Экология • 06 Қазан, 2021

Ұлттық павильонда экология мәселелері қаралды

298 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

EXPO-2020 Dubai дүниежүзілік көрмесі шеңберінде Қазақстанның Ұлттық павильонында Kazakhstan Green Day іскерлік шаралар сериясы өтті, деп жазады Egemen.kz.

Ұлттық павильонда экология мәселелері қаралды

Kazakhstan Green Day шеңберінде өңірлік экологиялық сын-қатерлерді басқару жүйесіне, ең озық қолжетімді технологияларды (ОҚТ) енгізуге, сондай-ақ парниктік газдарды басқаруға қатысты бірқатар мәселе талқыланды.

Шара офлайн және онлайн форматта өтті.

Қазақстан павильонының бизнес-лаунджында спикерлер мен делегаттардың қатысуымен панельдік сессиялар ұйымдастырылды. Оны Дубайдың Электрмен жабдықтау және сумен жабдықтау басқармасының (DEWA) Бас директоры Саид Мохаммед Аль Тайер ашты. Сондай-ақ қатысушыларды ҚР БАӘ-дегі Төтенше және Өкілетті Елшісі М. Меңілбеков пен Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының Басқарма төрағасы А. Соловьева қарсы алды. Сонымен қатар шараға халықаралық сарапшылар видеоконференция байланысы арқылы қосылды.

Спикерлер қатарында негізгі халықаралық және ұлттық сарапшылар, кешенді ластанудың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Еуропалық Бюро (European Integrated Pollution Prevention and Control Bureau), Ресей Федерациясының ең озық қолжетімді технологиялар бюросы, Еуропалық Одақтың жобасы – Орталық Азия: су ресурстары, қоршаған орта және климаттың өзгеруі саласындағы ынтымақтастық (WECOOP), Орталық Азияның өңірлік экологиялық орталығы (ОАӨЭО), Citepa ауаны ластау жөніндегі Француз техникалық орталығы және тағы басқа ұйымдардың өкілдері болды.

Олар «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы және жасыл технологиялар трансферінің механизмі ретінде өңірлік экологиялық тәуекелдерді басқару жүйесін талқылады. Сондай-ақ Еуропалық Одақ пен Ресей Федерациясының ОҚТ енгізу бойынша тәжірибесі сөз болды. Үшінші панельдік сессия шеңберінде Қазақстанның төмен көміртекті даму саласындағы саясаты және парниктік газдарды басқару саласындағы іс-қимылдардың ашықтығы қаралды.

Шара соңында Қазақстанның ірі өнеркәсіптік компанияларының («KEGOC» АҚ, «Самұрық-энерго» АҚ, ERG, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, Kazminerals, Kazakhmys) өкілдерімен ОҚТ енгізу және дамыту мәселелері қозғалды.

Қатысушылар Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының өнеркәсіптің негізгі салаларында ОҚТ анықтамаларын әзірлеу бойынша жүргізіп жатқан жұмысын жоғары бағалады.

Шара ұйымдастырушысы - «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ.