Спорт • 08 Қазан, 2021

Жәмила жарады!

443 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Норвегияның астанасы – Ослода күрес түрлерінен әлем чемпионаты жалғасуда. Бұл күндері барша жанкүйер қыздардың белдесулерін тамашалауда. Осы күнге дейін алты салмақ дәрежесі бойынша белдесулер мәресіне жетті. Дәл қазіргі кезде Жапония құрамасының қарқыны өте күшті.

Жәмила жарады!

Қазақстан құрама командасы мүшелері арасынан Айша Уәлишан (55 кило), Аяулым Қасымова (62 кило) және Елмира Сыздықова (76 кило) «ә» дегеннен сүрінді. Айша үндістандық Пинки Пинкиден жеңілді – 1:4. Аяулым украиналық Илона Прокоповюкке жол берді – 1:12. Елмира Сыздықованың мы­сырлық Самар Амер Ибрагим Хам­заға әлі жетпеді – 2:3. Одан кейін Асылзат Сағымбай (53 кило) молдовалық Юлия Леордан таза ұтылды. Айна Теміртасова (65 кило) румыниялық Кристина Тун­де Ингзеден басым түскенімен, ши­рек финалда жапониялық Мира Морикаваның осал тұсын таба алмады – 2:6. Десек те Асылзат пен Ай­наның қарсыластары ақтық сынға дейін алқынбай жетіп, біздің қыздар жұбаныш белдесулерінде бақ сынау мүмкіндігін сақтап қалды. Бірақ одан әріге олардың әлі жетпеді.

Есесіне бізді Жәмила Бақбер­генова қуантты. 72 кило салмақта күрескен қызымыз ширек финалда франциялық Ванэсса Весаннан 2:10 есебімен жеңіліп жатса да, жігері жасыған жоқ. Шешуші тұста ширек қимылдаған ол таразы басын теңестіріп қана қой­май, қарсыласының уысынан же­ңісті жұлып әкетті. Жартылай фи­нал­да Жәмила түркиялық Буса Кавусоглудың тас-талқанын шы­ғарды – 13:2. Осылайша, бас жүлде үшін таласу мүмкіндігіне ие болған қазақ қызы жапониялық Ма­сако Фуручимен күш сынасты. Сон­дай-ақ кеше Налуфар Раимова (57 кило) мен Диана Каюмова (59 кило) жұбаныш бәсекелерінде бақ сынады.

Осы күнге дейін алты салмақ дәрежесі бойынша жеңіс тұғырына көтерілген балуандардың есім­дері белгілі. Әзірге Жапония құра­ма­сы­ның қарқыны өте күшті. Күн­шығыс елінің өкілдері үш сал­мақта топ жарып, одан бөлек, бір күміс пен бір қола медальды олжалады. Екінші орында – АҚШ. Алыс­тағы Америкадан келген қыз­дардың біреуі алдына жан сал­маса, екеуі финалда ұтылды. Тағы екеуі үшінші сатыға табан тіреді. Үшінші орынды Молдова еншілеуде. Олар бір алтын мен бір күмісті иемденді. Қоржынында бір алтын мен бір қоласы бар Қыр­ғызстан төртінші сатыға тұрақ­тауда. Бесінші және алтыншы орындарды Германия мен Эстония еншілеуде. Бұл елдің өкілдері финалда ғана сүрінді.

Жоғарыда аталған командалар арасында Қырғызстан құрама­сының табысына таңданбау әрі тамсанбау мүмкін емес. Кеше ғана осы елдің еркін күрес шеберлері қос жүлдені иеленіп, жалпы есепте үздік алтылықтың қатарынан кө­рінсе, енді бүгін қыздары төрт­күл дүние жанкүйерлеріне таң­дай қаққызып отыр. Егер әлем чем­пионатының тарихына үңіл­сек, әйелдер күресінен олар күні бү­гінге дейін бір алтын мен бір қо­лаға ғана қол жеткізген екен. Екеуі де – Айсұлу Тыныбаеваның ен­шісінде. Қырғыздың бағына туған қыз 2017 жылы Парижде үшінші орынға табан тіресе, 2019 жылы Нұр-Сұлтанда алтыннан алқа тақты.

Ал Ослода Қырғызстан құра­масы үш жүлдені иеленіп, озық бес команданың қатарына еркін қо­сылды. Айсұлу қатарынан екінші мәрте әлем чемпионы атанса, Айпері Медетқызы қо­лаға қол созды. Ал кеше түнде Мээрим Жұманазарова ақтық сын­да айқасты. Егер ол алтын тұ­ғырға көтеріліп жатса, оған біз еш таң­данбаймыз. Өйткені Жұ­маназарованың өрелі өнерін біз өз көзі­мізбен көрдік. Жанкештілігі мен табандылығына сүйсіндік. Жеңіске деген құштарлығына тәнті болдық. Сондықтан да қыр­ғыз қызының бойында чемпион атануға қажетті қасиеттің барлығы да бар деп нық сеніммен айта аламыз. Бәрі біз ойлағандай болса, аталған мем­лекеттің әйелдер құрамасы командалық сайыс­та озық үштіктің қатарына қосыла­тыны айдан анық. Тіпті жапон балуанынан жеңіліп қалған жағ­дайдың өзінде Мээримге ешкім де өкпе айта алмайды. Биыл Токио Олимпиадасында қола ме­дальды мойнында жарқыратқан спорт­шы үшін әлемдік доданың кү­міс медалі де аз олжа емес.