1965 жылы мамыр айында Сейітқасым Жамбылұлының басшылығымен Кенжебайдың үйінің терезе көсігі астына тығып кеткен тудың жұрнағын таптық. Кенжебай атамыз ашаршылықта Оңтүстік жақта қаза болған. Туды әуелде тығушы Кенжебай мен Сейітқасым. Сейітқасым – Амангелдінің сарбазы болған, шебер адам. Ашаршылықта Қарсақпай, Жезқазған, Созақ, Шымкент, Ташкент, Тәжікстан барып – 40-жылдары Торғайға оралған. 1961 жылы атамекені Жыланшыққа оралып 1983 жылы 86 жасында қайтты. Балалары Арқалық қаласында тұрады. Бұл туды Кейкі батырдың ұстағаны да, көргені де даусыз.
Туды тапқанда ішінде Аман-
келді батырдың жеке көмекшісі, соғыс комиссары болған Сұлтан Бірәліұлы Бектасов, Байділдә Омарұлы, Саржан Мұқанұлы, Байзақ Байділдин болған.
Ұлт-азаттық көтерілісінде ұсталған ту табылғасын совхоз, аудан басшыларына хабарланып, райкомнан Мұхитден және совхоз басшылары келген. Табылған тудың матасы шіріген. Қылшашақтар (су сиырдың қылы еді дейді) аят жазылған құстың сүйектері табылған. Осы тудың жұрнағын Қостанайға, одан әрі Ақмолаға жібереміз деп алып кеткен еді. Міне, арада 45 жыл өтсе де еш дерек жоқ. Қостанай мұражайынан іздеуім нәтиже бермеді.
Ал Аманкелді батыр көтерді деген тудың көшірмесі Аманкелді ауданындағы тарихи мұражайда тұр. Түсі қызыл, арабша жазуы бар.
Осы ту жайлы талай зерттеу-
шілер жазып, түрлі пікір мен деректер келтіріп жүр. Бірақ сол жазбалары шын тарихи құндылығы бар біздің әулет туына, яғни 1916 жылғы ұстаған туға келе бермейді.
Сол тудың жұрнағы табылғаннан кейін оны алғашқы көрген Сұлтан, Сейітқасымдардың айтуымен түр-түсін қағазға түсірген адаммын. Әртүрлі акварельмен көлемі үлкен қағазға салып үйге іліп қойғанмын. Сол қарсаңда тудың хабарын естіп, Аманкелдінің мыңбасы Атамбектің Ыбырайы үйге келіп менің салған суретімді көріп: «Ой, қарағым! Туды айнытпай салыпсың, тура осындай болған» деп қуанған еді. Салған суретім сақталмаса да тудың сипаты әлі көз алдымда.
Тудың сипаты: матасы бір қарағанда ақ түсті болғанымен, боз, көкшіл болып көрінетін құбылмалы мата болған.
Ту төмен қарап салбырап тұратын, бетінде үш бөлек үш тұмарша болған. Әр тұмаршаның жиегіне аят жазылған құстың сүйегі бекітілген. Ал тудың мата жиегіне жағалай су сиырдың (теңіздегі су хайуаны) қылынан шашақ жасап ілінген. Тудың сабының ұшар басында көлемі шай кеседей алтын күмбезі болған. Ашаршылықта оны сатып жіберген.
1916 жылы туды Шыңғыс атты төре көтеріп шыққан. Осы кісінің туды көтеруі жайлы әкелеріміз айтып отыратын: халық топтасып көтеріліс дүрбелеңі басталғанда Шыңғыс атамыз түс көреді. Оған сен ақбоз атпен туды көтеріп шығасың деп түсінде аян береді. Осындай дүрбелеңде Көкшетаудан қашып көтерілісшілерге қосылуға келген жиырма шақты азамат Шыңғыстың үйіне түсіп, бірі қосардағы ақбоз атын сыйға тартады. Шыңғыс осы ақбоз атқа мініп туды көтереді. Бір соғыста оқ туға, Шыңғыстың үстіндегі киімдерге бірнеше жерден тиеді, бірақ денесін жарақаттамайды. Осы көріністі қарттар таңданып айтып отыратын.
Осы туды төрелер әулетінде Шәкібай атты діндар атамыз, Қайқы атты әжеміз ұстапты. Туды дәреті бар адам ғана ұстаған.
Босана алмай жатқан әйелдер-
дің үйіне туды алып табалдырығынан аттағанда әйел босанған, малға індет болса, қораның бұрышына ақ матаның үстіне таза жерге туды қойса, індет тоқтаған.
Шыңғыс төреден кейін туды Саржан Есенгелдин ұстаған.
Ту ұстаған Саржан өте қайратты, батыл адам болған. Ту көтеріп тұрғанда қара санынан оқ тиіп, сол оқты кездігін отқа қыздырып отырып, аузына қамшының сабын тістеп өз денесінен өзі кесіп алған адам. 4-5 жылдан кейін жарасы асқынып өмірден өткен.
Саржанның баласы Темірғазы 2006 жылы 80 жасында Аманкелді ауданы орталығында дүниеден озды. Баласы сол ауданда тұрады.
Кейінгі кезде туға ие болушылар, біздің аталарымыздың туы еді деушілер кездесіп қалады. Тудың нақты кімнен жеткені белгісіз. Анық бір дерек – төрелер әулетінің туы екені анық. Сол туды кешегі Ұлт-азаттық көтерілісте Аманкелді Иманов көтеріп шыққан.
Ту не Кенесары ханнан, одан кейін елге келіп ағайынды аралаған Кенесарының баласы Сыздық сұлтаннан, не Орта жүз билеушісі Қайып ханнан қалуы мүмкін.
Жалпы, жасыл түсті, құбылмалы ту Абылай хан әулетінде болған. Ал Қайып хан Абылай ханның бәйбішесінен туған баласы болатын.
Шындыққа қиянат жасауға болмайды. Туды 1932 жылы өз қолымен көмген, 1965 жылы мамыр айының басында өзі бас болып жастарға қаздырып алған төре Сейітқасым Жамбылұлы болатын. Сол туды көрген Хайдар Әлекешов Арқалықта, қазып алушы Байзақ Байділдин Фурманов ауылында тұрады.
Туды 1960 жылы Жақып тауып тапсырды деп жалған жазылып, жаңсақ айтылып жүр.
Шындықты бұрмалап қиянат жасау – кешірілмес күнә. Бұл ту тек төрелер әулетінің туы ғана емес, барша азаттық үшін көтерілген қалың қазақтың туы болатын.
Шөптібай БАЙДІЛДИН,
өлкетанушы