Отырысқа депутаттар, Саяси кеңес бюросының және өңірлік қоғамдық кеңес мүшелері, облыстық департамент, басқарма басшылары, қала, аудан әкімдері қатысты. Бюрода сайлауалды бағдарламадағы орындалмау қаупі немесе белгіленген мерзімнен кешіктіріліп тапсырылатын жобалар талқыланды.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаеваның хабарлауынша, өңірде жыл басынан бері 488,1 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, 26 427 жаңа жұмыс орны құрылып, көптеген әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Оның қатарында 3 мектеп, 4 балабақша, 3 спорт нысаны, медициналық пункт пен амбулатория, ауылдық клубтар бар. Пандемиядағы қиыншылықтарға қарамастан құрылыс материалдарын өндіру зауыты, сүт өндіру және өңдеу цехтары, мал бордақылау алаңдары мен көкөніс сақтау қоймасы мен жылыжай іске қосылды. Мәселен, Мұғалжар ауданында гемодиализ орталығы, жиһаз цехы, сұйық сабын өндіру цехы, құрылыс дүкендері, дәріханалар салынып пайдалануға берілді. Шағын өндіріс орындарының ашылуы ауданда орта кәсіпкерлер қатарының көбейіп, салық түсімдерінің жоғарылауына жол ашты.
Жол картасындағы көрсеткіштердің орындалуын Nur Otan партиясы өңірлік филиалы жанындағы Қоғамдық кеңес мүшелері де тұрақты түрде бақылап отыр. Биыл өңірлік кеңестердің 37 отырысы және аумақтық кеңестердің 288 отырысы өтіп, қабылданған шешімдер бойынша мемлекеттік мекемелерге 526 ұсыныс берілді. Қоғамдық кеңес мүшелері, депутаттар аудандарға шығып, «Жол картасы» аясында жүргізіліп жатқан нысандар құрылысына мониторинг жүргізуде.
– Халыққа берген уәдемізді сапалы іске асыру қатаң партиялық бақылауда, – деді жиында Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов.
Сайлауалды бағдарламадағы ауылішілік, ауданаралық жол құрылысы, суармалы шаруашылықтар құруға байланысты кемшіліктерге жол бергені үшін облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы Айбек Қайырға, облыстық ветеринария басқармасының басшысы Құсайын Сарсембайға, Байғанин ауданының әкімі Қайрат Отаровқа партиялық сөгіс жарияланды. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин ендігі жерде осындай қателіктерге жол берген мемлекеттік қызметшілерге қатаң тәртіптік жаза қолданылатыны ескертілді.
– Партияның бас жоспары халыққа қажетті нақты жобалардан құрылған. Сондықтан да біз индикаторларды уақытында сапалы орындау арқылы елдің әлеуетін көтеруге, әрбір тұрғынның, әрбір отбасының тұрмыс-тіршілігі мен әл-ауқатының жақсаруына жұмыстануымыз қажет. Негізгі міндетіміз – сайлауалды уәделерді орындау және сайлаушылардың сенімін ақтау, – деп жиынды қорытындылаған Оңдасын Оразалин барлық аудан, қала әкімдері мен басшыларға Жол картасындағы жобаларға жауапкершілікпен қарауды қатаң тапсырды. Әсіресе, әлеуметтік инфрақұрылымдар құрылысына жауапсыз қараған тұлғалардан қатаң сұрау болады.