Әдебиет • 07 Қазан, 2021

Оразалыдан қалған мұра

453 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Отызға толар-толмас шағында өмірден озса да, маржан жыр, маңғаз мақамымен халқының жүрегіне ұя салған Оразалы Досбосынов қазақ айтысына өшпес із қалдырған тұлға. Абай атын­дағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қол­да­уы­мен ақынның үш томдық шығармалар жинағы жарық көрді.

Оразалыдан қалған мұра

Оразалы әлемінен сыр шер­­те­­тін жинақ ақын оқы­ған уни­верситеттің «Ұлағат» бас­­па­сы­нан басылып шықты. Кі­тап­тың бірінші, екінші томына Ораз­дың айтыстары мен өлең­де­­рі, үшінші томға ақын туралы арнау өлеңдер, естеліктер мен ғылыми-зерттеу мақалалар енген. Ұлттық кітапханада туын­ды­ның таныс­тырылымы өтіп, тұсауы кесілді. Оқырманға жол тартқан кәделі еңбектің тұ­­са­уын «Айтыс ақын­дары мен жыршы-тер­ме­ші­лердің Халықаралық одағы» РҚБ Бас­қар­ма төрағасы, ақын Жүр­сін Ерман, Қазақ ұлттық педа­гогикалық университетінің проректоры Мақтағали Бекте­ме­сов, «Балдырған» журна­лының бас редакторы Дүйсен Мүсірәлі, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Бақыт Беделхан кесті.

Іс-шараға қатысқан Шорабек Айда­ров, Серік Қалиев, Ах­мед­жан Өзбеков, Бауыржан Х­а­лиолла, Ринат Зайытов қатар­лы айтыс ақындары Оразалы жайлы естеліктер айтып, ақын шы­ғармалары кейінгі ұрпақ үшін тағылымды мұра екенін тілге тиек етті. Шараны күміс көмей әнші Нұржан Жанпейісов әнмен әрлесе, Абай атындағы ҚазҰПУ сту­денті Алтынай Қанапия мен Бекжан Базарбек қыз бен жігіт айтысының әдемі үлгісін көр­сет­ті. Сонымен қатар аталған кеш­ке Абай атындағы ҚазҰПУ Әлеу­мет­тік даму жөніндегі проректор Шыңғыс Нұрланұлы, Ораздың қызы Нұрайша, ақын­ның туыстары мен жас айтыс­керлер қатысты. Кітаптың тұ­сау­кесерін белгілі айтыскер, жур­налист Бақыт Жағыпаров жүргізді.