Коронавирус • 06 Қазан, 2021

Алексей Цой ревакцинацияның ықтимал кезеңін атады

245 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда коронавиурсқа қарсы ревакцинация қараша, желтоқсан айларында басталуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Орталық коммуникацилар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алексей Цой ревакцинацияның ықтимал кезеңін атады

«Қазір әлемде ревакцинация жүргізудің жолдары зерттеліп жатыр. Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропа өңіріндегі жоғары деңгейлі жұмыс тобына кірді. Осы топ Еуропа өңірі бойынша ревакцинацияның стандарттарымен, стратегиясымен айналысып жатыр. Ревакцинацияға абайлап келу керектігі жөнінде алдын ала ұсыным шығарылған болатын.

Оның өзінде бірінші кезекте халықтың осал буыны мен алдыңғы саптағы қызметкерлер, вирусқа қарсы антиденесі жоқ азаматтар екпе алуы керектігі айтылған. Яғни қазір ревакцинация неше мәрте болу керектігі, қай вакцинаның түрін егу қажеттігі, дозаның мөлшері біздің иммундау жөніндегі ішкі комиссияда талқыланып жатыр», деді министр.

Ведомство басшысы жуық арада ведомствоаралық комиссияда ревакцинация бағдарламасының өлшемдері ұсынылатынын атады.

«Біз әлемді жіті бақылап отырмыз. Түрлі тәсілдер бар. Жалпы, динамика байқалып отыр. 6-дан 10 айға дейін мерзімнен кейін ревакцинация басталып жатыр. Бірінші кезекте, ревакцинация иммундау былтыр басталып кеткен елдерде жүріп жатыр. Яғни, былтыр қараша, желтоқсан айында вакцинацияны бастаған елдерде екпенің екінші дозасы берілгеніне 9 айдан асып кетті. Сондықтан, ол елдерде ревакцинация өте өзекті болып отыр. Бізде бұл уақыт қараша, желтоқсан айларына келеді», деген Алексей Цой Қазақстанда ревакцинация әлемде белгілі бір тәжірибе қалыптасқан кезде жүргізілетінін ескертті.

«Сондықтан қазір уақыт бар. Осы уақытта біз әлемде бар тәжірибені алуымыз керек. Ревакцинацияны бастап кеткен елдерді бақылап отырмыз. Оның тиімділігін қарап отырмыз. Менің ойымша жуық арада ревакцинацияны қалай ұйымдастыратынымыз, мерзімі қандай болатыны туралы нақты бағдарымыз дайын болуы керек. Сондықтан ревакцинация мәселесі бізден асығуды талап етіп тұрған жоқ. Бәрін сауатты таразылап, деректер көзін тексеріп, халықаралық тәжірибені зерделеп, ведомствоаралық комиссия мақұлдаған бойда хабарлаймыз», деді Денсаулық министрі.