Астындағы тұлпарының бабын тапқан батырлар дәстүрлі асық ату ойынында бақ сынаса, ал апайтөс балуандарымыз қазақ күресінің сәнін келтірмек. Ал шақар да шандоз шабандоздар күш пен білек және ақыл мен қайрат қатар топқа түсетін көкпар ойынында кімнің мықты екенін анықтамақ.
Республикамыздың түкпір-түкпірінен жиналған спортшылар – өз аймағында іріктеуден өтіп, үздіктер қатарынан табылғандар. Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының таңдаулы спортшылары ұлттық ойындарымыздың көркін қыздырмақ ниетте.
Жалпы алғанда 7 ойын түрінен жарыстар өткізу жоспарланған екен. Атап айтсақ, асық ату, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, аударыспақ, көкпар, жамбы ату, теңге ілу. Бұл – бабамыздан бізге жеткен асыл мұра, қазақтың қанына сіңген бәсекелі бәйгелер. Сондықтан әр өңірден өз бағын сынау үшін келген жалынды жігіттердің ерлігіне сүйсінуге болады.
Отыз жылдық торқалы тойға орайластырылған ұлан-ғайыр спорт шарасын ұйымдастыруға Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне қарасты «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» РМҚК мұрындық болып отырғанын да айта кетейік. Ұлттық ойындар қазақ мәдениетінің ажырамас бөлігі екені даусыз. Онда халықтың өмірі мен мінезі жатыр.
Денешынықтыру саласы – мемлекет саясаттының маңызды бөлігі. Әсіресе, ұлттық ойындарымыз ұлтты біріктіретін үлкен күшке ие.