Аймақтар • 08 Қазан, 2021

«Қаламнан туған қасиет»

342 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Павлодарда осындай атаумен әдеби жиын өтті. Оған Қазақстан Жазушылар одағынан арнайы делегация келіп қатысты. Өңірге ат басын тіреген қалам­герлер алдымен ұлы Абайдың ескерткішіне гүл шоқтарын қой­ды.

«Қаламнан туған қасиет»

Одан кейін одақтың жергілік­ті  филиалының жұмысымен танысты. Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет өңір­лік филиалдың жұмысын оң баға­лады.

– Талай мықтылар шыққан Ертіс-Баян өңірінен қазақ әде­биетінің бойына қан жүгір­тетін жастар қаулап келе жатыр. Әде­биетке жас толқын, жаңа күштің келуі қуантады. Кез келген бас­та­маға өз тара­пымыздан қолдау білдіруге әзір­міз. Жергілікті қа­лам­гер­лер­ді қолдап отырған облыс бас­шы­лығына алғысымыз зор, – деді Ұ.Есдәулет.

Жиында ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Арман Қанидың «Туған жер төсінде», «Кереку жырлары», «За­мандастар» кітаптарының ­жә­не жазушы Ғалымбек Жұма­товтың «Антивирус» сатиралық жинағының тұсаукесері өтті.

Сондай-ақ бұл күні жергілік­ті бес ақынға Қазақстан Жазу­шы­лар одағы мүшесінің куәлігі тапсырылды. Атап айтқанда, Бағдат Дүйсенов («Ар мен Ай» өлеңдер жинағының авторы), Бейбіт Бөжен («Өлеңдерім – өмірбаяным», «Ел – тұғыр»), Қуаныш Шарманов («Сиялы сыр», «Дәріс дәптерлері», «Төрт өрім»), Айбек Оралхан («Ал­ты аңғар»), Алпысбай Хонж («Әріпті соттау») және Еламан Қабділәшім («Өмірқос», «Өлең­баян») одаққа мүше болды.

Бұдан бөлек, Бұқар жырау атын­дағы облыстық әде­биет және өнер музейінде «Жа­­зушы Рама­зан Тоқтаров жә­не бүгінгі әдебиет» тақырыбында дөң­гелек үстел ұйым­дас­тыры­лып, музей қорында сақ­талған жазу­шының жеке затта­ры, домбырасы, қолжазбалары көрмеге қо­йылды. Музей директоры Ербол Қайыров құрметті қонақтарды өңір әдебиеті мен мәдениетінен мол мағлұмат бе­ретін жәдігерлер және құнды де­ректерге толы рухани орданың жұ­мысымен таныстырды.

– Жазушы Рамазан Тоқ­та-
­ров­тың есімі бізге жас кезіміз­ден таныс. Шығармаларын қалт жі­бермей оқыдық. Әсіресе, «Ба­­қыт», «Ертіс мұхитқа құя­ды», «Таңбалы жарғақтың құ­пиясы», «Абайдың жұмбағы», «Бақытты құлдық­тың ақыры», «Бітеу жара» деген ро­мандары қолдан-қолға өтіп оқы­латын шы­ғармалар еді. Ол кісімен 1983-1985 жылдары Мәс­кеудегі Горький атындағы әде­биет инс­титутының жоғары әде­би курс­тарында бірге оқыдық. Ол – проза бөлімі мен поэзия бө­лімі бойынша білім алдық. Екі жыл­да аға-іні ретінде өте жақ­сы араластық, – деді Ұлықбек Есдәулет.

Жиын барысында Рамазан Тоқтаров есімін Павлодар қала­сындағы көшелердің біріне бе­ру туралы ұсыныс айтылды. Қа­тысушылар бұл бастаманы қолдап, мәселенің оңынан шешілуіне сенім білдірді.

Мемлекеттік сыйлықтың иеге­рі Рамазан Тоқтаров облыс­тық бұрынғы «Қызыл ту», қа­зіргі «Сарыарқа самалы» газе­тінде қызмет еткен. 2002 жылы Павлодар қаласындағы өзі қыз­мет еткен облыстық газет редак­циясының ғимаратына мемо­риалдық тақта орнатылған болатын.