Өнер • 06 Қазан, 2021

Бибігүл Төлегенованың ХI халықаралық байқауы басталды

475 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Опера өнерінің жас вокалистері Нұр-Сұлтан қаласына жиналды. Бұл туралы Бибігүл Төлегенованың ХI халықаралық вокалистер байқауына арналған баспасөз-мәслихатында белгілі болды, деп жазады Egemen.kz.

Бибігүл Төлегенованың ХI халықаралық байқауы басталды

Халықаралық байқауға қатысуға 11 елден өтінім түскенімен, алайда пандемияға байланысты шетелдік қатысушылардың саны қысқарып, тек төрт елдің өкіліне рұқсат берілген.

«Әлемдік пандемияға қарамастан ұйымдастырушылар байқауды ұйымдастырғанына барлық қатысушы өте қуанышты. Өйткені көптеген іс-шаралар тоқтатылып, қатысушылар, жанкүйерлері, көрермендер офлайн шараларды, әдемі опера өнерін сағынды», деді әділқазы мүшесі, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Санкт-Петербург консерваториясының профессоры Т.Д. Новиченко.

Ал Чехиядан келген мейман, әділқазы мүшесі, Прага операсының солисі, Коми Республикасының халық әртісі Дамир Басыров: «Мұндай байқаулар жаңа ұрпаққа мәдени-адамгершілік тәрбие беру үшін аса қажет. Біз жаңа дарын иелерін анықтап, таныту үшін келдік» деп, Бибігүл Төлегеноваға байқауды ұйымдастырғаны үшін алғыс айтты.

Халықаралық байқаудың ашылу салтанатына қатысқан ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Р. Райымқұлова байқауға қатысушыларды және ұйымдастырушыларды құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың хатын оқып берді.

Президент құттықтау хатында қатысушылар мен ұйымдастырушыларды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығында өткізіліп отырған байқаудың ашылу салтанатымен құттықтап, қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегеноваға осыншама жауапты миссиясы үшін алғыс айтты.

«Есімі әлемге әйгілі Бибігүл Төлегенова классикалық вокалдың дамуына зор үлес қосып, еліміздің атын әлемге паш етті. Бибігүл Ахметқызының арқасында байқау жүйелі түрде өтіп, көптеген дарын иелерін танытты. Байқау лауреаттарының есімі әлемге танылып, олар әлем сахналарында ән айтып жүр. Халықаралық байқау арқылы көптеген талантты жас танымал болып, адамзаттың халықаралық мәдени қоры байыды», деп атап өтті Президент.

Ал Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары А.Р. Оралов байқауға қатысушыларға сәттілік тілеп, қала әкімі Алтай Көлгіновтің құттықтау хатын жеткізді.

Айта кетейік, байқауға 19-32 жас аралығындағы вокалистер қатысады. Тыңдаулар ашық түрде өтеді. Ән айту тәртібі жеребе тастау арқылы анықталып, байқау соңына дейін сақталады. Соңғы турға жіберілетін қатысушылар саны 14-тен аспайды. 5-8 қазан аралығында іріктеу туры, 10 қазан күні соңғы тур өтеді. Байқау жеңімпаздарын марапаттау гала-концерті қазанның 11-і күні «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында өтеді.

ХІ халықаралық вокалистер байқауының қазылар алқасының төрағасы - КСРО мен Қазақстанның халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, КСРО мен Қазақстанның Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, академик Бибігүл Төлегенова.

1

Қазылар алқасының құрамына опера өнерінің шеберлері кірді:

1. Урманчеев Тимур Акрямұлы - Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Ұлттық өнер университетінің профессоры, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының көркемдік жетекшісі, «Астана Опера» халықаралық опера академиясының көркемдік жетекшісі, «Құрмет» орденінің иегері. Қазақстан, Нұр-Сұлтан

2. Новиченко Тамара Дмитриевна - Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Санкт-Петербург консерваториясының профессоры, Ресей.

3. Гусев Александр - Форо Бонапарт атындағы музыка академиясының профессоры, Г.Доницетти атындағы академияның камералық ән айту секциясының меңгерушісі. Италия, Милан.

4. Усманов Рамиз - Ә.Науаи атындағы Мемлекеттік академиялық Үлкен театрдың солисі, Өзбекстан Республикасының халық әртісі, халықаралық байқаулардың лауреаты. Өзбекстан, Ташкент.

5. Басыров Дамир - Прага операсының солисі, Коми Республикасының халық әртісі, Чехия.

6. Милькявичюте Ирена - Литва КСР халық әртісі, мәдениет және өнер саласындағы Литва ұлттық сыйлығының лауреаты, Литва музыка және театр академиясының профессоры. Литва, Вильнюс.

Байқаудың бас серіктесі - «Самұрық Қазына» АҚ, әлеуметтік серіктес - «Samruk- Kazyna Trust» корпоративтік қоры.

Байқауды ұйымдастырушылар: ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі, «Мирас» қоғамдық ұлттық мәдени қоры» қоғамдық қоры.