Онлайн несиені беру талабына өзгерістер енгізу жайы бұған дейін де талқыланып келді. Есте болса, 2018 жылы болған қоғамдық талқылауда Ұлттық банк осы салаға интернет нарықпен реттеуді енгізді. Қарыз алушылардың құқығын қорғау және бар олқылықтарды жою мақсатында еліміздің Азаматтық кодексі «Қарыз алушымен – жеке тұлғамен жасалған несиелік шарттың ерекшеліктері» бабымен толықты. Сонымен қатар несие шарты бойынша несие сомасын қайтару және (немесе) сыйақы төлеу міндеттемесін бұзғаны үшін тұрақсыздық айыбының сомасы әрбір кешіктірілген күн үшін өтелмеген міндеттеме сомасының 0,5%-ынан аспайтыны да ережемен шегеленді.
Мұндай өзгерістер тұтынушыдан гөрі микроқаржы ұйымдарына пайдалырақ болғаны анық. Жалпы, сарапшылар «Үкімет те, Ұлттық банк те МҚҰ еркелігіне көз жұмып қарайды» деген пікірді жиі айтады. Айталық, кейбір қаржы ұйымдарының несиелік пайызы 200 пайыздан асып кеткен кезде де Ұлттық банк оған көз жұма қараған. Бұл фактор МҚҰ-ның күш алуына, қаржы нарығында танылуына, дәстүрлі банктердің қолы жетпей жатқан тұстарға МҚҰ-ның жетуіне мүмкіндік берді. Алайда құзырлы орындар осыған қатысты ой-ұсыныстарын кейінге сақтап келгенін 2018 жылы білдік. Осыдан кейін Ұлттық банк басқармасының «Электрондық тәсілмен микрокредиттер беру қағидаларын бекіту туралы» №217 қаулысымен өзгерістер енгізілді.
Ал биылғы өзгерістерді 2018 жылғы қаулының жалғасы деп қабылдауға болады. Агенттік өкілдерінің айтуынша, түзетулер жеке кәсіпкерлік субъектілері шығындарының төмендеуіне және (немесе) ұлғаюына әкелмейтінін ескертіп отыр. Сондай-ақ мұндай қадам қазақстандықтарға онлайн шағын несие беру кезінде үшінші тұлғалардың алаяқтық әрекеттерін барынша азайту үшін қолға алынды, дейді мамандар. Енді шағын несие беру ережелері бойынша клиент өзінің фотосын ұсынуы керек, МҚҰ оның тұпнұсқасын тексеруге құқылы.
Агенттік өкілдері өткізген жиында мамандар енді қарыз беруші мен несие алушы арасындағы келісімде мына шарттарға басымдық беріледі: егер несие алуға өтініш берген тұлғаның несие тарихында төленбей қалған немесе ұзақ мерзімге кешіктіріліп келген қарызы болса, несие берілмейді; биометриялық сәйкестендіру бойынша несие алушының бет-кескінін анықтауға басымдық беріледі; онлайн форматында қызмет көрсету кезінде тек реттік қызметтік пароль беріледі, несие алушы тіркелу үшін жіберілетін парольді немесе код сөзін тек бір рет қана енгізе алады.
Агенттік сарапшылары айтып өткендей, бұл өзгерістер онлайн режімінде шағын несие беру ережесінің 15-тармағына да әсер етті. Мамандар онлайн-несие мен дәстүрлі несие арасындағы айырмашылық – алғашқысында екі тараптың да жауапкершілігін күшейтетін заңдық негіз кемшін екенін жеткізді. Несие беру нарығындағы ала-құлалықтың басты себебі де осында. Тіпті дәстүрлі несие берудегі прогресс, ақпаратты технологиямен интеграциялануы да бұл кемшіліктерді түзете алмаған.
DAMU Capital Management өкілі Мұрат Қастаевтың айтуынша, екінші деңгейлі банктер мыңдаған салымшының деректер базасын бір мезгілде сараптауға, ақ-қарасын анықтауға қауқарлы болса, онлайн несиеде ондай мүмкіндік жоқ. Басқаша айтқанда, МҚҰ-ның басым көпшілігінде скорингтік және сараптамалық талдау мониторингін жасауға мүмкіндігі жоқ. Олардың алдағы бірер жылда мұндай мүмкіндікке ие болары да неғайбыл. Дәстүрлі банкингтердің қазіргі қол жеткен жетістігі – ұзақ жылғы дайындықтың жемісі. Сол себепті МҚҰ-ға қойылған талап олардың ақпаратты технологиямен жарақтану мүмкіндігіне қарап кезең-кезеңімен жүргізілуі тиіс.
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Ирина Кушнарева бұл мәселе бойынша соңғы шешім ЕДБ мен МҚҰ несиелеу нарығын талдау негізінде қабылданатынын айтты. «Біз шешім қабылдаған кезде нарық қатысушыларының пікірі ескеріледі деген үміттеміз», деді ол. Ұлттық банк пен Үкімет МҚҰ секторының жандануы компаниялардың ашықтығы мен секторға деген сенімділік деңгейінің жоғарылауымен, облигацияларды қаржыландыру рөлінің артуымен және сегменттің несиемен қамтылуының ұлғаюымен қатар жүретінін айтқан.
Бірақ заңдық ережені қанша қатаңдатқанымен халықтың онлайн несиеге деген сұранысы жоғары. Нақтыласақ, несие портфелінің биылғы 9 айдағы өсімі 10,9 пайызға көтерілген. Заңға енгізілген өзгерістер МҚҰ-ның жұмысына оң әсер еткен. МҚҰ қауымдастығы өкілдері соңғы бір жылда МҚҰ саны бес пайызға қысқарғанын, қазір 217 ұйым жұмыс істейтінін айтады. Қауымдастық директоры Ербол Омарханов атап өткендей, шағын несие нарығы біртіндеп қалыптасып келеді. Жағдай жаман емес. Несие портфелінде мерзімі өткен қарыздардың үлесі 6,1%-дан аспайды.
Онлайн несие форматына байла-
нысты қоғамда пікір әртүрлі. Халықтың қарызсыз өмір сүре алмайтын деңгейге жетуіне МҚҰ кінәлі деген пікірлер де жоқ емес. Бірақ Қазақстанның микрокредиттік ұйымдар қауымдастығының мәліметінен МҚҰ несиесі жалпы несие көлемінің үш пайызынан аспайды, яғни қазақстандықтардың борыштық жүктемесі деңгейінің артуына МҚҰ-ны кінәлау қисынсыз.
Е.Омарханов айтқандай, несие нарығындағы осыған дейінгі қалыптасқан жағдайға МҚҰ-ның әсері аз. Банктер пайдалы емес несиелендіру сегменттерімен МҚҰ айналысып келді. Сондықтан МҚҰ банкпен бәсекелесіп келді деген пікір де жөнсіз. «Микроқаржы ұйымдарының несие беруіне қатысты жаңа ережелер көпшіліктің талқылауына ұсынылды. Енді осы сегменттің қатысушылары МҚҰ пайыздық мөлшерлемелерді есептеуге мұқият қарайтын шығар деп ойлаймын. Жаңа клиенттерді тарту үшін жаңа технология, инвестиция қажет. МҚҰ-ның транзакциялық шығындары жоғары, өйткені бірқатар операцияға үшінші тарап ұйымдарын тарту қажет. МҚҰ үшін төлем карталарын енгізу олардың ішкі нарықпен интеграциялануын тездетеді», дейді Е.Омарханов.
Қазір ЕДБ мен МҚҰ жұмысына бірдей қарауға болмайтынын айтқан сарапшылар әрбір ерекшелікті қаперге ала отырып шешім қабылдау қажеттігін ескертті.
Қазақстандық FinTech қауымдастығының директоры Анатолий Глуховтың айтуынша, МҚҰ секторы үшін ең маңызды тренд те онлайн несие беру саласындағы өзгерістер арқылы алаяқтық әрекеттерді азайту. Бұл үшін МҚҰ мен ЕДБ күшін біріктіру керек, тәжірибе алмасу қажет. Бұл ретте МҚҰ қызметкерлерін елдегі экономика түзуші банктерде тәжірибеден өткізіп алу маңызды. Себебі несие беру процесіне фото және бейнетүсіруді қолдана отырып, қарыз алушыларды биометриялық параметрлер бойынша анықтау алгоритмі тек азулы ойыншылардың ғана қолында болған. МҚҰ мәртебесін ЕДБ-мен теңестіргісі келетін құзырлы орындар осы мәселеге көңіл бөлсе, арадағы алшақтық аз уақытта теңесетін көрінеді. А.Глухов нақтылап өткендей, МҚҰ-ның Ұлттық банкпен, сот орындарымен, басқа да мекемелермен байланысын реттеу, жүйелендіру де басым бағыт ретінде қарастырылуға тиіс. Осыған дейін қабылданған өзгерістер онлайн несие берушілерге сыйақының тиімді мөлшерлемесін 56 пайыз шегінде ұстауға міндеттеді. Енді бұл өзгерістерді қаржы көзін екі тарапқа бірдей қолжетімді ету арқылы ғана төмендетуге болатын көрінеді. А.Глухов мұндай қадам өте қисынды, өйткені тиімді ставканы есептеудің математикалық формуласы, сондай-ақ табыстылыққа жетудің экономикалық моделі мұндай ұйымдардың басқа жағдайларда жұмыс істеуіне мүмкіндік бермейтінін айтады.
Микроқаржы ұйымдары мәселесі бір ережемен шешіле қоймайтыны белгілі. Қаржыгер Әнуар Үшбаевтың сөзіне ден қойсақ, агенттік пен Ұлттық банк ережелерді көптің талқысына салып, бір ширатып алу ниеті арқылы тығырықтан шығып отыр. Ендігі салмақ көптің иығына түсейін деп тұр. Қаржыгер айтып өткендей, МҚҰ мен ЕДБ арасындағы байланыс, олардың айырмашылықтары мен міндеттері заңмен шегеленіп жатыр. Соңғы бірер жылда нарықты әлсіз ойыншылардан тазарту және ашықтықты арттыру үшін де Үкімет біраз жұмыс атқарды. Қарыз алушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі заңнамалық бастамалардың жеке үлкен блогы іске асырылды. Енді ашық портал арқылы көпшілік өзінің таңдауын жасап, бағытын дұрыс табуы қажет.