11 Ақпан, 2014

Жұмыспен қамтылғандар көбейе түсуде

209 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен кеңейтілген алқа отырысы өтіп, онда Мемлекет басшысының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында әлеуметтік еңбек саласын дамытудағы негізгі міндеттер талқыланды. Жиында негізгі баяндаманы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова жасады. «Өткен жылы әлеуметтік да­мытудың көптеген арқаулық көр­сеткіштері бойынша оң нәти­желерге қол жеткізіліп, халықты жұмыспен қамту деңгейі арттырылды. Бүгінгі таңда 95 пайыз еңбек етуге қабілетті қазақ­стан­дық азаматтың жұмысы бар, «Жұмыспен қамтудың жол кар­тасы-2020» бағдарламасын іске асыру жалғастырылуда. Осы­ның аясында 250 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты. Жалақы, әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды арттыру бойынша да жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Экономикалық қызметтің түрлері бойынша орташа айлық жалақы 108 640 теңгені құрап, 2012 жылғы деңгейден 7,5 пайызға артты», деді министр Т.Дүйсенова. 4 миллионға жуық адам әлеуметтік төлем түрлерін алса, балалы отбасыларды қолдау бала туу санының артуына оң ықпал еткен. Соңғы он жыл ішінде бала туу саны бір жарым есеге өскен. Екі жүз мыңдай отбасы 4 және одан да көп бала тәрбиелеп отыр. Мүмкіндігі шектеулі жандар­дың­ тыныс-тіршілігі үшін ла­йық­­т­ы ор­та құру, оңалту және қажетті жағдай жасау шаралары қабылдануда. Сондай-ақ, табысы аз халықты әлеуметтік қол­дау мақсатында жұмыспен қам­туға ықпал етуде де шаралар қабыл­дануда және әлеуметтік жәрдемақылар да төленуде. 90 мыңнан астам адамға те­гін арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Әлеуметтік қам­сыз­дандыру жүйесін реформалау нәтижесінде жұмыс істеп тұрған әлеуметтік медицина мекемелерінің баламалы нысанына айналған 35 күндіз қабылдау мекемесі құрылып, онда 3 мың­нан астам адамға қызмет көр­се­тілуде. 343 мүгедек бала пси­хо­неврологиялық МӘМ-нен отбасыларына оралды. Балаларына күндіз болу бөлімшелерінде қызмет көрсетілетін 410 ата-ана жұмысқа орналасып алған. Жұмыс берушілердің еңбек жағдайларын үнемі жақсартып тұруға қызығушылығын арттыру мақсатында зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамаға өзгеріс енгізілген. Өндірістік объектілерді аттестаттау нәтиже­лерімен расталған зиянды (ерекше зиянды) және қауіпті еңбек жағдайлары болмаған жағдайда жұмыс берушілер міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуден босатылмақ. Министр Т.Дүйсенова отырыста Елбасының биылғы Жол­дауындағы тапсырмаларға орай биылғы жылға арналған бас­ты міндеттерді де белгіледі. «Жұмыспен қамтудың жол кар­тасы-2020»-ның тиімділігін арттыру бойынша Шығыс Қа­зақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында бағдарламаға қатысуға үміткерлер арасында кәсіби бағдарлауды енгізу тетіктері сыналмақ. Алма­ты, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарында қанат­қақты режімде тірек ауылдарды кешенді дамыту тетіктері сыналатын ауылдық елді мекендер белгіленбек. Бұрынғы жеке бизнесін ашуға азаматтарға қолдау көрсетілген кездегі шарттардан ерекшелігі, мемлекеттік қолдау шаралары азаматтардың нәтижелі жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету үшін даму әлеуе­ті жоғары ауылдарды дамы­ту­ға шоғырландырылмақ. Соны­мен қатар, бағдарламаны қаржы­ландыруда жаңа тәсілдер енгізілуде. Келесі жылдан бас­тап бюджет қаражаты 80 пайыз халықтың санына тепе-тең түрде, 20 пайыз өткен кезеңдегі жұмыс нәтижесіне байланысты бөлінетін болады. Алқа отырысын қорытынды­ла­ған Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқа­лықова алда азаматтық қызмет­ші­лердің еңбекақысының жаңа үлгісін әзірлеп, 2015 жылғы 1 шілдеден бастап енгізу міндеті тұрғанын айтты. Сондай-ақ, ол әлеуметтік көмек көрсету тәртіптерін одан әрі жетілдіру қажеттігін де назардан тыс қалдырмады.

Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,

«Егемен Қазақстан».