарына қосыла алмайтынымызды ескертті. Мұны тек қана дамыған ғылым арқылы шешуге болатынын айтты.
Елбасы біздің алдымызға Қазақстан 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болуға тиіс деген асқаралы міндет қойды. Және алдағы уақытта қарқынды дамып келе жатқан елдер арасындағы бәсекелестіктің қатал болатынын ескертті. Отыз елдің қатарына қосылуға мүмкіндігіміз бар ма? Оған біздің мүмкіндігіміз мол. Барлық байлықтарымыз бен құндылықтарымызды тиімді пайдаланып, адами капиталымызды дамыта отырып, заман талабына сай, бәсекеге қабілетті тауарларымызбен елдің ішкі сұранысын қамтамасыз етіп, сыртқы нарыққа да шығарып, кедергі келтіретін мәселелерді шешіп, әлемге шығатын жолды ашып, білімді де білікті ғалымдарымызды тарта отырып, жаңа технологияларды инновациялық жолмен алға бастырып, бір ел, бірлігі мықты халық ретінде жұмыс жасасақ, әлбетте, біздің отыз елдің қатарына кіруімізге мүмкіндігіміз мол. Мемлекетіміз Еуропа мен Азияның кіндігінде орналасқан. Барлық мүмкіндіктерімізді тиімді және дұрыс пайдалана алсақ, еліміздің отыз емес, одан да жоғары деңгейге көтерілетін, биік межелерге қол жеткізетін, ашық саясат жүргізетін, әлем елдері санасатын, тұрақты экономикасы бар, мәдени-рухани құндылықтарымен мақтана алатын мемлекетке айналатынына сенімім мол.
Жексенбай ДҮЙСЕБАЕВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты,
«Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі.